Басты бет » Басты жаңалықтар » Достық пен татулықтың мейрамы

Достық пен татулықтың мейрамы

Кеше ақтөбеліктер Наурыз мерекесін ерекше көңіл күймен қарсы алды. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта ұйымдастырылған «Қош келдің, нұрлы мереке!» тақырыбында өткен мәдени-көпшілік іс-шараны тамашалауға келген  халықтың қарасы көп болды.

850 метрлік дастарқан

Наурыз мерекесінде Ақтөбе қаласының Әбілқайыр хан даңғылы бойында көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылып, халықтың еркін серуендеуіне барлық жағдай жасалды. Облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті маңынан бастау алған ұзындығы 850 метрлік дастарқанның үсті халқымыздың ұлттық тағамдарымен толды. Әсіресе, наурыз көже мен қазанда піскен ыстық бауырсақ, палау тұрғындарға тегін үлестірілді. Бұл күні Ақтөбе қаласында 10 тонна бауырсақ, 11 тонна палау пісіріліп, 13 мың литр наурыз көже халыққа ұсынылды.

Наурыз күнгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ақтөбеліктердің, қалаға келген қонақтардың көңіл күйі көтеріңкі болды. Даңғыл бойындағы арнайы тігілген күркелердің ішінде жаюлы дастарқаннан бөлек, қолөнер шеберлерінің туындылары көрмеге қойылды.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық саябақтың алаңына қаладағы «Анвар» ЖШС, «Ақтөбе» футбол клубы, «Дентко» стоматологиялық клиникасы және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі М.Бөкенбаев атындағы заң институты секілді мекемелер тіккен киіз үйлердің ішінде ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында жасақталған көрме ұйымдастырылған. Мәселен, заң институты атынан тігілген киіз үйге Ақтөбе қаласындағы мектепке дейінгі ұйымдарда жасалған бұйымдар көпшілік назарына шығарылыпты. Ақтөбе қаласындағы №34 балабақшаның музыка жетекшісі Жадыра Боранбаеваның айтуынша, көрмеге балабақша тәрбиеленушілерінің қолдан жасаған бұйымдары шығарылыпты.

Көрме салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрпымыздан сыр шертеді. Алты жасқа дейінгі балаларға қатысты халқымыздың салт-түрлерін насихаттайтын көрмеден көптеген танымдық мағлұматтар алуға болады. Бұл жерде әжелеріміз осы салт-дәстүрлерді келушілерге түсіндіріп, осы ғұрыптарды жасап көрсетеді. Әрине, көрмені жасақтауға ата-аналардың да үлесі бар, — дейді ол.

Саябақ алаңында Ақтөбе ауылшаруашылық колледжі еділбай қойлары мен ангус тұқымды ірі қаралар, құстарды көрмеге шығарыпты. Аталған колледж директорының шаруашылық істері жөніндегі орынбасары Сәкен Елтезеровтің айтуынша, колледж оқушылары көрмеге шығарылған жануарлардың өсіп-жетілуін, олардың ұрықтануы мен көбеюін әрі емдеуді тәжірибе жүзінде оқиды.  «Көрмеге тауықтың бірнеше түрін шығардық. Күркетауықтардан бөлек, браун тауықтарды да қызықтап, қараушылар көп», — дейді С.Елтезеров.

Бұл күні ақтөбеліктер ресейлік суретші-график Әлібек Қойлақаевтың туындылары қойылған көрмені де тамашалады. Ол — ноғай ұлтынан шыққан суретші, Краснодар мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің түлегі. Ә.Қойлақаев Ақтөбедегі Наурыз мерекесі жоғары деңгейде өткізіліп жатқанын айтып, көрменің сәтті ұйымдастырылғанына ризашылығын білдірді.

Саябақтағы сырмақтар

Саябақ алаңына «Дентко» стоматологиялық клиникасы тарапына тігілген киіз үйге бас сұққандар көп болды. Мұнда ақтөбелік 79 жастағы қолөнер шебері Лена Сахариеваның қолынан жасалған бұйымдар көрмеге қойылған. Ұлттық бұйымдардың көпшілігі түрлі көне технологияның көмегімен жасалған. Соның бірі — алақұрт тігісімен жиектеліп, көмкерілген сырмақ.

Көпшіліктің назарына анамның қолынан шыққан бұйымдарды ұсынып отырмын. Әсіресе, сырмақтар, түрлі тігіспен, ою-өрнекпен жасалған түскиіздерді көбірек әкелдік. Анам  Лена Сахариева жасы сексенге таяса да, қолынан инесі мен жібі түспеген жан. Шығыс Қазақстан облысында туып-өсіп, жоғары оқу орнын бітіргеннен соң арнайы жолдамамен Ақтөбеге келген анам ұзақ жыл ұстаздық етсе де, бір сәт қолөнерден қол үзген адам емес. Анамның осы бір қасиеті үш қызының бойына дарып, осы кәсіпті өзімізге серік етіп келеміз. Бүгінде сырмақ, төсеніштерге сұраныс жоғары. Әрине, бұл бұйымдарды жасаудың өз технологиясы бар. Әсіресе, сырмақтың, төсеніштің жиегіне алақұрт тігісін жүргізу — өте күрделі іс. Алақұрт тігісі — сырмақшылық өнерінде киіз оюын қиюластырғанда, ою шетіне басылған иіріліп ширатылған жиектің тігіс жібінің белінен басылып тігілетін тігіс түрі. Оюлардың шеттері алақұрт жиекпен көмкерілген сырмақтың бағасы да жоғары. Ең қымбаты 80-90 мың теңгеге бағаланады, — дейді шебер Гүлнұр Асқарова.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ саябақтағы киіз үйлердегі осындай көрмелермен танысып, дәмнен ауыз тиді. Саябақ сахнасында «Алақай» қуыршақ театры ұжымы қойған театрландырылған қойылымның басты тақырыбы да Наурыз мекересімен орайластырылған.

