Басты бет » Мереке » Ақсақалдар бата беріп, балалар өлең арнады

Ақсақалдар бата беріп, балалар өлең арнады

«Жыл жақсы басталса, жақсы өтеді» деген қағиданы ұстанған ойылдықтар Наурызды барынша мәнді әрі көңілді атап өтуге тырысты.

«Наурыз керуені» деген атпен мереке аудан көлемінде — ауылдық округтердің, ал Ойыл селосында көшелердің және мекеме-кәсіпорындар ұжымдарының ұйымдастыруымен 14 наурыздан бастау алды. Аудан орталығындағы Наурыз тойын Шернияз және Сауытбай Масатов атындағы көшелер тұрғындары бастап, кейін басқа көшелер жалғастырды. «Наурыз керуені» аясындағы шаралар ән-би, ұлттық ойындар, спорттық жарыстар, ауыл немесе көшедегі ең қарт, ең белсенді жандарды марапаттау, т.б. көңілді сәттерге толы болды.

Кеше, 22 наурыз — Ұлыстың ұлы күнінде, Ойыл селосы тұрғындары мерекені атап өту үшін, аудандық әкімдік ғимараты алдындағы алаң мен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы атындағы орталық саябаққа ағылды. Аудандық әкімдік ғимараты алаңына тігілген киіз үйлерде қолөнер көрмелері ұйымдастырылды және жұртшылыққа ұлттық тағамдар ұсынылды. Сондай-ақ, Байсалбай Жолмырзаев атындағы көше бойына ұзындығы 100 метр дастарқан жайылып, наурызкөже мен бауырсақ тегін таратылды.

Орталық саябақта ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтіп, жұртшылыққа көркемөнерпаздар ұжымдары күшімен концерттік бағдарлама ұсынылды. Салтанатты шарада аудан әкімі Бұлбұл Күзембаева мен облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл жұртшылықты мерекемен құттықтады. Ауыл ақсақалдары арасында бата беруден жарыс ұйымдастырылып, Наурыз мерекесіне өлең шумақтарын арнаған балаларға сыйлықтар табысталды.

Бұл күні Ойыл селосында арзандатылған бағамен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі де өтті.

М.ӘДІЛБАЙҰЛЫ,

Ойыл ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*