Басты бет » Басты жаңалықтар » Футболды дамытатын спорттық кешен іске қосылды

Футболды дамытатын спорттық кешен іске қосылды

Кеше Ақтөбе қаласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған спорт кешені пайдалануға берілді. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған атқарушы билік өкілдері, жергілікті мәслихат депутаттары, сала мамандары мен спорт сүйер жастар қатысты.

Жалпы ауданы 8 мың шаршы метрді құрайтын орталықта 5 футбол алаңы бар. Жобаның құрылысына «Ақ-Руно» ЖШС жауапты.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы спортты дамытуға қатысты жүргізіп жатқан саясатын  өздеріңіз жақсы білесіздер. Неғұрлым қазақстандықтар спортпен көбірек айналысса, соғұрлым денсаулығы мықты болады әрі еліміздің абыройы артады. Соның ішінде футболдың жөні бөлек. Өйткені осы спорт түрін халық жақсы көреді. Сондықтан Ақтөбеде футболға ерекше көңіл бөлінеді.

«Ақтөбе» футбол клубының беделі қандай екенін білесіздер. Ең негізгісі — ауыл мен қаладағы балалар арасында футболды дамыту керек. Өзіміздің балалар ойнасын деген мақсатта футбол академиясын құрғанымыз да сол себепті. Қазір барлық аудандарда академияның филиалдары бар. Оның материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша  жергілікті әкімдерге тапсырмалар берілді.

Осыдан бір жыл бұрын «Ақ-Руно» компаниясының басшысы Асқарбек Мамырбаевқа қараусыз жатқан мына ғимаратты жөндеп, осындай деңгейге жеткізу жөнінде өтініш айтқан болатынбыз. Енді бұның қандай екендігін өздеріңіз көріп тұрсыздар. Біздің мақсатымыз — бір уақытта облыстық футбол академиясына баратын кемінде 500 баланың осында таңертеңнен кешке дейін спортпен айналысуына жағдай туғызу. Бұл жерде қыста да, жазда да футболмен айналысуға болады.

Облыс басшылығы атынан футболды қашан да қолдайтынымызды айтқым келеді. Бірақ футбол таза болып, оған ешқандай сауда араласпауы керек. Нгізінен Ақтөбенің азаматтары ойнауы қажет, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

«Ақ-Руно» серіктестігінің басшысы Асқарбек Мамырбаевтың сөзінше, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асқан жоба он жыл уақытқа келісілген. Спорттық алаңдар жоғары дәрежелі жабындылармен (жасанды шөп және паркет тақтайы), жуынатын бөлмемен, өзге де қажетті бөлімдермен жабдықталған.

Спорт кешенінің ашылуы жер-жерден келген  «Ақтөбе» футбол клубының тәрбиеленушілерінің облыстық чемпионатына ұласты.

Айта кетейік, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметіне қарағанда, өңірдегі спорт мекемелерінде 800-ден астам бала футболмен айналысады.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*