Басты бет » Басты жаңалықтар » Көрісу күнінде «Бауырсақ» көрмесі өтті

Көрісу күнінде «Бауырсақ» көрмесі өтті

Наурыз — 2018

Еліміздің батыс өңірі Наурыз мерекесін ерекше қарсы алады. Атырау, Маңғыстау облыстары, сондай-ақ, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының кейбір бөлігінде Наурыз мейрамы осы айдың 14-інен, яғни «Көрісу» салтынан басталады. Бұл күнді кей жерлерде «Амал» деп те атайды. Осы мерекеге орай ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябақта «Бауырсақ» көрмесі өтті. Бұл шараны облыстың белсенді жастары ұйымдастырды.

Орталық саябақ мерекеге сай ерекше безендіріліпті. Алаңды қоршай құрылған алтыбақанда қыз-жігіттер тербетілсе, бір шетінде палуандар күресіп, жастар кір тасын көтеруден жарысып жатты. Арқан тартып, қол күрестірген азаматтардың өнерін де жұртшылық қызыға тамашалады. Сахнада Т.Ахтанов атындағы драма театрдың өнерлі жастары ән айтып, би биледі. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов бастаған ақсақалдар жастарға батасын беріп, жұртшылықты мерекемен құттықтады. Сондай-ақ бауырсақтардың көрмесі шараның сәнін келтірді. Әр ауданның жастар орталығынан келгендер түрлі пішіндегі бауырсақтарды халыққа таратты. Әсіресе Байғанин ауданының жастары ерекше белсенділік танытты. Бірі сыртында «Наурыз құтты болсын!» деген жазуы бар шағын қорапшаларға бауырсақтың түрін салып, келушілердің қолына ұстатып жатса, екіншілері айран құйып берді. Дәмді бауырсақ пен ауылдың айранын ішкен жұртшылық алғыстарын жаудырды.

— Аудандағы жастар ресурстық орталығында он үш қызметкер жұмыс істейді. Осы мерекеге ерекше дайындалдық. Бауырсақты ұжым болып пісірдік. Біріміз ши бауырсақ, енді біріміз жеті нан пісірдік. Келген адамдар дәмді екенін айтып, наннан ауыз тиіп жатыр. Тіпті қорапқа салып алып кетіп жатқандары бар. Жалпы осындай мерекенің ұйымдастырылғанына өте қуаныштымыз. Әр ауданнан келген өзіміздің әріптестерімізді көріп, қуанып қалдық, — деді Байғанин аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Сая Сағынғалиева.

Қарғалы, Шалқар, Ырғыз аудандарының жастары етке дейін асып әкеліпті. Ет пен палауды  шағын тәрелкеге салып, таратып тұрған жастардың айналасына жиналған жұртшылық астан ауыз тиді.  Ойыл ауданының жастары да бауырсақ, тары мен талқан әкеліпті. Өзге аудандар да бауырсақтың түрін пісірген. Жалпы ауданнан келген  жастар бір тоннаға жуық бауырсақ пісірген. Облыстық ішкі саясат басқармасыны басшысы Бұлбұл Елеусінова жастардың бұл бастамасын қуана құптағандарын айтты.

—  Көрісу салты адамдардың арасындағы бауырмалдықты арттырып, өкпе, ренішті ұмыттырады. Бұл күні ағайын-туыс, көрші-көлем бір-бірімен көрісіп, ескі жылдан аман шыққандарына шүкіршілік етіп, жаңа жылдың жақсылықпен келуіне тілектестігін білдіреді. Ал осындай мерекеде  жастардың бұл бастамасы қуантарлық жағдай, — деді басқарма басшысы.

Наурыз мерекесі Ақтөбеде бір ай тойланады. Әр күн сайын саябақта түрлі шаралар ұйымдастырылмақ.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Бір пікір

  1. Берік Дандібаев

    Шұбарқұдық аулында бұл дәстүр жасалып тегін көже бауырсақ берілуде үлкендерге көрісіп кқже ауыз тиіп кайттық тек зиансыз пайдалы дәстүр жалғасу керек деймін

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*