Басты бет » Басты жаңалықтар » Астана — 20: Ақтөбеде еркін күрестен халықаралық ашық кубок өтіп, жаппай велошеру ұйымдастырылмақ

Астана — 20: Ақтөбеде еркін күрестен халықаралық ашық кубок өтіп, жаппай велошеру ұйымдастырылмақ

«Бүгінде біздің елордамыз­ды аралауға келетін қазақстандық­тардың саны барған сайын өсіп барады. Астанада болып, оның архитектуралық таңғажайыптарын өз көзімен көру әрбір қазақстандықтың жеке өміріндегі ерекше маңызды оқиғалардың бірінен саналады. Мұнда Қазақстанның басқа қалаларынан арнайы турлар ұйымдастырылады.

Астана қазақстандықтарды өзіне тартатын аяулы орталыққа, жалпыға бірдей қимас құндылыққа, айрықша мақтанышқа айналды.  Қазақстанның көптеген қалаларында елорданың атауымен аталатын алаңдар, көшелер, саябақтар және гүлзарлар пайда болды. Қысқасы, Астана — Қазақстанды әлемге танытқан, дамудың жаңа биіктеріне бастаған халықты топтастырған біздің бүкіл қазақстандық жалпыұлттық идея».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

 

Еліміздің бас қаласы — Астананың 20 жылдығына орайластырылған мерекелік һәм халықтық шаралар Ақтөбеде де көптеп ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда біз бұған қатысты спорт саласында өткізілгелі отырған жарыстарға тоқталмақпыз. Бір ерекшелігі, аталған шаралардың дені — халықаралық, республикалық деңгейде өткелі отыр.

 Қос кешен. Көптен күткен қуаныш

Жылдағы дәстүр бойынша 6 шілде — Астана күнінің құрметіне жер-жерде әлеуметтік ғимараттардың пайдалануға берілетіні белгілі. Ақтөбеде де атаулы дата қарсаңында бірнеше спорттық нысандар ашылмақ.

— Биыл біз ұйымдастырып жатқан шаралардың барлығы Астананың 20 жылдығына орайластырылып жатыр. Және бұл кезекті, әбден таптаурын болған сайыстар емес. Айталық, жыл басталғалы халықаралық, республикалық деңгейдегі, спорттың бірнеше түрін қамтыған жарыстарды өткіздік. Бұл жыл бойы жалғасатын жұмыс екенін айта кеткім келеді.

Одан бөлек, облыс бойынша бірқатар әлеуметтік маңызы бар ғимараттар халық игілігіне тапсырылғалы отыр. Мәселен, Ақтөбе қаласында елорда күнінде Теннис орталығының салтанатты ашылу рәсімін өткізбекшіміз. Сол арқылы спорттың осы түрінің  өңірде дамуына жол ашамыз деген үміттеміз. Тағы бір қуанышты жаңалық — Қобда ауданында көптен күткен спорт кешені пайдалануға берілмек. Аталған екі ғимарат та жұртшылықтың қажетіне жарайтын, келушілері көп болатын орталыққа айналатынына күмәніміз жоқ. Жалпы, Елбасы атап өткендей, бұқаралық спортты дамытсақ, бұның мемлекетіміздің дамуына да әкелер пайдасы мол болмақ, — дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрлыбек Жүсіпов.

Бұқаралық спорт демекші, Астана күніне орай ауыл-аймақта жаппай жұртшылыққа арналған, халықтық ойындар ұйымдастырылмақшы. Сонымен қатар, дәстүрге айналған «Ақ бидай» жарысы да 12 ауданда жалғасады деп күтілуде. Жоспарға сай онда ұлттық ойындардың біразы қамтылмақ.

Жыл сайын өтетін мемлекеттік қызметкерлердің спартакиадасы маусым-шілде айларында шымылдығын түретінін айта кету керек. Дәстүрлі сынға қатысамын деушілер қазірдің өзінде ұсыныс-тілектерін жолдап жатыр екен.

Әртүрлі жарыс — ортақ мақсат  

Осы жылдың айтулы шараларының бірі еркін күрестен өтетін халықаралық жарыс. Облыс әкімінің ашық Кубогы сарапқа салынатын жаһандық жарысты ұйымдастырудағы себеп — Астананың мерейтойы. Бұл туралы Нұрлыбек Жүсіповтің өзі былай дейді:

— Негізгі шара деп спорттың еркін күрес түрінен өтетін дүниежүзілік доданы айтуға болатын шығар. Облыс әкімінің Кубогына арналған жарысқа бүгінгі таңда 14 мемлекеттің спортшысы қатысатыны анық болып отыр. Ол тек ересектер арасында өтпек. Қазіргі кезде соған қызу дайындалып жатқан жайымыз бар.

