Басты бет » Мереке » Тамараның наурыз көжесі

Тамараның наурыз көжесі

Әйтеке би ауданының орталығы — Комсомол селосында тұратын Тамара Маханова  ұлты орыс болса да наурыз көжені дәмді етіп әзірлейді.

Мерекедегі ең сыйлы ас — наурыз көже. Онсыз болмайды. Балаларым да,  немерелерім де кішкентайынан көже асатыныма үйреніп алған, мерекеде күтіп жүреді. Наурыз көжеге қазақ молшылық, тоқшылық болсын деген ниетпен  арпа, бидай, күріш, тары сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Мен де осындай тәртіппен көже әзірлеймін.  Ең алдымен етті қайнатып алып, кейін күріш, тары, мейіз, қалауымша тұз, сүт қосамын. Бұл күні ағайын-туыс, көрші-көлем бір-біріміздің үйімізге кіріп, көжеден ауыз тиіп, құттықтап, сыйлықтарымызды береміз, — дейді Тамара.

Тамара Владимировна Ресейдің Орынбор облысы Домбаровка ауылында туған. Бес жасында ата-анасы Әйтеке би ауданы Ақкөл ауылына көшіп келіпті. Кейін Комсомолға қоныс аударады. Тамара осы жерде білім алып, жұмыс істеді. Кейін Сәбит Маханов есімді қазақ жігітіне тұрмысқа шықты. Сәбит екеуі төрт баланы өсіріп, оқытты. Бір ұлы мен қызы өз алдына отау тікті. Тамара келін болып түскенде  қазақтың әдет-ғұрыптарын  жатсынбапты.

Балалық шағымның барлығы қазақтардың ортасында өтті. Әрі қазақ тілінде еркін сөйлеймін. Содан болар, келін болып түскенде ешқандай қиындық көрмедім. Білмейтінімді ағайын-туыс, көрші-көлемнен сұрап аламын. Ет асу, жеті шелпек пісіру, наурыз көже асу секілді ұлттық тағамдарды дайындағанда ешкімнен кем түспеймін. Шекеге үлкендерді шақырып Құран оқыту, бата алу секілді дәстүрді үзген жоқпын, — дейді Тамара.

Наурыз мейрамы, Құрбан айт пен Пасха мерекелері бұл үйде ерекше атап өтіледі. Оның ішінде Наурыз мерекесіне дайындық мықты болады. Мерекеде міндетті түрде наурыз көже пісіреді. Биыл да Тамара Наурызға ерекше дайындалып жатыр. Бір апта бұрын көже дайындау үшін жылқының етін сатып алыпты. Мереке күні ағайын-туысты шақырмақ. Тамараның келіні де орыс ұлтынан. Қазір ол бар білгенін келініне үйретеді. Зейнет жасынан асса да Комсомолдағы барлық мәдени шараларға қатысады. «Сударушки» халықтық ансамблінің құрамында ән айтады. Ақтөбе, Хромтау қалаларында өтетін шараларға қатысады.

— Наурыз — достықтың, еңбек пен ынтымақтың мерекесі. Ұлтқа, ұлысқа бөлінбей барлығымыз бір ауыздан тойласақ, ынтымағымыз арта түсері анық, — дейді Тамара.

P.S.

Ұлыстың ұлы күніндегің ең сыйлы ас — наурыз көже. Мереке  жақындағанда әрбір үйде  «келер жылы молшылық, тоқшылық болсын» деген ниетпен ырыс, құттың жоралғысы ретінде міндетті түрде наурыз көже пісіріледі. Ал ұлты орыс болса да Наурыз мерекесінің мәнін түсініп, қазақтың дәстүріне құрметпен қарап жүрген Тамара Маханова секілді үлкендердің ісі кейінгілерге үлгі.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*