Басты бет » Жаңалықтар » Астана мен Алматы — тәуелсіздігіміздің тірегі

Астана мен Алматы — тәуелсіздігіміздің тірегі

Шәмшат ЖҰБАЙ,

Шығармашылық академиясының директоры

Жыл артқан сайын құтты мекеніміз Ақтөбе өсіп-өркендеп, дамып келеді. Соңғы жылдары қала аумағы үлкейіп, халықтың саны артып, зәулім үйлер мен әсем ғимараттар салынуда. Қазір жергілікті атқарушы органдарда жұмыстың ауқымы көбейді, алға қойған жоспарлар да көп. Осыған орай биыл қала қызметін оңтайландыру мақсатында Ақтөбе қаласын екі ауданға бөлу және бұл екі ауданға Астана және Алматы атауларын беру туралы шешім қабылданды.

Мен бұл қадамды қолдай отырып, екі ауданға Астана және Алматы атауын беру дұрыс шешім деп ойлаймын. Себебі Алматы қаласы оңтүстік астанамыз болса, Астана — еліміздің бас қаласы. Бұл екі қала —  ел тәуелсіздігінің тірегі, куәсі.

Биыл Астана қаласына 20 жыл толады. Осы мерейтойға орай қаланың бір ауданына Астана атауын берсе, жарасымды емес пе? Сондай-ақ Ақтөбенің екі ауданына қос астанамыздың атауын берсе, біріншіден, олардың өркендеу, даму жолы қаламызға үлгі болады, екіншіден, екі астанамыз біздің өңірге, шаһарымызға жақындай түседі деп ойлаймын.

Ғалым ДӘУЛЕТАЛИН,

құқық қорғау органының ардагері.

Ақтөбе — еліміздің батысындағы ең үлкен шаһар. Мұндай ірі қалада екі бірдей ауданның құрылуы —  қуанарлық жағдай. Әрине, аудан құрылған соң, оған атау керек.

Еліміздің батыс аймағының орталығы саналатын Ақтөбедегі бұл екі ауданға Астана мен Алматы деп атау беру — өте дұрыс таңдау, өте дұрыс шешім. Екі шаһардың да әр қазақстандық үшін маңызы зор. Ел жүрегі — Астана егемендік жылдары Мемлекет басшысы тұрғызған астанамыз болса, гүл жайнаған, әсем қала Алматыдан ақтөбеліктердің көпшілігі білім алды. Соның бірі — өзім. Сол себепті екі атау да көңілге қонымды деп ойлаймын. Бұл екі ұғым да еліміздің мәртебесін айшықтай түсер атаулар.

Валентина ДЫННИК,

«Алеся» белорустар этномәдени қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Қаламыздың екі ауданға бөлінуі — біз көптен күткен жағымды жаңалық. Мен 15 жыл бойы бау-бақша егушілер қоғамына жетекшілік етіп, халықпен тығыз жұмыс жасадым. Қалалық әкімдік қызметкерлері жұмыс барысында халықтың сұранысын толық қанағаттандыруға үлгере алмай жатады. Ал жаңа аудандардың құрылуы халықтың күнделікті мәселелерінің тез шешілуіне игі әсерін тигізеді. Сондықтан бұл жаңалық бізді қатты қуантқанын айрықша айтқым келеді.

Бұл өзгеріс халыққа қызмет көрсету сапасын көтерумен қатар, қаланың көркеюі мен жедел дамуына да ықпалын тигізері анық.

Жаңа аудандарға Астана мен Алматы атауларын беру туралы ұсынысқа келсек, бұл атаулардың мән-мағынасы зор. Сондықтан мен бұл шешімді қуаттаймын.

Нұрболат ҒАББАСОВ,

№31 қазақ орта

мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Ақтөбе қаласы.

Ақтөбе қаласын жаңа аудандарға бөліп, Астана және Алматы атауын беру — мән-маңызы зор жаңа бастама. Еліміздің мемлекеттік-саяси даму тарихында бұл екі қаланың алар орны ерекше.

Күннен-күнге қарыштап дамып, гүлденіп келе жатқан арайлы Ақтөбемізде жаңадан құрылғалы жатқан аудандарға мұндай атау беру әбден лайықты іс әрі сол аудандарда мекен еткен азаматтардың мақтанышына айналары анық. Мұндай атауларға ие аудандарымыздың экономикалық жағдайы жоғары деңгейден көрінері хақ. Халықтың игілігі мен ел мүддесі үшін жаңа бастамалар туындаса, біз әрқашан қолдауға дайынбыз!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*