Сонымен қатар, жалпыхалықтық деңгейде тойланғалы отырған Астана күнінде Ақтөбе қаласында және аудандарда жаппай велошеру өтпек. Оған биыл аз дегенде мың ақтөбелік атсалысады деп күтілуде.

Биыл өңірімізде Балалар жылы болып жарияланғандықтан, әңгімелесушіміз кішкентайларға көрсетілетін қамқорлықтың айрықша болатынын атап өтті. Спорттың әр түрінен ұл-қыздар арасында сайыстар өткізіліп, қатысушылардың арасынан дараланып шыққандар мен бұрыннан үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп жүрген балғындар — әрқайсысы 25 баладан құралған 4 топ, яғни жүз бала арнайы экскурсиямен елордаға, сондай-ақ көне шаһарларға жіберілгелі отыр. «Арайлы Ақтөбеден — әсем Астанаға!» ұранымен аттанғалы отырған жас спортшылардың бұл сапары тұңғыш рет қолға алынған жоба.

АЙТПАҚШЫ…

 Нұрсұлтан Назарбаев өзінің еңбегінде Астананың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берген еді: «Осында ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада, Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық — Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі, міне, осылар».

 — Жалпы алғанда, Ақтөбе мен Астананың байланысы бұрыннан-ақ мықты. Биыл мерейтойлы жыл болғандықтан, арадағы қарым-қатынас одан сайын беки түсті. Өйткені бірлескен жобалар, жарыстар аз емес. Бас кеңсесі Астанада орналасқан республикалық федерациялармен де байланысымыз жақсы. Бас қаладағы еркін күрес, самбо, қазақ күресінен жаттықтырушылар біздің облысқа келіп, шеберлік сағаттарын өткізіп тұрады. Бірқатарын аудандағы жас әріптестерімен де кездестірдік. Сол сияқты осындағы бапкерлер де елордаға барып, өздерінің шеберлігін шыңдап жүр. Бұның бәрі біз үшін тәжірибе, — дейді ол.

АСТАНА — АҚТӨБЕЛІКТІҢ КӨЗІМЕН

Назерке ДҮРЕГЕНОВА,

жеке кәсіпкер:

— Биыл 20 жылдығын тойлайын деп отырған Астананы көргеніме, оған аз да болса қатысым болғанына қуаныштымын. Өйткені менің ұғымымдағы Астана — қалалардың қаласы һәм елордалардың арасындағы ерекшесі. Және бұл әншейін айта салған сөзім емес…

Елорданы Қазақстанның жүрегі деп ондағы зәулім ғимараттар, айтулы дизайн, жалпы өзіне ғана тән сәулеттік ерекшеліктеріне бола толық сеніммен айтуға болады. Өйткені бұл еліміздің өзге өңірлерінде, шыны керек, кездесе бермейді.

Астанаға алғаш рет 2013 жылы жаз мезгілінде жолым түсті. Сондағы танданысымды сөзбен жеткізу қиын. Әсіресе, қаланың сол жағалауына барғанда, «аузымды ашып, көзімді жұмдым». Еуропа елдеріндегідей қызылды-жасылды шамдар, неше түрлі ойын-сауық орталықтары, бірінен-бірі өтетін әсем гүлдер… Ал аспанмен тірескен субұрқақтары қандай десеңізші?! Қысқасы, ондағы әр құбылыс бір әлем ғой (күліп).

Астана дегенде, әрине, әуелі «Бәйтерек» монументі ойға оралады. Сосын «Керуен», «Думан» сияқты кешендер еске түседі. Өзім бас қалаға жасаған әр сапарымда аталған орталықтарға баруға тырысамын. Естелікке суретке түсемін…

Осы орайда Астананың бізге қай жағынан да үлгі бола алатынын айтқым келеді. Әсіресе, орталық көшелерінен үлгі алсақ… Жолдары, адам жүретін жерлері мұнтаздай таза, қаланы білмейтін адамдар үшін арнаулы белгілер, ненің қайда екені тайға таңба басқандай етіп көрсетілген. Сосын әр бұрышта бейнекамералар орнатылғанын айта кетсем деймін. Бұл қылмыстың алдын алып, адамдардың қай уақытта да емін-еркін жүруіне мүмкіндік береді. Осындайда біздің Ақтөбе де елордадай болса ғой деп армандайсың.

Еліміздің бас қаласы — Астананы 20 жылдығымен құттықтай отырып, біздердің, яғни ақтөбеліктердің ол жаққа тек қуанышты себеппен баруымызға жазсын деп тілек білдіргім келеді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*