Басты бет » Әлеумет » Жамағатпен жүздесті
Сурет: nurgasyr.kz сайтынан

Жамағатпен жүздесті

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын жүзеге асыруға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қызметкерлері де үлес қосып отыр.

ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов жоба аясында Ақтөбе қаласында бірқатар кездесулер өткізді. Ол алдымен облыс орталығында салынатын «Ақтөбе медресесі» колледжінің жаңа ғимаратының құрылыс жобасымен танысты. Сонымен қатар, медресе шәкірттерімен, ұстаздарымен сұхбаттасып, пікір алмасты. Оларға білім үйренудің пайдасы мен артықшылығы туралы айтып, бүгінде білікті кадр даярлау, діни қызмет сапасын жетілдірудің — діни басқарманың күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі екендігін атап көрсетті.

Сансызбай Шоқанов «Нұр Ғасыр» облыстық орталық мешітінде ақтөбелік жамағатпен жүздесіп, «Адамдар арасындағы қарым-қатынас» тақырыбында уағыз-насихат айтты. Жамағат тұтастығын сақтау, әртүрлі дін өкілдерінің өзара түсінісіп, бейбіт мәміле жасауы турасында баяндап, ислам тарихынан тамаша мысалдар келтірді. Сұхбатқа 300-ге жуық жамағат қатысты.

Сондай-ақ, Сансызбай Шоқанов пен «Нұр Мүбәрак» Египет ислам мәдениеті университетінің докторанты, республикалық ақпараттық-насихаттық топ мүшесі Оралхан Сейдманов Темір ауданында да бірқатар кездесулер өткізді.

Темір ауданы орталығында ҚМДБ бекіткен «Ислам және отбасы» жылы аясында арнайы көшпелі семинар ұйымдастырылды. ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, Ғұламалар кеңесінің мүшесі Сансызбай Шоқанов имамдарға отбасы құндылықтары жөнінде арнайы дәріс оқып, ер мен әйелдің міндеті, исламда баяндалған жанұя жарасымдылығын сақтаудың шарттары туралы айтты. Семинардың басты тақырыбы аясында өкіл имам Төлеби Оспан дін мен дәстүрдің үндестігі, бабаларымыз ұстанған дәстүрлі дін жолы — ұлт руханияттың басты тетігі, рухани жаңғыруымыздың кілті екендігін айтты. Көшпелі семинар ауданның бірнеше елді мекендерінде жалғасты.

Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*