Басты бет » Жаңалықтар » Интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды

Интернетпен қамтамасыз етуді тапсырды

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында Ақтөбе облысының елді мекендерін интернет желісімен қамту мәселесі, әлеуметтік салада цифрлық технологияларды енгізу, сондай-ақ «Ақылды қала» жобасын жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдар мен байланыс операторларының басшылары қатысты.

Бүгінгі таңда облыста 32 ірі медициналық  мекеме, 92 дәрігерлік амбулатория, 19 фельдшерлік-акушерлік пункт және 207 медициналық пункттері жұмыс істейді. Барлық аудандық орталық ауруханалар, Ақтөбедегі медициналық мекемелер, ауылдық медициналық диспансерлердің 70 пайызы және фельдшер-акушер пункттерінің 43 пайызы интернетпен қамтамасыз етілген. Таяуда қосымша 105 медициналық ұйымды оның ішінде 15 радиотолқын арқылы және 30 талшықты-оптикалық байланыс арқылы желіге қолжетімділігін қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Облыста 410 мектеп жұмыс істейді, оның 159 (39 процент) интернетке 4 Мбит/с жоғары жылдамдықпен қосылды, 221 мектеп (61процент) 4 Мбит/с төмен жылдамдықпен қосылса, 30 мектеп (7,4 процент) интернетке қосылмаған. Мектептердің 83 пайызы (340) жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін 590 миллион теңге қажет.

— Мемлекет басшысы экономиканың барлық салаларына және әлеуметтік салаға цифрлық технологияларды енгізу туралы нақты тапсырма берді. Ең алдымен, интернетті барлық білім беру және медициналық мекемелерге жеткізу керек. Келесі қадам деректерді беру жылдамдығын арттыру болып табылады.Сонымен қатар бағдарламалық қамтамасыз ету мен компьютерлік техникамен жұмыс істей алатын білікті мамандарды даярлау туралы ұмытуға болмайды. Бұл үшін барлық уәкілетті органдар кешенді шараларды қабылдауы керек», — деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, облыс әкімі халық арасында әлеуметтік салада, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте, құрылыс және басқа да салаларда цифрландырудың тиімділігі туралы кең түсіндіру қажеттілігін атап өтті.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*