Басты бет » Басты жаңалықтар » Саф өнердің сиқыры

Саф өнердің сиқыры

«МӘДЕНИ ҚАЗЫНАЛАРЫМЫЗДЫ ӘЛЕМ ЖҰРТШЫЛЫҒЫНА ТАНЫСТЫРУДЫҢ МҮЛДЕ ЖАҢА ТӘСІЛДЕРІН ОЙЛАСТЫРУ КЕРЕК. МӘДЕНИ ӨНІМДЕРІМІЗ ТЕК КІТАП ТҮРІНДЕ ЕМЕС, ӘРТҮРЛІ МУЛЬТИМЕДИАЛЫҚ ТӘСІЛДЕРМЕН ДЕ ШЫҚҚАНЫ АБЗАЛ».

ЕЛБАСЫ Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан.

Ертең Ақтөбеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалі басталады

 Үш күнге созылатын өнер мерекесі Елбасының жоғарыда аталған бағдарламасының «Жаһандық өмірдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» арнайы жобасы аясында ұйымдастырылып отыр. Көрнекті қаламгер әрі драматург Тахауи Ахтановтың 95 жылдығына орайластырылған өңірдегі мұндай ірі ауқымдағы халықаралық шара драма театрлар арасында алғаш рет өткізілмек.

 7 театр және «Евгений Онегин»

20-22 сәуір күндері аралығында Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театр ғимаратында өтетін фестивальдің қай жағынан да шоқтығы биік. Өнер ордасының атын иеленген жерлесіміздің атаулы датасына арналған мәдени шараның мақсаты — ел Президентінің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жаһандық өмірдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» жобасы бойынша ұлттық мәдениеттің заманауи дамуының жетістігімен барша халықты таныстыру және заманауи театр әлемінің шығармашылығын паш ету. Ұйымдастырушылар бұл арқылы театр ұжымдары арасындағы байланысты одан сайын нығайтып, сахна өнеріндегі жаңа бағыттарды бірге саралауды және көздейді.

Фестиваль қатысушыларына келсек, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры, «А.И.» музыкалық театры, «Театр 28» театры, Ресей Федерациясының А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театры және жергілікті Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры мен облыстық «Алақай» қуыршақ театры, яғни бас-аяғы 7 труппа бақ пен бабын ортаға салмақ. Алыс-жақын жерден келген актерлер қазақстандық және шетелдік авторлардың  заманауи һәм эксперименттік спектакльдерін сахналағалы отыр. Олардан бөлек, фестивальге Ресей мен Қырғыз елдерінен құрметті қонақтар келеді деп күтілуде. Солардың арасынан танымал ресейлік театр және кино актері Дмитрий Дюжевті айрықша атап өтуге болады. Сахна саңлағы А.Пушкиннің «Евгений Онегин» моноспектаклінде басты рөлді сомдамақ.

Ал фестивальге қатысушылардың өнерін қазылар алқасының төрағасы,

Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев бастаған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көркемдік жетекшісі Еркін Жуасбек, Ресейдің еңбек сіңірген артисі, А.Пушкин атындағы Орск драма театрының көркемдік жетекшісі Адгур Кове, Қырғыз Республикасының халық артисі, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Бусурман Одуракаев және облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева бағалайды.

Драмадан трагикомедияға дейін…

Фестиваль, оның үстіне ол экспериментальды болса, көрерменді әртүрлі әсерге бөлеуі бек мүмкін. Театр сүйер қауымға арналған мұндай шараның басты ерекшелігі де осы. Биылғы «Балаусаның» мазмұнына қарап, ақтөбеліктер әрқилы жанрдағы спектакльдерді тамашалайды деуге толық негіз бар…

Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры М.Горькийдің шығармасының желісі бойынша (қазақ тіліне аударған — Е.Оспанов) қойылған «Шыңырау» драмасын ұсынбақ. Қоюшы-режиссері — Данияр Базарқұлов. Қойылымның қысқаша мазмұнына тоқталсақ, шығармашылық топ «Адам деген кім, ал шындық ше?» деген сауалдарға жауап іздеуге тырысады… Жақсылық та, жамандық та адамның бойынан табылатынын сахнадан әсерлі сөз бен қимыл-қозғалыстар арқылы жеткізуді мұрат тұтқан туындының ұзақтығы 2 сағатқа жуықтайды. 9 актер ойнайтын спектакльдің түйіні көрерменді әртүрлі ойға жетелейтіні хақ…

Еліміздегі тұңғыш қуыршақ театры — Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрының үлкен дайындықпен келе жатқанын таңдап алған қойылымынан-ақ байқауға болады.  83 жылдық тарихы бар труппа Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесінің желісі бойынша жазылған «Ана — Жер-Ана» қойылымын сахналамақ. Спектакльдің аты ғана емес, заты да салмақты: «Олар сұм соғыстың жолында жастық шақтарын, асқақ армандарын, ажарын берді. Құлаған қайың қайта көктеп, тапталған егін қайта жайқалып, жер «жарасы» жазылса да, ол жолда құрбан болғандар қайтып келмеді… Ана — мәңгіліктің символы. Төрт бірдей азаматын Жер-Ананың қойнына тапсырған Толғанай бейнесі қойылым барысында көрерменді төзімділік һәм қайсарлыққа шақырады. Қиын-қыстау уақыттағы бір отбасының тағдыры ешкімді бейжай қалдырмайды» делінген қысқаша мазмұнында. Сөзсіз, қуыршақ театры үшін бұл — кесек туынды. Бұл жүкті артистердің қандай дәрежеде алып шығатыны 22 сәуір күні белгілі болады…

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 «Балауса» фестивалінің тарихы 2016 жылдан басталады. Ақтөбе қаласында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай республикалық жастар және студенттік театрлар арасындағы «Балауса» фестивалі өтсе, былтыр «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесі аясында Қазақстан драма театрлары арасындағы II республикалық «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалі шымылдығын түрді. Биыл аталған фестиваль халықаралық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Иманбаеваның «А.И.» музыкалық театры да фестивальде сынға түседі. Жекеменшік өнер ұжымы ақтөбеліктерге Ж.Расиннің «Федра» трагедиясымен келе жатыр. Қойылым өгей шешенің (Федра) ұлы Ипполитке, яғни Афина патшасы — Тесейдің ұлына деген азапты махаббаты туралы сыр шертеді. Айтпақшы, астаналық артистердің ұсынған «Федрасының» бүгінге дейін жеткен жетістіктері аз емес: былтыр Астана қаласында өткен Қайрат Сүгірбеков атындағы  I республикалық жас режиссерлердің форум-фестивалінде II орын алса, биыл 2-8 наурыз күндері аралығында Ресейдің Челябі қаласында өткен VI халықаралық кіші театр форум-фестивалінде атаулы сыйлыққа ие болыпты.

Ғашықтар арасындағы қызғаныш сезімі — «Войцех» трагедиясының өзегі. Кейде екі жастың арасындағы осынау сезім адамның ойына келмейтін қулық-сұмдықтарды жасауына итермелеуі мүмкін… Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалдының жекеменшік театры осы жөніндегі спектакльді жұртшылық назарына ұсынбақ. Сүйген әйеліне сұқтанғандарды кейіпкер қалай тәубесіне түсіреді? Көркем туындыға арқау болған оқиғаның немен аяқталатынын білгіңіз келсе, «Театр 28» театрының спектакліне асығыңыз!

Фестивальге өзіміздің театрлар да атсалысады. Ахтанов театрының орыс труппасы осы қыз мезгілінде ғана премьерасы өткен Г.Хугаевтың «Черная бурка» спектаклімен бәйгеге түскелі отыр.

