Басты бет » Әлеумет » Баспаханадан басталған жол

Баспаханадан басталған жол

Ақтөбе қаласының өсіп, өркендеуіне өзіндік үлес қосқан алдыңғы буынның лайықты өкілдерінің бірі —  Сембай Әбуов. Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген ол бұл өңірге қоныс аударғанда еңбек жолын баспаханадан бастады. Облыстық екі газет — қазіргі «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» басылымдарының (әрине, бұрынғы атауымен) жарық көруіне атсалысты. Одан кейін ширек ғасыр бойы облысты былай қойғанда, кешегі Кеңес Одағындағы бірегей ірі кәсіпорын атанған — «Ауылмаш» зауытында жемісті еңбек етті. Бүгінде Сембай Әбуов Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары болып қызмет атқарады. 

Жемісті жылдар

«Отбасы жағдайына байланысты 1972 жылы Оралдан Ақтөбеге көшіп келдік. Бастапқыда баспаханада жұмыс істедім. Кейін «Ауылмаш» зауытында темір жонушы болып жұмысқа орналастым», — деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. Қоғам жұмысына белсене араласқан ол 1974-1978 жылдары Ақтөбе қалалық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланады. Облыстық партия комитетінің бюро шешімімен Алматы жоғары партия мектебінде білім алады.

«Жоғары партия мектебінде білім алу — үлкен абырой-тын. Облыста жыл сайын тек қана 2-3 адам оқуға жіберілетін. Сол себепті жауапкершілік жүгі салмақты болды», — дейді Сембай Әбуов.

Оқу бітіргеннен кейін зауытқа оралып, онда партия ұйымының хатшысы болды. Ал зауыттың партия ұйымына жүктелген міндет пен тапсырмалар өте көп еді.

«Жоспарды дер кезінде орындау керек. Бұл ең басты міндет. Дегенмен, бекітілген жоспар орындалмай, қиын тиген уақыт та болды. Өйткені, жоспардың орындалуы жұмысшылардың еңбегіне ғана емес, сырттан, одақтас елдерден келетін материалдардың дер кезінде жеткізілуіне де байланысты болатын. Ай сайын қатаң қадағалау, мықты тексеру жүргізілетін»,— дейді Сембай Әбуов.

Сол жылдары зауыт басшылығы үшін ең қиын тигені —  қазіргі Ақтөбе қаласындағы Ахтанов көшесінің бойында орналасқан №2 емхананың ғимараты. Себебі, ақша бар, бірақ, құрылыс материалдары тапшы. Цемент, кірпіш дер уақытында жеткізілмей, жұмыс тоқтап қалатын.

«Оның үстіне құрылысты аяқтау үшін берілген мерзім тығыз болды. Емхана қаланың орталығында салынып жатқандықтан, жедел тұрғызу тапсырылған еді.

Бұл емхананың жобалық-сметалық құжаттары зауыт қаражатына әзірленді. Ғимарат та зауыттың қаржысына салынды», — дейді Сембай Қабдешұлы.

Зауытқа жүктелген міндеттемелер өте көп болатын. Соның бірі — егін ору. Шалғайдағы Комсомол ауданында орналасқан Партияның ХХІІ съезі кеңшарындағы 58 мың гектар алқапқа өсірілген егіннің 49 мың гектарын жинау — зауыт жұмысшыларының міндетті жұмысына айналды.

«Жыл сайын науқан кезінде 145 адам жіберетінбіз. Зауыт басшылығы тарапынан оларды ынталандыру мақсатында кезексіз тұрғын үй беріп, сыйлыққа көлік, мотоцикл тарту етілетін. Сондай-ақ, жалақыларының 75 пайызы сақталатын. Жұмысшылардың отбасыларына материалдық көмек көрсетіп, отын түсіріп беретінбіз», — дейді кейіпкеріміз.

Облыстық балалар үйі де зауыттың қамқорлығына бекітілген. Жылу қазандығын жөндеуден өткізіп, отынмен қамтамасыз ету секілді түрлі көмек көрсетілетін. Зауыт басшылығы балалар үйіне жеңіл көлік те тарту етті.

Сексенінші жылдардың аяғында елімізде азық-түлік тапшылығы сезіле бастады.

«Мәселені шешу мақсатында Ақтөбе қаласынан 30 шақырым қашықтықтағы Өлке елді мекені маңында қосалқы шаруашылық  салынды. Шаруашылықта төрт түлік малдың бәрі өсірілді. Әлі есімде, Байғанин ауданынан 270 інген, 400-ге жуық жылқы  әкелдік. Жақсы өнім берді. Ет, шұбат, айран, сүт мол болды. Мұнда мал бордақылау алаңы, шұжық цехы да салынды. Шұжық цехына қажетті мамандар Германияда оқып келді. Сондай-ақ, аталған цехтың құрал-жабдықтары да сол елден әкелінді. Шаруашылықты білікті маман, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Лошаков басқарды.

Айта кету керек, шаруашылықта кластер жақсы дамыды. Қалдықсыз өнім шығарылды. Малдың терісіне дейін өңделіп, былғары тон тігілді. Ол кезде дүкендерде мұндай киімдер болған жоқ. Сол себепті, оған кез келгеннің қолы жетпейтін. Біздің цехта шығарылған тондарды да кез келген жұмысшы кие алған жоқ. Тек қана зауыттың үздік мамандары алды. Онда да тегін емес, сатып алатын.

