Басты бет » Жаңалықтар » Елбасы бастамасы әр қазақстандықты қолдайды

Елбасы бастамасы әр қазақстандықты қолдайды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Божко Әйтеке би ауданының орталығы Комсомол мен Қарабұтақ селосында аудан тұрғындарымен кездесті.  Владимир Божко Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін кеңінен түсіндірді.

Комсомол селосының мәдениет үйіне халық көп жиналды. Жиында Владимир Божко тұрғындарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бес бастамаға жеке-жеке тоқталды.  Бірінші  бастама —  әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру.  Өткен жылы елімізде 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген.

Елбасы бұл көрсеткіштің әлі де аз екенін айтты. Қазір ел тұрғындарының 14 пайызы баспанаға мұқтаж. Ипотекаға қолы жетпей жүргендер көп. Осы мәселені шешу үшін Елбасы «7— 20 — 25» бағдарламасын ұсынды. Бұл бойынша несие өсімінің мөлшері бұрынғыдай 14-16 пайыз емес, 7 пайызбен беріледі. Мемлекет басшысы бастапқы жарна құнына қатысты да талап қойды. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 пайызын, кейде тіпті 50 пайызын салуды талап етсе, енді бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспауы керек. Осылайша бұл проблеманы біртіндеп шешуге болады, — деген Владимир Божко осы бағытқа бөлінетін қаржының негізгі бөлігі ірі қалаларға жұмсалатынын, қазір тиісті орындар кепілдік мәселесіне қатысты шаруаларды реттеп жатқанын мәлімдеді. Облыста жүргізіліп жатқан тұрғын үй құрылысының қарқыны жоғары екенін айтты. Өткен жылы өңірде 790 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. Биыл көрсеткішті  850 мың шаршы көтеру жоспарланып отыр. Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша өткен жылы  аймаққа 13 миллиард теңге бөлінсе, биыл да осындай қаржы алу жағы қарастырылуда.

Мемлекет басшысы көтерген екінші бастама — жалақасы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту. Келер жылдан бастап салық жүктемесі 10 есеге азайтылады. Мәселен,  60 мың теңге жалақы алатындардан бұрынғыдай он пайыз емес, енді бір пайыз салық ретінде ұсталады. Ал біздің өңірде осындай жалақы алатын жүз мыңға жуық тұрғын бар.

Үшінші бастама —  жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, жатақхана жағдайын жақсарту. Қазіргі күні еліміздің жоғарғы оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр. Олардың отыз пайызы мемлекеттік грант арқылы білім алады. Елбасының тапсырмасына сәйкес, жыл сайын бөлінетін грантқа қосымша 2018-2019 оқу жылында 20 мың грант бөлінбек.

Бұл негізінен техникалық және  ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталады. Қазір елімізде инженерлер мен ветеринар мамандар тапшы. Гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтарға тиесілі болады. Ал үздік оқитын жас қай уақытта да грантқа ие болып, жоғары шәкіртақы алады. Бұны әрбір жас білуі тиіс, — деді Владимир Божко.

Сондай-ақ бөлінетін қаржының бір бөлігі ауыл шаруашылығы мамандарын оқытатын жоғары оқу орындарының материалдық-техникалық базасын ынғайтуға жұмсалады. Үндеуде Президент жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігі негізінде жатақхана салуы керектігін айтқан болатын. Бұл ретте мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік бермек. 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салу көзделген.

Төртінші бастама — шағын несиені көбейту. Өткен жылы елімізде жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілген.

—  Жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген несиенің молырақ берілуі азаматтарға үлкен мүмкіндік. Мәселен, «Бастау бизнес» жобасы бойынша білім алып, өзінің кәсібін ашқандар бар. Оның ішінде ауыл азаматтары көп. Биыл бөлінетін 20 миллиард теңгенің 14 миллиарды ауылға бағытталады. Өз кезегінде бұл ауылдық жерлерде наубайхана, монша тағы басқа да кәсіптің түрін ашуға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы қай уақытта болмасын ауыл халқының жағдайын көтеруді бірінші кезекке қояды, — деді Владимир Божко.

Бесінші бастама — газбен қамтамасыз ету. Бұл ретте біздің өңірдің көгілдір отынмен қамтылуы —  88 пайыз. Республикалық көрсеткіш — 50 пайыз.

Сіздерде газ бар. Ал Астанада газ жоқ. Сондықтан 192 ірі, 48 шағын қазандық жұмыс істейді. 2200 жеке үй көмір жағады. Әлеуметтік жағдайы көтеретіндер электр көзін пайдаланады, — деген Парламенттен келген өкіл, осы бағытта атқарылып жатқан шаруаларды кеңінен баяндады.

Жиын соңында тұрғындар да ойларын ортаға салды.  Ауыл тұрғыны Зоя  Бөлекова халықтың Елбасы бастамасын қолдайтынын айтты.

Елбасының бес әлеуметтік бастамасы тұрғындардың арасында үлкен қолдауға ие болды. Себебі облыстан келген және аудан әкімдігі ұйымдастырған насихаттық топ елді мекендерді аралап, бастаманың ең бастысы халықтың жағдайын жақсартуға бағытталғанын жан-жақты түсіндірді. Ал бүгін Астанадан келген депутат арқылы қаржының нақты қай бағытқа бөлінетінін біліп, жобаның жүзеге асатынына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Елбасының қай бастамасы болмасын ол ел арасында қолдау табады. Мәселен, бес бастаманың бірі — баспана. Қазіргі ең өзекті мәселе — осы. Ақтөбеде бұл жоба жүзеге асып жатыр. «Нұр Ақтөбе» ауданында үйлер салынып, ауылдан барғандар пәтерге қол жеткізуде.  Облыс басшысының арқасында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қарқынды жұмыс жүруде. Үндеудегі жатақхана мәселесі де біздің көңілімізден шықты. Жатақхана — тәрбие ошағы. Студенттер уақытымен келеді, кетеді. Ал пәтерде тұрған жастың немен айналысып жатқанынан ата-ана бейхабар, — деген ауыл тұрғыны Владимир Божко мен облыс басшысына алғысын айтты.

Сондай-ақ тұрғындар ауылдағы әр түрлі мәселелерді көтеріп, Владимир Божкоға сұрақтарын қойды.

Осындай жиын Қарабұтақ ауылында да өтті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

4 пікір

  1. Бұл бес бастама қоғамның әлеуметтік бірлігінің тұғыры деп бекер аталмаса керек

  2. Бердібек Сапарбаевқа рахмет! Менің ойымша ең күшті әкім!!

  3. Президенттің бастамасы өте тамаша. Бес бастаманың бесеуі де халықтың әлеуметтік жағдайын жасауға бағытталған. Мұндай бастамаларды қолдамасқа болмайды ағайын.

  4. Ерементау

    Керемет бастамлар. Бұл бастамаларды ылғи да қолдап, оны жүзеге асырып отыру керек. Президенттің халыққа деген ықыласы осындай бастамаларға ұлғасады. Қазақстандағы білімге де қатты мән беріп отыр.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*