Басты бет » Мәдениет » «Балауса» фестивалі: жүлдесіз қалған театр жоқ

«Балауса» фестивалі: жүлдесіз қалған театр жоқ

Ақтөбеде халықаралық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалі тәмамдалды. Үш күнге созылған өнер мерекесі көрнекті қаламгер әрі драматург, жерлесіміз Тахауи Ахтановтың 95 жылдығына орайластырылған-ды.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр ғимаратында өткен фестивальге еліміздің 7 труппасы —  Алматы мемлекеттік қуыршақ театры («Ана — Жер-Ана» қойылымы), Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры («Шыңырау» драмасы), Айгүл Иманбаеваның «А.И.» музыкалық театры («Федра» трагедиясы), Азамат Сатыбалдының «Театр 28» театры («Войцек» трагедиясы), Ресей Федерациясының А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры («Меня нет» спектаклі) және жергілікті Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры («Черная бурка» әфсанасы) мен облыстық «Алақай» қуыршақ театры («Тізгініңді босат та, құстай самға…» қойылымы) қатысып, қазақстандық және шетелдік авторлардың спектакльдерін сахналады. Ал олардың өнерін қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев бастаған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек, Ресейдің еңбек сіңірген артисі, А.Пушкин атындағы Орск драма театрының көркемдік жетекшісі Адгур Кове, Қырғыз Республикасының халық артисі, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Бусурман Одуракаев және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева бағалады. Құрметті қонақтардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, танымал актриса, жерлесіміз Лидия Кәденова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, режиссер Рахила Машурова, сондай-ақ, ресейлік театр және кино актері Дмитрий Дюжев болды. Соңғы аталған сахна саңлағы ақтөбеліктерге А.Пушкиннің «Евгений Онегин» моноспектаклін ұсынды.

Қазылар алқасының шешімімен «Жоғары кәсіби деңгейі үшін» аталымын облыстық «Алақай» қуыршақ театры, «Ең үздік дебюттік рөл» бойынша Алматы мемлекеттік қуыршақ театрының актрисасы Дамира Иса, «Екінші пландағы әйел бейнесі үшін» номинациясын А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театрының актрисасы Татьяна Потеряева, «Екінші пландағы ер адам бейнесі үшін» номинациясын Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының актері Уәлихан Кенжебаев, «Ең үздік режиссура» аталымы бойынша Дина Жұмабай, «Ең үздік әйел бейнесі үшін» аталымын «А.И» музыкалық театрының актрисасы  Айнұр Бермұхамбетова,  «Ең үздік ер адам бейнесі үшін» аталымын «Театр 28» театрының актері Азамат Сатыбалды жеңіп алса, ал «Ең үздік спектакль» болып  Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры сахналаған «Шыңырау» драмасы танылды. Әр номинация бойынша жеңімпаздарға дипломдар, фестивальдің арнаулы мүсіндері және 150-300 мың теңге аралығында ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Осылайша, театрдың ешқайсысы да атаусыз қалған жоқ. Марапаттау рәсімінің соңында қатысушылардың құрметіне сахнаға облыс әкімінің атынан Ықылас гүлі әкелінді.

«Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалі жанр жағынан, жаңғыру жағынан келгенде, басқа фестивальдермен салыстырғанда, өзгеше болды. Біздің қазақ театрлары, олардың режиссерлері мен актерлері және суретшілері, жалпы труппалардың биік шығармашылық жауапкершілігін көрдік. Осындай фестивальді ұйымдастырған облыс басшылығына рақметімізді айтамыз. Өйткені осындай заманда  ірі шараны өткізудің өзі оңай емес.

Барлық жүлдегерлерді, осындағы жастарды бүгінгі белесімен құттықтаймын. Қазақтың театр өнері жасай берсін! — деді қазылар алқасының төрағасы, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев.

Естеріңізге сала кетсек, «Балауса» фестивалінің тарихы 2016 жылдан басталады. Ақтөбе қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай республикалық жастар және студенттік театрлар арасындағы «Балауса» фестивалі өтсе, былтыр халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан драма театрлары арасындағы II республикалық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалі шымылдығын түрді. Биыл аталған фестиваль халықаралық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылды.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*