Басты бет » Әлеумет » Ғалымдар жамағатпен кездесті
Сурет: nurgasyr.kz сайтынан

Ғалымдар жамағатпен кездесті

9-14 сәуір аралығында дін өкілдері «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша Ақтөбе қаласында, Темір ауданында бірқатар шаралар өткізді. Ақпараттық топ құрамында Ақтөбеге іссапармен келген ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Шоқанов пен «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам Мәдениеті университетінің докторанты Оралхан Сейдмановтар да бар. 

Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, діни басқарма өкілдері алдымен Ақтөбе қаласына аялдап, облыс орталығында салынатын «Ақтөбе медресесі» колледжінің жаңа ғимаратының құрылыс жобасымен танысты. Өкіл имам Төлеби Оспан және колледж директоры Әбдімүтәлі Дәуренбеков құрылыс жұмыстары демеушілер тарту арқылы жүзеге асатындығын айтып, жоба бойынша діни қызметкерлерге арналған әлеуметтік баспана, спорт кешені, басқа да нысандар болатынын айтты. Басқарма өкілдері медресе шәкірттерімен, ұстаздарымен сұхбаттасып, пікір алмасты.

Ауданға сапар барысында топ мүшелері тұрғындармен, мемлекеттік мекеме, мектеп ұжымдарымен кездесулер өтті. ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов діни басқарма бекіткен «Ислам және отбасы» жылы аясында отбасы құндылықтарының дәріптелуіне ерекше басымдық берді. Аудан әкімдігінде өткен «Дәстүр. Дін. Руханият» атты форумда отбасы құндылықтары, дін және қоғаммен байланыс, адами капиталды дамыту, отбасы институтын жетілдіру тақырыптары талқыланды. Форумға аудан имамдары, дін өкілдері, барлығы 150-ден аса адам қатысты. Сонымен бірге діни басқарма бекіткен «Ислам және отбасы» жылы аясында арнайы көшпелі семинар ұйымдастырылды. Сансызбай Шоқанов имамдарға отбасы құндылықтары жөнінде арнайы дәріс оқып, ер мен әйелдің міндеті, исламда баяндалған отбасы жарасымдылығын сақтаудың маңыздылығын айтты.

Докторант ғалымдар Ақтөбе, Темір ауданы мешіттерінің жамағаттарымен жүздесті. «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде «Адамдар арасындағы қарым-қатынас», «Жамағат тұтастығын сақтау», «Әртүрлі дін өкілдерінің өзара түсінісіп, бейбіт мәміле жасауы» сынды тақырыптар талқыланды.

Сансызбай Шоқанов Темір аудандық мешітінде 4 рет кездесу өткізді. 25 қала, аудан имамдарының қатысуымен өткен сұхбатта діни қызмет сапасын жетілдіру, жауапкершілікті арттыру, салафилік ағымның зардаптары, қателіктері, отбасы жарасымын сақтау, бала тәрбиесі сынды тақырыптар талқыланды. Жұма уағызы кезінде ғалымдар Исра мен Миғраж оқиғаларының мән-маңызын баяндады.

Ал докторант Оралхан Сейдманов ауданның төрт мешітінде  жалпы және жеке кездесулер өткізді. Теолог Темір қаласы мешітінің имамдары мен діни қызметкерлеріне «Дінге қызмет» тақырыбында шағын насихат айтты. Темір аудандық және Шұбарши ауылдық мешіттерінің жамағаттарымен жүздесіп, пікір алмасты. «Қоғам игілігі үшін қызмет ету», «Алланың хақысында ілімсіз таласу», «Нәпсіні тәрбиелеу жолдары» тақырыптарында насихат жүргізді. Сондай-ақ, Шұбарши кәсіпшілігі мешітінің де тыныс-тіршілігімен танысып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Шұбарқұдық айналым депосында жат ағым өкілдерімен 4 мәрте жалпы кездесу өткізілді. Сансызбай Шоқанов кездесулерде «Отбасы берекесін сақтау», «Ата-ананың қадірі», «Талақ мәселесі», «Талақ айтудың шарттары» тақырыптарында түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, теолог Оралхан Сейдманов салафизм синдромы, жат ағымның дәстүрді мойындамауы, фанатизмге берілуі секілді белгілеріне тоқталды.

Бұдан бөлек теолог Оралхан Сейдманов Шұбарши мектебінде оқушылармен, олардың ата-аналарымен кездесіп, ата-анаға қарсы сөйлемеу, батасын, разылығын алу, үлкенді құрметтеу турасында әдемі әңгіме айтылды. Сондай-ақ, жастарға жат ағымнан сақтану үшін діни мәліметті рұқсат етілген дереккөзден алу керектігі ескертілді.

Бес күннің қорытындысы бойынша докторант ғалымдар Ақтөбе қаласында 1700 адамның қатысуымен кездесулер өткізді. Темір ауданында 84 іс-шара ұйымдастырылып, онда 5000-ға жуық адам қамтылды.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*