Басты бет » Жаңалықтар » Алға ауданында «Болашақтың ауылы» бой көтереді

Алға ауданында «Болашақтың ауылы» бой көтереді

Бейсенбі күні Алға ауданының әкімі Нағымжан Алдияров облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баспасөз мәслихатын өткізіп, биылғы жылғы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Оның айтуынша, биыл аудандағы өнеркәсіп саласындағы өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға артып, 1699,2 млн теңгені құраған. Ал ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 2253,6 млн теңгені құрап, нақты көлем индексі 112,7%-ға жеткен. Нәтижесінде Алға ауданы облыста ауыл шаруашылығы саласы бойынша 1-орында тұр.

  • Бүгінгі күні аудандағы 12 ауылдық округте 40 102 адам тұрады. Жылдан-жылға аудан әлеуметтік-экономикалық жағынан жақсы дамып келеді. Биылғы жылы аудандағы құрылыс жұмыстарының көлемі 2,6 есеге артты. Жыл басынан 2914 шаршы метр көлемінде тұрғын үй қолданысқа беріліп, өткен жылмен салыстырғанда тұрғындарды баспанамен қамту 99,5 пайызға жетті. Сондай-ақ биыл аудан бойынша инвестиция көлемін 8,0 миллиард теңгеге жеткізу жоспарлануда, — деді Н.Алдияров.

Аудан әкімінің айтуынша, биыл республикалық маңызы бар Ақтөбе-Атырау тасжолының құрылысы жүргізіледі. Аталған тасжолдың 41 шақырымы аудан аумағымен өтеді. Сондай-ақ аудандағы Самбай елді мекенінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 100 орындық балабақша салынса, «Оранж Холдинг» ЖШС-ның қаржыландыруымен Маржанбұлақ ауылында гүл өсіретін жылыжай салынады. Сонымен қатар серіктестік аудан орталығында көкөніс өсіретін тағы бір жылыжай құрылысын жүргізбек. Жылыжайдың жалпы аумағы — 15 гектар.

  • Жылыжай құрылысын жүргізуге 25 миллиард теңге инвестиция салынбақ. Оның 5,3 миллиард теңгесі биылғы жылға жоспарланып отыр. Сондай-ақ алдағы сәуір айында Маржанбұлақ ауылында 100 мың мекиен тауыққа арналған құс фабрикасын салу жоспарлануда. Кәсіпорынның жылдық қуаты — 18 миллион жұмыртқа. Биылғы жылы аталған жобаға «Ұлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 600 миллион теңге қаржы салады, — деді аудан әкімі.

Оның айтуынша, алдағы уақытта ауданда 3 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Инвестиция көлемі — 8 млрд теңге.

Сондай-ақ 2019 жылы Алға ауданы Маржанбұлақ ауылдық округінде «Болашақтың ауылы» атты республикалық пилоттық жоба жүзеге асырылмақ.
Жаңа ауылдың құрылысын жүргізу 2019 жылы басталады. Бүгінгі күні әрбір жеке тұрғын үй құрылысына 854 жер учаскесі анықталды. Бас жоспарға сәйкес белгіленген аумақта бір және екі қабатты үйлер салынады. Аталған жобаға 302,7 гектар жер бөлінді. Болашақта бұл ауылда әлеуметтік және әкімшілік ғимараттар бой көтереді. Сондай-ақ бұл ауылға барлық инженерлік инфрақұрылым тартылады, — деді Н.Алдияров.

Баспасөз мәслихатының соңында аудан әкімі журналистердің сауалдарына жауап берді.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*