Басты бет » Жаңалықтар » Көлік салығы: 429 миллион теңге төленбеген

Көлік салығы: 429 миллион теңге төленбеген

Кеше Ақтөбе қалалық әкімдігі ғимаратында көлік салығын төлемей, сол арқылы заңбұзушылыққа барып отырғандарға қатысты отырыс өтті. Қала әкімі Ілияс Испанов төрағалық еткен жиында аталған түйткілге байланысты қолға алынған шаралар сөз етілді. Артынша құқық қорғау органдары жолдың бойында рейд өткізді.

Атқарушы билік өкілдері, сала мамандары және тәртіп сақшылары қатысқан жиында Ілияс Испанов облыс орталығында тіркелген көліктердің саны 100 мыңнан асатынын атап өтті. Бірақ, сырттан келіп, тиісінше жергілікті құзырлы органда тіркеуден өтпеген, қажетті жарналарды да төлемеген автомобиль иелері аз емес.

— Бүгінгі жиында біз азаматтардың мемлекет алдындағы борышын өтеу, яғни көлік салығын өз уақытында төлеу жайын талқылауға жиналдық. Сосын «Халық  қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында қалада қатынап жүрген шетелдік көліктердің қауіпсіздігін басты назарда ұстау керектігін түсіндіру — мақсатымыз. Әлгі жүргізушілер осында уақытша жүрсе де, тіркеуден өтіп, салығын төлеуі керек. Бұның талапқа сай орындалуын жергілікті полиция өкілдері, басқа да құқық қорғау органдары қадағалауы тиіс.

Бір ғана мысал айтайын, биылдыққа біз жоспар бойынша 1 616 миллион теңге салық жинауымыз керек. Бұл қаражатқа біз айналып келгенде көлік жолдарын жөндейміз. Сондықтан салықтың уақтылы төленуі қай кезде де маңызды, — деді Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов.

Ақтөбе қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Дамир Көбеновтің сөзінше, көлік салығына қарыз адамдардың саны — 12 мың. Олар жалпы көлемі 429 миллион теңге берешек.

Шаһардағы Сәңкібай батыр даңғылының бойындағы жолда өткен рейд барысында арнайы жабдықталған көлік арқылы борышкерлер тоқтатылып, оларға қарызды тез арада төлеу керектігі жөнінде ескерту берілді. Аталған азаматтар 1 ай мерзім ішінде бұл талапты орындамаса, олардың заңбұзушылығы сотқа жолданбақ.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*