Шаруашылыққа жан-жақтан малшылар келе бастады. Ресейден көп кісі көшіп келді. Оларға барлық  жағдай жасалды. Екі пәтерлі типтік үй салынды. Медициналық пункт ашылды. 8 жылдық мектеп салынды. Мұның бәріне зауыттың қаржысы жұмсалды. Міне, осы жұмыстардың барлығы зауыттың партия ұйымының жіті бақылауында болды», — дейді Сембай Әбуов.

Зауыттың сауықтыру шипажайы да болды. Өлке елді мекенінің маңында орналасқан демалыс орны  жыл бойы жұмыс істеді.

«Мұнда әрбір сенбі, жексенбі күндері — мереке. Үздік зауыт жұмысшыларын екі үлкен автобусқа мінгізіп (ондай автобус Ақтөбедегі басқа зауыттарда болған жоқ), шипажайға алып баратынбыз. Түрлі мәдени, спорттық шаралар ұйымдастырылатын. Ән мен биден шашу шашылады. Төрт мезгіл тамақ беріледі. Бәрі тегін.

Жалпы, бұл жылдары зауытта 5 мыңға жуық адам еңбек етті. Ақтөбе қаласындағы 30 мыңға жуық адам зауыт жұмысшыларының отбасы мүшелері еді», — дейді кейіпкеріміз.

Зауыт тірлігі, мұндағы жұмысшылар үшін жасалып жатқан жұмыстар жоғары билік тарапынан да жоғары бағаға ие болған.

«Зауыт жұмысын өз көзімен көруге одақтық «Минживмаш» министрі Константин Беляк келген болатын. Ол зауыт жұмысына қатты риза болды. «Одақ бойынша 760 зауыт бар. Дегенмен, өз жұмысшыларына осы «Ауылмаш» зауытындай жағдай жасап отырған бірі жоқ», — деді. Бұл жоғары баға еді», — дейді Сембай  Әбуов.

80-ші жылдардың аяғына таман халықта ақша көп болды. Дегенмен, дүкен сөрелері бос тұратын.

«Халық тұтынатын тауарлар тапшылығы сезілген уақытта зауыт өзінің жаңа бұйымдарын шығара бастады. Әсіресе, қой қырқатын қырықтық, су тартқыш колонка, күрек, балта, балға сұранысқа ие болды.

Сол кезде зауытта үлкен көрме ұйымдастырылды. Көрмені көруге Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары Қадыр Байкенов, облыстық атқару комитетінің төрағасы Сапар Сағынтаев келген болатын. Олар да зауыт өнімін жоғары бағалады.

Жалпы, зауыттың арқасында одақ экономикасы да артты. 90-шы жылдардың басында болат өнімдерін өндіру мақсатында көлемі 10 мың шаршы метр болатын цех ашылды. Бұл Кеңес Одағындағы ең ірі үш цехтың бірі болды. Қуаттылығы жылына — 5 мың тонна өнім. Онда 1200-ге жуық адам еңбек етті. Жұмысшылардың көпшілігі жоғары жалақы алды», — дейді Сембай Қабдешұлы.

Құпия қызмет

Кейіпкеріміз зауыттың партия ұйымының жұмысынан кейін он жылдан астам уақыт кәсіпорындағы №1 және №1 құпия бөлімдерді басқарды. Зауыттың материалдық қорының талан-таражға түспеуі үшін көп жұмыс атқарды.

«Арнайы қоймадағы материалдардың бірі де өндіріске пайдаланылмауы тиіс. Дегенмен, жоспар орындалмай қалып, цех жұмысы тоқтап қалмауы үшін осы қоймадағы материалдар қолданылған. Біраз материал жеткіліксіз болды. Осы кемшіліктердің бәрін түзетіп, қалпына келтіруге септігімді тигіздім. Бұл қоймада еліміздің қорғаныс саласы үшін  қажетті жалпы құны 3 миллион рубльге бағаланған өнім тұрды. Жаңа тәртіп бойынша арнайы қоймадағы материалдар туралы есепті әр жыл сайын Мәскеу қаласына барып тапсыратын болдым.

Зауыттағы барлық цех әскери мақсаттағы өнім де шығарды. Бұл жұмыстардың жоспары да бізде болды», — дейді Сембай Әбуов.

Зауыт жұмысы тоқтағаннан кейін Сембай Қабдешұлы Ақтөбе қаласындағы «Жылуэнергия» мекемесінде он жылға жуық жұмыс істеп, зейнет демалысына шықты.

Мерейлі отбасы

Биыл Сембай Қабдешұлы жары Слухия Төленқызы екеуінің шаңырақ көтергендеріне 47 жыл толды. Слухия  Төленқызы — жоғары санатты дәрігер. Ұзақ жылдар облыстық ауруханада, қалалық емханада жемісті еңбек етті. Қазір де жұмыстан қол үзген жоқ.

Сембай Қабдешұлы мен Слухия Төленқызы екі бала тәрбиелеп өсірді. Ұлы Әлібек пен келіні Айгүл Астана қаласында тұрады. Олардан Асанәлі, Азим, Аңсар есімді үш немере сүйіп отыр.

Қызы Фарида Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы Павлов атындағы медицина институтының түлегі. Ақтөбе қаласында жеке тіс емханасы бар.

Сембай аға бүгінгі күні де қоғамдық істердің ортасынан көрінеді. Қырық бес жылдай ғұмыр кешіп келе жатқан сүйікті Ақтөбе қаласының күн сайын дерлік көз алдында өсіп-өркендеп келе жатқанына қуанышты көңіл-күйде жүреді.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*