Басты бет » Басты жаңалықтар » Ақтөбеде жүзуден Қазақстан чемпионаты басталды

Ақтөбеде жүзуден Қазақстан чемпионаты басталды

Сейсенбі күні Ақтөбе қаласындағы «Достық» су спорты кешенінде жүзуден Қазақстан Республикасының ашық чемпионаты басталды. Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресейден 250-ге жуық спортшы қатысып жатыр. Шараның ашылу салтанатына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, жарыстың құрметті қонақтары, жүзуден төрт дүркін Олимпиада чемпионы, Халықаралық Олимпиада Комитетінің құрметті мүшесі Александр Попов және Украинаның жүзуден құрама командасының бас жаттықтырушысы Андрей Сердинов қатысты.

Аталған чемпионат Ақтөбе қаласында осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа қатысушы спортшылардың ішінде жүзуден Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин де бар.

Шараның ашылуында сөз алған облыс басшысы Бердібек Сапарбаев:

— Ақтөбеде алғаш рет дүниежүзіне белгілі Олимпиада чемпиондарының қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өтті. Мұндағы мақсат — жастар арасында су спортын насихаттау.

Ал бүгін жүзуден Қазақстан чемпионаты бастау алғалы тұр. Бұл жарысқа Олимпида чемпионы Дмитрий Баландиннің, ақтөбелік белгілі спортшыларымыз Айбек пен Әлібек Қамзеновтердің, Диана Назарованың қатысуы біз үшін үлкен мерей. Сондай-ақ біздің арнайы шақыртуымызды қабыл алып, Ақтөбеде шеберліксағаттарын жүргізген құрметті қонақтарға алғысымызды білдіреміз, — деді.

Сонымен қатар шара кезінде жүзуден төрт дүркін Олимпиада чемпионы, Халықаралық Олимпиада Комитетінің құрметті мүшесі Александр Попов облыс басшылығына және жарысты ұйымдастырушыларға өз ризашылығын білдіріп, спортшыларға сәттілік тіледі.

Шараның ашылу рәсімінен кейін бірден алғашқы жүзу жарысы басталды. Ақтөбелік көрермендер Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландиннің жеңісіне куә болды. Ол 100 метрлік брасс әдісімен жүзу жарысында үздік өнер көрсетіп, мәре сызығына бірінші болып жетті. Ал екінші орынды жерлесіміз Айбек Қамзенов еншілесе, үшінші орынға Жамбыл облысының спортшысы Нұрдәулет Жұмағали ие болды.

Бұдан соң Дмитрий Баландиннің қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Олимпиада чемпионы жас спортшыларға кеңесін беріп, жетістіктерімен бөлісті.

— Бүгінде елімізде су спорты жақсы дамып келеді. Қазір балалар осы спорт түрін көп таңдайды. Бала кезімде Олимпиада чемпионы болу мақсаты

болған жоқ. Алайда, 2014 жылы жүзуден өткен рейтингі жоғары халықаралық турнирде ең жоғарғы нәтиже көрсеттім. Сол сәттен бастап неге Олимпиада ойындарының чемпионы болмасқа деген ой келді. Осы оймен ғана алға ұмтылып, жеңіске қол жеткіздім. Ендігі  басты мақсатым — Токио ойындарына қатысу, — деді Дмитрий Баландин.

Айта кетейік, аталған чемпионат 27 сәуірге дейін жалғасады. Жарыстың қорытындысы бойынша, үздік нәтиже көрсеткендер биыл

Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындары мен Аргентинада өтетін

жазғы Жастар Олимпиада ойындарына қатысуға жолдама алады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*