Басты бет » Рухани жаңғыру » Сәтті басталған игі қадам

Сәтті басталған игі қадам

Жаңа 100 оқулық

Бекмырза ЕСМАҒАНБЕТОВ,

ҚР ІІМ М.Бөкенбаев атындағы

Ақтөбе заң институтының

қылмыстық процесс және криминалистика

кафедрасы бастығының орынбасары,

полиция полковнигі

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында мемлекет пен ұлттың үнемі дамып, заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керектігін атап көрсеткен еді.

Қай ұлттың да заманға сай жаңғыруы, өркениет көшіне ілесе білуі білім деңгейіне, көзі ашық, көкірегі ояулығына байланысты болмақ. Елбасы өз мақаласында: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді», — деді.

Рухани жаңғыруды жүзеге асыру мақсатындағы таяу жылдардағы міндеттер қатарына қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты қазақ тіліне аудару, сөйтіп, жастардың сол оқулықтар негізінде білім алуына мүмкіндік жасау ісі енген еді.

12 сәуір күні осы міндетті іске асыру барысында аударылып,  басып шығарылған алғашқы 18 оқулықтың таныстырылымы өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатысып, сөз сөйледі.

Кітаптардың қазақ тіліне түпнұсқадан аударылуы айрықша қуантады. Олардың арасында Дүниежүзілік Давос экономикалық форумының президенті Клаус Швабтың қазіргі технологиялардың адамзат өміріне алып келетін түбегейлі өзгерістері туралы «Төртінші индустриялық революция» атты еңбегі, Гарвард университетінің профессоры, макроэкономист Грегори Мэнкьюдің экономикалық теория, идеялар мен құбылыстарды мейлінше қарапайым әрі ұғынықты жеткізетін оқулық ретінде белгілі «Экономикс» атты еңбегі, басқа да үлкен еңбектер бар. Бәрі де әлемнің ең озық оқу орындарында оқытылып жүрген, бұған дейін бірнеше тілге аударылған туындылар. Бұл жастардың білімге деген құлшынысын, қызығушылығын ерекше арттырары сөзсіз.

Бүгін жастарымызды әлемдік ғылым-білімнің, ақыл-ойдың жауһарларымен сусындатар болсақ, туған еліміздің болашағына сеніммен қарауға әбден болады.

Бұл — жарқын болашақ жолындағы аса маңызды қадам.

Жалпы, 2018 жылға отыз кітап басып шығару жоспарланған екен. Сәтті басталған игі істің жалғасын табарына сенеміз.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*