— Бұл спектакльдің қазақша нұсқасы «Қара шекпен» деген атаумен бірер жылда Алматыда сахналанған еді. Ал орыс тіліндегі аталған қойылым биыл Қазақстанда алғаш рет ұсынылды. Өзіне тән өзгерістері бар, формасы да басқа. Қойылымда адам бойындағы барлық қасиеттерді көруге болады. Басты идея — біздердің, яғни адамдардың қандай деңгейде қатыгез, мейірімсіз болып кеткенімізді көрсету, — дейді спектакльдің қоюшы-режиссері Данияр Базарқұлов.

Тағы бір өнерлі жерлестеріміз — облыстық «Алақай» қуыршақ театрының артистері режиссер С.Балыковтың «Отпусти поводья и лети!» спектаклін сахналамақ. Халық ертегісінің желісі бойынша қойылған шығармада батырдың елін қорғаудағы бастан кешкен оқиғалары қамтылған.

Сондай-ақ, «Балауса» фестивалі аясында А.Пушкин атындағы Орск мемлекеттік драма театрының «Меня нет» (авторы — Людмила Духанина) қойылымын көре аласыздар.

 НЕ ДЕЙСІЗ?

Ақтөбеде өтетін халықаралық театр фестивалі қарсаңында біз ұйымдастырушылар мен қатысушыларды сөзге тартып, олардың ой-пікірін білген едік.

Маржан ҚОРҒАНБАЕВА,

облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы:

— Осымен үшінші рет өткелі отырған «Балауса» экспериментальды қойылымдар фестивалінің биылғы басты ерекшелігі — халықаралық деңгейде ұйымдастырылуы. Сосын бұған қатысатын театрлар да іріктеуден өтті. Яғни алдын ала сараптау жұмыстарын жүргіздік. Меніңше, осының бәрін ескере келгенде, ақтөбелік театр сүйер қауым үшін бұның сүйініші көп болады деп ойлаймын.

Сондай-ақ, фестиваль аясында қойылатын ресейлік актер Дмитрий Дюжевтің моноспектаклі де жерлес актерлер мен қонақтарға қызықты болады деген ойдамын. Бұны шеберлік сағаты десек, әбден жарасар.

Тағы бір жаңалық ретінде театр ғимаратында Тахауи Ахтановтың ескерткіш-бюстінің ашылуын атап өтуге болады. Бұны көрермен қауым мерейтой иесіне жасаған азды-көпті құрметіміз деп білер.

Жалпы, осы фестиваль қатысушыларының қай-қайсысы да еліне құр қол қайтпайды, барлығының еңбегін елеп-ескеруге тырысамыз. Өнерпаздарға дайындалған жүлде қоры да айтуға тұрарлық.

Данияр БАЗАРҚҰЛОВ,

Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері:

— Бір қызығы, «Балаусаға» мен режиссерлік еткен қатарынан екі қойылымым «қатысқалы» отыр. Олар — «Черная бурка» мен «Шыңырау» спектакльдері. Сондықтан жауапкершілік жүгі екі есе десем болады. Екі ұжымның да ойдағыдай ойнап шығуына тілектеспін.

Менің ойымша, осындай мәдени шаралар артистердің шығармашылық тұрғыда өсуіне жол ашады. Бұл орталықтағы да, аймақтағы да театрларға қатысты. Бір жағынан, көрермендерге де ұмытылмас әсер сыйлайтынына сенімім кәміл. Ендеше, театр фестивалі сәтті өтсін деген тілек білдіремін.

Әсия ҚҰРМАНАЛИНА,

облыстық «Алақай» қуыршақ театрының директоры:

— Шыны керек, фестивальге қуыршақ театрының қатысып отырғанына қуаныштымын. Біз былтыр да бағымызды сынағанбыз. Алматылық әріптестерімізді осында көргеніме ризамын. Бұл біздің кәсіби тұрғыда өсіп-жетілуімізге сеп болады.

Ұсынған шығармамызға келсек, оның айтар ойы бөлек, салмақты. Философиялық ойларға құрылған қойылымда адамның қорқынышты жеңе білуі керектігі, өмірде бәрі өткінші екендігі айтылады.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*