Басты бет » Мереке » Соғымнан ауыз тидіңіз бе?

Соғымнан ауыз тидіңіз бе?

Қаңтар айының аяғында ауыл-ауылда соғымнан ауыз тигізу басталады. Соғымның сыбағасынан ауыз тиіп, үлкендер жағы бір-бірімен көрісіп, қауқылдасып қалатын бұл бейресми мереке әдетте ауылдарда наурыздың соңына дейін жалғасады.

Соғым сойылған күні малдың басын үйдің ер адамдары үйітіп, тазалап, жағын екіге айырып, әйелдер жағына дайындап береді. Кейін асүй иелері оны салқын жерде сақтап, ақпан айына қарай еттің сүрлене бастаған тұсында ауылдың үлкендерін шақырып, батасын алады. Үлкендердің айтуынша, сиырдың басын қазанға көз қуысына таяу кеңсірігінен бір шауып, маңдайынан қақ жарып салады. Оның әр шекесі бір бастың орнына жүреді. Қонаққа қойдың басын жағынан айырып, кейін піскен соң маңдайын айқастыра тіліп әкеледі. Ал қазақ сыйлы қонаққа жылқының шекесін тартпайды.

Бұл дәстүр туралы үлкендерден сұрауды жөн көріп, бүгінде тоқсанның төріне шыққан кейуана Амансұлтан әжейді сөзге тартқан едік. Жасы 92-ге келген кейуана бүгінде асүйде еркін жүріп, өздігінен сыртқа кіріп шыға алмаса да қолында отырған балаларына істің ретін айтып, бұл дәстүрдің орындалуын қадағалап отырады екен.

─ Бұны біздің елде үлкендер жағы ерекше күтеді. Соңғы екі жылдан бері өзім еркін жүріп, тұра алмайтындықтан, көп шақырыстан қалдым. Дегенмен өзге балаларым өлі аруаққа Құран бағыштап, шеке  асқан күні, сыбағамды әкеліп береді. Бала кезімнен анам шеке асты деп айта алмаймын. Біздің балалық шағымыз заманның ең ауыр, ең қиын сәтімен тұспа-тұс келді. Жарытып тамақ та ішпедік, жайнатып киім де кимедік. Бүгінгідей соғымға жылқы соймақ түгілі, халық лақ тауып соя алмайтын заман болды. Кейін елде тыныштық орнап, қорамызға мал біткен соң, соғым соятын болдық. Аузымыз аққа, қарнымыз тойып тамақ ішетін күйге жеттік, — деді Амансұлтан әжей күрсініп өткенін бір сәт еске алып.

Ол асүйдің шаруасын, табақ тарту, ет жасау секілді маңызды істерді келін болып, ана атанған енесінен үйренгенін айтады.

─ Әр елдің заңы басқа дегендей, бір елдің іші болғанмен әр өңірдің өзіндік салты бар. Менің білетінім, Ырғызда дастарқанға шекені бөлек табаққа салып әкеледі. Ол жасы үлкен, ақсақалға ұсынылады. Кейін ақсақал өзі ауыз тиген соң, басқаларға таратады. Егер қойдың басы болса, онда маңдайын айқас тіліп әкеледі. Бұл «Төрт құбылаң тең болсын» деген мағынаны білдіреді. Сонымен қатар қой басының тұмсығы мен желкесін қонаққа тіке қаратып бермейді. Оң құлағын кесіп алып, сол үйдің кенже баласына береді. Бұл «Ырыс-несібе үйде қалсын» деген ырым, ─ дейді Амансұлтан Оразалина.

Көпті көрген кейуана өткен тарих пен бүгінгіні сабақтай отырып, қазақтың салт-дәстүрлері туралы әңгімелеп, олардың болашаққа ұрпаққа сол күйінде жетуіне тілектестік білдірді.

Ақ жаулықты әженің тілегін біз де құптай отырып, үлкендер жағы ерекше күтетін соғымнан ауыз тигізудің маңызы зор екенін түсіндік…

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*