Басты бет » Мереке » Наурыз мейрамы бір ай бойы тойланды

Наурыз мейрамы бір ай бойы тойланды

Марапаттау

Өткен сенбі күні Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта «Наурыз! Береке! Бірлік!» атты Наурыз мерекесі айлығын қорытындылау мақсатында марапаттау рәсімі және гала-концерт ұйымдастырылды.  
Облыс әкімі бекіткен «Наурыз мейрамы — 2018» айлығының негізгі мақсаты — ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды кеңінен насихаттау, жаңғырту, келешек ұрпақтың санасына сіңіру.

Ағымдағы жылдың 14 наурыз және 14 сәуір аралығында барлық аудандар мен облыс орталығындағы мәдениет, білім, спорт мекемелерінің ұйымдастыруымен барлығы 400-ден астам шара өтті.

— Облыс әкімінің бастамасымен облыста алғаш рет Наурыз мейрамы бір ай бойы тойланды. Алғашқы күніміз көрісумен басталды. Білім саласы мекемелері — 247, мәдениет мекемелері — 80,  спорт мекемелері — 15, бес селолық округ 70 шара ұйымдастырды, — деді Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алтынай Юнисова.

Шара кезінде Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова қала тұрғындарын мерекемен құттықтады. Сондай-ақ 22 наурыз күнгі шараларға 30 мыңға жуық ақтөбелік қатысып, 105 кәсіпкер атсалысқанын атап өтті. Бұдан соң

«Наурыз мейрамы — 2018» айлығы аясында белсене қатысқан кәсіпорындарды Ақтөбе қаласы әкімінің атынан Алғыс хаттармен марапаттады. Олардың қатарында Ақтөбе әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы, Қазақстан теміржолы ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының облыстық филиалы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, «СНПС-Ақтөбе мұнай-газ» акционерлік қоғамы, «Қазақойл Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты, облыстық іскер әйелдер кеңесі, т.б ұжымдар бар. Барлығы 38 мекеме марапатталды.

Шара соңында қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары би билеп, әннен шашу шашты. Қала тұрғындарына наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*