Бұл күні саябақ алаңында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Әсіресе, гір тасын көтеру, қол күресі, асық ату, ләңгі тебу, арқан тартыс, бұқа тартысы ойындарына ақтөбеліктер белсенді қатысты. Жеңімпаздардың бәріне Наурыздың сыйлығы үлестірілді. Сол сияқты, Ақтөбе қаласындағы балалар мен шығармашылығы үйі өнерпаздарының қолынан шыққан бұйымдар ашық аспан астындағы көрмеге қойылды.

Наурыз тойы Ақтөбе қаласының әрбір алаңында көрініс тапты. Кеше қаланың «Келісім және бірлік» бульвары мен «Керуен Сити» ойын-сауық, сауда орталығында, Пушкин атындағы және «Ретро» демалыс саябақтарында, сондай-ақ, Металлургтер мәдениет үйі алаңында Наурыз тойы тойланды.

«Келісім және бірлік» бульварында облыстың түрлі этномәдени орталықтарының ұжымдары өнер көрсетіп, ақ дастарқан жайды. Бұл маңда да қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, спорттық жарыстар өткізілді. Облыс әкімі бастаған топ бұл мерекелік шаралардың да куәсі болды.

Ізгі сапар, игі тілек

 

Зада Ізбасова, Ақтөбе қаласының Заречный ауылының тұрғыны:

— Ақтөбе қаласының бас даңғылында ұйымдастырылып жатқан Наурыз мерекесін балаларыммен бірге тамашалап жүрмін. Мерекелік көңіл күйім өте жоғары. Әсіресе, жастарға риза боламын. Барлығы бір кісідей атсалысып, халықтың көңілін көтеру үшін жұмыс жасап жатыр. Ұлыстың Ұлы күнінде еліме тыныштық тілеймін! Жаңа жылымыз әр үйге құт-берекесімен енсін!

Сапа Тоқтабаев, қала тұрғыны:

— Қобда ауданының Жиренқопа өңірінен қалаға қоныс аударғанымызға отыз жылдың жүзі болды. Соңғы жылдары Ақтөбеде Наурыз ерекше сипатта ұйымдастырылып жүр. Биыл бұл мерекенің бір ай бойы тойланатынын естідік. Өте дұрыс бастама. Қуғын-сүргін заманында дүниеге келген біздің балалық шағымыз соғыспен тұспа-тұс келді. Сондықтан еліме бейбіт заман мен тыныштық тілеймін. Елбасымыз аман болып, халықтың қамын ойлайтын азаматтардың жұмысына табыс тілеймін. Наурыз мерекесі әрбір отбасыға құт-береке әкелсін.

Бақытгүл Біләлқызы, Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі:

— Мереке құрметіне Ақтөбе қаласында 20 наурыздан бері вокалды-аспапты фестиваль ұйымдастырылды. Фестивальге Ақтөбе қаласы мен Ресейдің Орынбор облысының шығармашылық ұжымдары бірігіп қатысып жатыр. Наурыз мерекесінде Ақтөбеге Орынбордан 5 өнер ұжымы келді. Фестивальді өткізудегі мақсат — екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен өнер ынтымақтастығын нығайту. Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінің кең сахнасында бастау алған фестивальдің жалғасы қала алаңында көпшілікке концерттік бағдарлама ұсынумен жалғасын тауып жатыр. Орынборлық өнер ұжымдары жоғары дайындықпен келген. Ақтөбелік «Ханума» вокалды-аспаптар, «Сұңқар», «Әлия гүлі» халықтық ұжымдары мен Ермекбаевтар отбасының  өнеріне көпшілік тәнті болды.

Асылай Зілмұхамедова, Орынбор облысының Домбар ауданындағы «Тамаша» халықтық ұжымының жетекшісі:

— Ақтөбеде Наурыз мерекесі кең көлемде тойланып жатыр. Үш күннен бері осында өнер фестиваліне қатысып жатырмыз. Ақтөбелік әріптестеріміздің өнеріне қайран қалып, көптеген тәжірибе де жинақтадық. Ақтөбеліктер зор ықыласпен қарсы алып, ерекше құрмет көрсетіп жатыр.

«Тамаша» халықтық ұжымының құрылғанына биыл — 17 жыл. Халықтық ұжымның құрамында сегіз адам бар. Сонымен қатар, халықтық ұжымның жанынан әзіл-сықақ театрымыз жұмыс жасайды. Ақтөбеде өтіп жатқан фестивальге ұжымым толық келе алмады, сондықтан өзім сол ұжымның әншісі  ретінде қатысып тұрмын.

Равиль Ибрагимов, «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени орталығының мүшесі:

— Туып-өскен жерім — Әйтеке би ауданының Қарабұтақ селосы. Қазіргі күні отбасыммен Ақтөбе қаласында тұрамын. «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени орталығының құрамына мүшелікке тіркелгеніме бір жылдың жүзі болды. Бүгінде түрлі көпшілік-мәдени іс-шараларға қатысуға тырысамын. Өзім баянмен ән айтамын. Наурыз мерекесінде жерлестеріме татарша, башқұртша ән айтпақпын. Наурыз тойын бір кісідей тойлауға өз үлесімді қосып жатқан жайым бар. Мереке әр отбасыға көктемнің шуағын, нұрын төксін. Деніміз сау, еліміз аман болсын!

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*