Басты бет » Білім » Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны азайып келеді

Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны азайып келеді

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған білім беру ұйымдары басшыларының қатысуымен республикалық кеңес отырысы өтті. ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева онлайн түрде қатысты.

Жиында облыс әкімі Асқар Биахметов өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, соңғы жылдары балалар үйіндегі тәрбиеленушілер санының бес есе азайғанын айтты. ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Зағипа Балиева кеңестің мақсатын түсіндірді. ҚР Білім және ғылым министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Нұрбек Оршубеков  республикалық шараны өткізуде Ақтөбе облысының бекер таңдалмағанын айтты.

— Жергілікті атқарушы органдардың жүргізіп жатқан жұмыстарының нәтижесін баспасөзден оқып, біліп отырмыз. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлының бастамасымен биылғы жыл балаларға арналып отыр екен. Бұл қуантарлық жағдай, — деді комитет төрағасы. Сондай-ақ «Балалардың мүдделеріндегі іс-әрекеттер стратегиясы» атты баяндама жасады.

Жиында облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева облыстағы ахуалды баяндады.

— «Бақытты бала — мәңгілік ел»  тақырыбында үлкен жоспар құрылып, сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.  Жоба сегіз бөлімнен тұрады. Басты бағытының бірі —  жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды жан-жақты қолдау, ел азаматтарының отбастарына оларды орналастыру. Жалпы бұған дейін де өңірде бұл бағыттағы шаруалар жүйелі және нәтижелі атқарылып келеді. Жүргізілген жұмыстың нәтижесінде облыста 2008 жылмен салыстырғанда жетім және ата-ана қомқорлығынсыз қалған балалар саны екі есе азайды, яғни 1047 балаға кеміді.  Балалар үйіндегі бала санының көбеюі  2004 жылы байқалды. Соңғы он жыл ішінде 1983 бала отбасына орналастырылды. Оның ішінде 385 бала асырап алынса, 80 бала патронаттық тәрбиеге берілді. 1518 бала қамқоршылыққа алынды. Қазіргі таңда отбасы үлгісіндегі балалар үйлері жұмыс істейді. Олар  Қобда, Мәртөк, Темір, Хромтау аудандарында орналасқан, — деді басқарма басшысы.

2017 жылы «Сәби» қайырымдылық қорының қолдауымен Ақтөбе қаласында «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылды.  Қазіргі күні бұл үйде балалар үйінің 105 түлегі тұрады. Оның 49-ы — студент жастар.

Жиында жан-жақтан келген өкілдер жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың санын азайту, оларға тәрбие мен білім берудің өзекті мәселелерін ортаға салды. Жалпы биылғы жылдың бірінші қаңтарындағы есеп бойынша елімізде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың саны — 27114, қамқорлықта — 18824,  патронаттық тәрбиедегі бала саны — 1922.

Сондай-ақ «Ана үйі» интернаттық мекемелер қорының атқарушы директоры Бибігүл Махметова баяндама жасап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Солтүстік Қазақстанның отбасы үлгісіндегі балалар үйінің директоры Арыстан Әкімжанов балаларға қолдау көрсету орталығын құру тәжірибесімен бөлісті. Отырыс қорытындысы бойынша ұсыныстар қабылданады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*