Басты бет » Жаңалықтар » Соғыс ардагерлері жеңіс күніне орай материалдық көмек алады

Соғыс ардагерлері жеңіс күніне орай материалдық көмек алады

Ақтөбелік ардагерлер биылғы Жеңіс күніне орай 180,6 миллион теңге көлемінде бір жолғы материалдық көмек алады. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласында тұратын Ұлы Отан соғысының 55 қатысушысы мен мүгедегіне 300 мың теңгеден (бір жолғы төлем 120 мың теңгені құрайды және сауықтыруға 180 мың теңге), Ұлы Отан соғысының Алға, Мәртөк, Мұғалжар және Хромтау аудандарында тұратын сегіз қатысушысы мен мүгедегіне 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін қаражат беріледі.

Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектерi және оларға теңестiрiлген адамдар берiлетiн жеңiлдiктер бойынша 50 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін, әскери қызметкерлердің жесірлері және тыл еңбеккерлері 12 мыңнан 15 мың теңгеге дейін алады.

Осы жылғы 24 сәуірдегі мәліметке сәйкес, облыста Ұлы Отан соғысының 63 қатысушысы мен мүгедегі және оларға теңестірілген 7574 тұлға, соның ішінде 6258 тыл еңбеккері тұрады.

Барлық ардагерлер өздеріне тиісті жеңілдіктермен қамтамасыз етілген. 6300 ардагерге жеңілдікпен дәрі-дәрмектер, ал 4 мыңына коммуналдық қызметтер төлеміне жеңілдіктер берілген. Жыл сайын 1 мамырдан 31  мамырға дейін Қазақстан Республикасының жолаушылар және қала маңы пойыздарында және ТМД елдері аумағында ҰОС қатысушылары мен мүгедектері үшін тегін пойыз бар.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 73 жылдық мерекесіне орай облыстың барлық аудандары мен Ақтөбе қаласында салтанатты шаралар өтеді. Осы ауқымда 1342 ардагерге 4,9 миллион теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетіледі.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*