Басты бет » Мәдениет » Дәрігерлер құрылысқа 1 миллион теңге аударды

Дәрігерлер құрылысқа 1 миллион теңге аударды

А.Досжанова атындағы конференц-холда облыстың медицина қызметкерлері концерт ұйымдастырды. Мақсат — облыс орталығында салынып жатқан «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығының құрылысына қолдау білдіру. Дәрігерлер билеттен түскен бір миллион теңгені орталықтың құрылысына аударды.
Концертке қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев дәрігерлердің бастамасы көпке үлгі болатынын айтты.
— Ана — тірліктің тамыры. Батырды да, ақынды да дүниеге әкеледі, тәлім-тәрбие береді. Ол барлық мейірімін балаға арнайды. Біз барлығымыз анаға қарыздармыз. Сондықтан ананың қоғам алдындағы рөлін көтеру үшін жастарға, болашақ аналарға тәрбие беру үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұсынысымен «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығы салынып жатыр. Құрылыс бюджеттен тыс, қарапайым халықтың қаржысымен бой көтереді. Бүгін сіздер осы бастамаға алғашқы болып қолдау білдіріп отырсыздар. Сіздердің қолдауларыңызбен қаланың ортасында «Денсаулық» саябағы бой көтерді. Бірқатар құрылыс ғимараттары салынды. Дәрігерлердің бұндай ұйымшылдығы мен қоғамдық шараларға белсене қатысуы өзгелерге үлгі болады. Сіздерге алғысымыз шексіз, — деді облыс әкімінің орынбасары.
Концертке облыстағы барлық медицина ұйымдары белсене қатысты. Қаладағы емханаларда еңбек ететін дәрігерлер ән айтып, би биледі. Әсіресе, жас мамандар сахна көрігін қыздырды. «Ана туралы ән» «Ана туралы жыр», «Асыл анам» секілді әндер орындалды. Жастар өлең оқыды. Бейнекөрініс арқылы облысқа танымал дәрігерлердің аналарының суреті көрсетілді. Аудандардан да дәрігерлер келді. Олар да өз өнерлерін ортаға салды. Мәртөк ауданынан келген Маржан Қоспамбетова 35 жыл бала дәрігері болып еңбек етіпті. Қазір зейнет жасында, немерелерін тәрбиелеп отыр. Бір қызы өзінің жолын қуып, дәрігер болыпты.
— Концертке арнайы Мәртөктен келдім. Бейнекөріністе өзімнің анамның суретін көріп көңілім босады. Мен екі анадан тәрбие алған адаммын. Бірі өз анам болса, екіншісі — енем. Сол кісілер маған отбасының ауызбіршілігін сақтау, тума-туыстың жылы қатынасын суытпау секілді тәлім-тәрбие берді. Солардан алған өнегені қазір өз балаларыма үйретіп жатырмын. Қазақ әу бастан үлкенді сыйлаған. Қазіргі жастар ата-ананы құрметтесе, қамқоршы болса, еліміздің де болашағы зор болады. Ақтөбеде салынып жатқан «Аналарға тағзым» орталығы жасөспірімдерді осындай өнегеге баулиды деп ойлаймын. Бұндай бастаманы қолдау керек. Өте құптарлық іс, — деген дәрігер осындай шараны ұйымдастырған облыстық денсаулық сақтау басқармасына алғысын айтты.
Концерттің соңында Ербол Нұрғалиев қоғамдық өмірге белсене араласып, медицина саласының ілгері басуына өз үлесін қосып жүрген бірқатар қызметкерлерді марапаттады.
Жалпы бұндай қайырымдылық шарасын облыстық денсаулық сақтау басқармасы жыл сайын өткізеді. Бұған дейінгі концерттен түскен ақша мүмкіндігі шектеулі ересектер мен балалардың емі үшін жұмсалды. Мәселен, мүгедек баласы бар жалғызбасты аналарға, әлеуметтік жағдайы жоқ отбасыларға қаржы бөлініп берілді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*