Басты бет » Жастар » Жобаға қатысқандар шәкіртақы алады

Жобаға қатысқандар шәкіртақы алады

Брифинг

Ақтөбе облысының өңірлік коммуникциялар қызметі орталығында әлеуметтік жобаларды дамытудың бағыттары таныстырылды.
Жиында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен дүниежүзілік банктің бірлескен «Жастар корпусын дамыту» жобасы ұсынылды. Енді ақтөбелік жастардың өздерінің әлеуметтік жобаларын дамыту үшін бір миллион теңге алуға мүмкіндіктері бар. Жобаның негізгі мақсаты — жастардың қоғамдық белсенділігін арттырып, тың ойларының жүзеге асуына көмектесу.
Аталған жобаны үйлестіру агенттігінің басшысы Вера Кимнің айтуынша, конкурстық комиссия өтінімдерді іріктеуден өткізеді де, сынақтан сүрінбеген жастарды курстарға шақырады. Курстарда оларды сыни тұрғыда ойлауға, іскерлік қарым-қатынасқа үйретіп, оқытады. Сондай-ақ жобаның қатысушылары 60 мың және 40 мың теңге мөлшерінде ай сайынғы шәкіртақы алады. Жобаға 14 жастан 29 жасқа дейінгі жастар қатыса алады.
— Бұл жоба өткен жылы басталды. Осы уақытқа дейін 1810 жас 536 әлеуметтік жобаны іске асырды. Биыл жобаға Ақтөбе облысынан бөлек, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстары қатысады, — деді В.Ким.
Жиын соңында облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Айбек Көпенов:
— Ақтөбе облысының жастары өте белсенді. Оның бір дәлелі, наурыз айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен «Менің арманым» атты жоба басталған болатын. Ақтөбе облысы республика бойынша 700-ден астам жоба дайындап, бірінші орынға шықты. Қазіргі таңда 300-ден астам жоба екінші кезеңге өтті. Бүгінгі «Жастар корпусын дамыту» жобасын аудандық жастар ресурстық орталықтарымен бірлесе атқаруға шақырамын. Бұл жобаға облыс әкімі тарпынан қолдау көрсетіледі және осы бағытта арнайы комиссия тобы құрылады, — деді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*