Басты бет » Мәдениет » Жәдігер жерде қалмасын!

Жәдігер жерде қалмасын!

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Халықаралық музейлер күні қарсаңында «Жәдігер жерде қалмасын» акциясы өткізіледі. Облыстық өнер музейінің ғимаратында өтетін шараға мекеме қызметкерлері облыстың барлық тұрғынын шақырып отыр. Акция барысында облыс, қала тұрғындарының сыйға тапсырған заттарынан ұйымдастырылған уақытша көрме жасақталады.

— Биылғы «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясы Алаш қозғалысының 100 жылдығына, Ақтөбе облысының 85 жылдығына, Көкжар жәрмеңкесінің 150 жылдығына бағытталып отыр. Акцияның негізгі мақсаты — Ақтөбе өңірінің ежелгі тарихы бойынша, халықтың тұрмыс-тіршілігін сипаттайтын қолөнер бұйымдары, зергерлік бұйымдар, қылқалам туындылары, тұрмыстық бұйымдар және өзге ұлт өкілдерінің ұлттық, тұрмыстық заттарын, сирек кітаптарды жинақтау арқылы өлкеміздің өткені мен бүгінінің куәсін келешек ұрпаққа жеткізу. Дәстүрлі акция биыл 18-ші рет өткізілгелі отыр. 88 жылдық тарихы бар облыстық музей қорында 109 мыңнан астам экспонат есепке алынған, оның 80%-ы халықтың қолдауымен сыйға тапсырылған заттар. Жыл ішінде «Жәдігер жерде қалмасын!» акциясы барысында музей қоры көптеген сый заттармен толықты, —дейді облыстық өлкетану музейінің бас қор сақтаушысы Базаргүл Тұрлыбаева.

Музей қызметкерлері облыс тұрғындарын осы шараға белсене қатысуға, өткен уақыттан сыр шертетін тарихи заттарды музей қорына тапсыруға шақырады.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*