Басты бет » Басты жаңалықтар » Қош келдің, жаңа күн!

Қош келдің, жаңа күн!

Ақтөбедегі Өнер орталығының ғимараты алдындағы алаңда «Наурызым — құт-береке» атты мерекелік салтанатты шара өтті.

Салтанатты шара Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілерінің концертімен басталды. Қазақ композиторларының Наурыз мейрамына арнаған әндері, сондай-ақ, «Желбір жекен», «Әсем әнім сырнайдай», т.б. халық әндерінен кейін, сахнаға мың бұралған бишілер шықты. Қаладағы хореографиялық ұжымдардың күшімен күн мен түн теңеліп, көктем келіп, бар дүние түрленер шақтағы табиғаттың тылсым құбылыстары көпшілікке театрландырылған көрініс арқылы жеткізілді.

Бұдан соң жұрт алдына салтанатқа лайық сәнді жабулар жабылған ат мініп, малына киінген өнерпаздар шығып, домбырамен ән салды, жарапазан айтты. Одан әрі ортаға қазақ жұрты үшін киелі ұғымдар қатарындағы Ұмай-Ана мен Жер-Ана, халқымыз әулие санайтын Домалақ ана кейпіндегі кимешекті аналар шығып, Наурыз күнгі ырымдарға да кезек келді.

Ақ орамал таққан келіндер тобы иіліп сәлем ете шығып, салтанатты шараға арнайы шақырылған ардагер ағаларға ақ ұсынды. Ал балақайларға тәттіден шашу шашылды.

Бұдан кейін тағы ән мен биге кезек беріліп, «Қош келдің, Жаңа күн!» деген тілекпен жамыраса шыққан балғындар көктемгі қыр үстіндегі шаттық күйді ән мен би аралас тартымды көрініспен жеткізді.

Жұрт алдына, әрине, өз сөзімен айтқанда, «Бірліктің туын нық ұстаған» халқына бата беру үшін Қыдыр ата да шықты.

«Мен батамды берейін,

Үстем болсын мерейің,

Шаңырағың шайқалмасын,

Қазаның ортаймасын!» — деп басталған Қыдыр атаның батасына жиналған жұртшылық шынайы ықыласпен қол жайып, «Әумин!» айтысты.

Салтанатты шарада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та құттықтау сөз сөйледі.

— Ондаған жылдар бойғы үзілістен кейін, 1988 жылы халқымыз Наурыз мерекесімен қайта қауышқан еді. Содан бері, міне, отыз жыл өтіпті. Ата-бабалар «Әз Наурыз» деп ардақтаған бұл ұлы мереке — бүгін де халқымыз үшін ең басты, ең қадірлі мерекелердің бірі. Еліміздің тәуелсіздігінің, халқымыздың бірлігінің арқасында Наурыз қайтадан ең асыл құндылықтарымыздың қатарына қосылды. Наурыз — жыл басы ғана емес, біздің ынтымағымызды арттыра түсетін мереке, — деп атап өтті облыс басшысы.

Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ, өткен жылы өңірімізде жасалған істер мен биылғы жылы алға қойылып отырған мақсаттарға тоқталды.

— Біз «Аналарға тағзым» және «Бақытты бала» жобаларын тектен-текке қолға алып отырған жоқпыз. Халқымыз ғасырлар бойы Ананы ең үлкен құрметке лайық тұлға ретінде таныды, тіпті анасын Меккеге үш рет арқалап апарған жан да оның алдындағы борышын өтей алмайды деп білді. Сол дәстүрді үзбеудің маңызы зор. Анаға деген құрмет ұлттық тәрбиенің қайнар көзі ретінде насихатталуы керек. Сондықтан «Аналарға тағзым» жобасына қолдау көрсетіп отырған барша жерлестерімізге алғыс айтқым келеді. Сондай-ақ, «Бақытты бала» жобасы да кәсіпкерлер, қалың жұртшылық тарапынан үлкен қолдауға ие болды. Балаларды спортқа, өнерге баулу, ғылымға жақын өсіру — ұрпақ алдындағы парыз. Бұл үшін мектептерде үйірмелер ашу, басқа да көптеген істер ұйымдастыруға барынша көңіл бөлеміз. Балаларымыз заманға сай білім алуы үшін барлық жағдай жасалуы керек, — деді ол.

Сөзінің соңында Бердібек Сапарбаев ақтөбеліктер мен қала қонақтарын облыс басшылығы атынан Наурыз мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

Көршілес елдерден келген өнер қайраткерлері — өзбекстандық (Қарақалпақстан Республикасы) Жалғас Тұрманов пен ресейлік Тюргэн Кам да жиналғандарды құттықтап, сөз сөйледі.

Салтанатты шара соңы ән-күйге ұласты. Театрландырылған көріністерге Тахауи Ахтанов атындағы облыстық драма театрының, облыстық «Алақай» қуыршақ театрының артистері, т.б. қатысты.

Индира ӨТЕМІС.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*