Басты бет » Мәдениет » Халық театрлары Ақтөбеде бас қосты

Халық театрлары Ақтөбеде бас қосты

Ақтөбеде «Театр — өнердің ұлы көші» атты халық театрларының Х аймақтық фестивалі өтті. 

Тахауи Ахтановтың туғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған биылғы фестивальда тек мерейтой иесі емес, сонымен қатар ақын Қуандық Шаңғытбаевтың шығармашылығын насихаттау да көзделген.

— Бірі жазушы, бірі ақын Тахауи мен Қуандық ағаларымыз — бір өңірден түлеп ұшып, өмір бойы бір-біріне жанашыр болып, үлкен достықтың үлгісін көрсетіп өткен жандар. Ақтөбенің көрнекті жеріндегі еңселі ескерткіште олар жұп жазбай, бірге тұр. Сондықтан фестивальда екеуінің де шығармалары қатар қойылса деп шештік, — деді ұйымдастырушы тараптың, яғни облыстық халық шығармашылығы орталығының баспасөз қызметкері Гүлнәр Сейталина.

Фестивальға қатысушылар да алдымен Т.Ахтанов пен Қ.Шаңғытбаев ескерткіштері түбінде бас қосты.

Осы жерде өткен жиында сөз сөйлеген белгілі ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ертай Ашықбаев:

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында алға қойылған негізгі мақсат — ұлттық ерекшелігімізді сақтай отырып, көш басындағы елдермен барлық салада, соның ішінде мәдениетте де иық түйістіріп, теңесу болса, бізді сол озық жұрттармен теңестіретін өнердің бір түрі — театр. Өкінішке қарай, кеңестік заманда Қазақстандағы облыс орталықтарының кейбірінде қазақ театрлары мүлде болмады, ал бар театрлар бірте-бірте жабылып қалды. Сол тұста театр өнерінің жүгін көтерген, осы өнерді насихаттаған халық театрлары еді, — деді.

Сонымен қатар Ертай Ашықбаев:

— Қазақта ақын мен жазушы көп, бірақ драматургтер аз. Сол аз драматургтің екі көрнекті өкілі, Қазақстанның халық жазушысы Қуандық Шаңғытбаев пен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тахауи Ахтановтың біздің топырағымызда туғаны — үлкен мерей, — деп атап көрсетіп, фестивальға қатысушыларға сәттіліктер тіледі.

Ал фестивальға қатысушылар атынан Сағидолла Яқыпұлы сөз сөйледі. Соңынан ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Т.Ахтанов атындағы драма театры ғимараты алдында өткен фестивальдің ашылу салтанатында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева айтқандай, облыстағы Мәдениет үйлері мен клубтар жанында 150 драма үйірмесі бар. Олардың 16-сы — халық театрлары. Облысымыздағы халық театрларының тарихы әріде: мысалы, Ырғыздағы халық театры — 1934 жылы, ал Ойыл аудандық халық театры 1935 жылы құрылған.

«Театр — өнердің ұлы көші» Х аймақтық фестиваліне облысымыздың 8 ауданынан, сондай-ақ Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарынан халық театрлары қатысты. Қазылар алқасы құрамында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының режиссері Данияр Базарқұлов, театр және кино актері Ақберген Жұмабаев, «Алақай» облыстық қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманәлина және Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының директоры Нұрхан Кәдірбаев болды.

Халық театрлары Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында екі күн бойы өнер көрсетті. Олардың өнерін тамашалауға келген көрермендер қарасы да қалың болды. Театрлар Т.Ахтановтың «Арылу», «Күтпеген кездесу», «Әке мен бала», «Боран», «Махаббат мұңы» драмалық шығармалары мен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!» комедиясын ұсынды. Ауылдан келген бір ұжым — Байғанин ауданының Оймауыт халық театры Т.Ахтановтың «Әке мен бала» спектаклін көрсетті. Бұл шығармаларда көтерілген мәселелер әлі күнге дейін өзектілігін жоймай келеді.

Қазылар алқасы әр қойылымнан кейін, актерлер ойыны, сахнаның безендірілуі, әзірлік деңгейі, т.б. мәселелерге қатысты ой-пікірлерін ортаға салды.

Сондай-ақ, біз халық театрлары жетекшілерінің өздерімен де пікірлесіп, театрлардың бүгінгі хал-жағдайын сұрадық. Өткен, яғни халық театрларының ІХ аймақтық фестивалінің жеңімпазы — Шалқар аудандық халық театры режиссерінің міндетін атқарушы Асылхан Дәрібаев актер тарту мәселесінің жылдан-жылға қиынға түсіп отырғанын айтады:

— Халық театрларына бұрынғыдай әр сала еңбеккерлері арасынан талантты, талапты жандарды таңдап шақыруға мүмкіндік бола бермейді. Өйткені, қазір қай салада да қауырт тірлік, әркімнің өз шаруасы жеткілікті… Бір қойылымды тастай ғып әзірлеп қойған адамдарыңның бірінен айырылсаң, бәрін қайта бастауға тура келеді. Дегенмен, өнерге ерекше ықыласы құлаған жандардың арқасында халық театрлары өз жұмыстарын жалғастырып келеді. Біз жылына 3-4 жаңа қойылым әзірлеп, ауыл-ауылдарды аралап, өнер көрсетеміз. Өткен жылы Сая Қасымбектің «Бала кімдікі?» комедиясымен облыс орталығында өнер көрсетудің де сәті түсті, — деді ол.

Ал Атырау облысының Қызылқоға аудандық халық театрының режиссері, ҚР мәдениет қайраткері Сағидолла Яқыпұлы:

— Мен 1975 жылы Ақтөбенің мәдени-ағарту училищесінің режиссерлік бөлімін Дихан Жәлекеновтің класы бойынша бітіріп шықтым. Қазіргі Тахауи Ахтанов атындағы театр ғимараты да мен үшін ыстық ұя. Ол кезде мұнда қалалық Мәдениет үйі орналасқан еді. Қаладағы оқу орындарында оқитын қазақ жастары түрлі мәдени шараларға нақ осы ғимаратқа жиналатын. Ұстазым Дихан Жәлекеновтен, Ақтөбедегі сол кездегі мәдени ортадан үйренгенім көп, оны өмір бойы азық етіп келемін. Осы фестивальға әзірлік кезінде, бір жағынан, ұстаз алдындағы борышымды өтеу туралы ой да келді, сондықтан, үлкен жауапкершілікпен қарадық, — дейді.

Аймақтық фестиваль кеше қорытындыланды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*