Басты бет » Мереке » «Бауырсақ» кітабын тарту етті

«Бауырсақ» кітабын тарту етті

Әйтеке би аудандық «Целинник» мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен көрісу күніне арналған мерекелік шара өтті.

Мерекелік жиынға ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер арнайы шақырылды. Ұлттық тағамдармен көмкерілген дастарқаннан дәм татқан қонақтарға аудан өнерпаздары әуезді әндері мен күмбірлеген күйлерін тарту етті. Жиналған қауым бір-бірімен көрісіп, келер ұрпаққа жүрекжарды ақ баталарын беріп, алғыстарын жаудырды.

Бұл күні көрісу мерекесі Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта «Бауырсақ» мерекесімен жалғасын тапты. Әйтеке би ауданы тұрғындары аталған шараға белсене атсалысты. Ауданның дастарқанында ұлттық тағам түрлерінен қазақша ет, бауырсақ, палау, сүзбе, қаймақ және ұлттық сусын түрлерінен қымыз бен шұбат ұсынылды. Ауданның өнерпаз жастары домбыра және баян аспаптарында ойнап, әсем ән-жырларын қала тұрғындарына тарту етті.

Биылғы жыл өңір бойынша Балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Осы орайда аудан жастары бүлдіршіндерге арнап «Бауырсақ» атты ертегі кітаптарын тарту етті.

Спортшылар да әртүрлі ұлттық спорт түрлеріне белсене қатысып, бақтарын сынады. Нәтижесінде қол күрестен Әйтеке би ауданының спортшысы Серік Мұхамедалин жүлделі І орынға ие болды.

Шара соңында «Бауырсақ» мерекесін жоғары деңгейде ұйымдастыруда белсенділік танытқан Әйтеке би аудандық жастар ресурстық орталығы Алғыс хатпен және сыйлықтармен марапатталды.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*