Басты бет » Тарих » Жүргеновтің жары

Жүргеновтің жары

АНАЛАРҒА ТАҒЗЫМ

Қазақ әйелінің үлгі-өнегесін, парасатын паш ету, рухани-адамгершілік тәрбиені жандандыру мақсатында Ақтөбеде «Аналарға тағзым» жобасы қолға алынып отыр. Тарихымыздың қай кезеңі, қай белесінен де өзінің асқақ рухымен, өнегелі істерімен, еліне, еріне деген адалдығымен тектілік ұғымының символына айналған ару аналар есімін алға тарта аламыз. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, 37-нің зұлматында жазықсыз жалаға ұшыраған Темірбек Жүргеновтің жары Дәмеш Ермекова — сондай тұлғалардың бірі.

Дәмеш апа — Темірбек Жүргенов ақталғаннан кейінгі өмірін жарының тарихтағы орнына қатысты әділеттілікті біржола қалпына келтіру, оның есімін ұлықтау мақсатындағы істерге ұйытқы болуға арнаған жан. Осы орайда Жүргеновтің жерлестері, Дәмеш апаның өзі «Темірбектің отаны» деп атаған Ырғыз өңірінің азаматтары да оған қызу қолдау көрсетті. Біз Дәмеш Ермекова, әсіресе, өмірінің соңғы жылдарында үзбей қатынасып, өзінің естеліктерін аманаттаған, қуаныш-мұңын бөліскен жандарды ол туралы әңгімеге тартқан едік…

«Темірбектің атын өшірмеймін»

Бекарыстан Мырзабай:

— 1978 жылы қараша айында Алматыдағы партия тарихы институтының

залында Темірбек Жүргеновтің 80 жылдығына арналған кеш болды. Кеште

Рамазан Сүлейменов баяндама жасап, жазушы Ғабит Мүсірепов, өнер қайраткерлері — Серке Қожамқұлов, Шара Жиенқұлова, жұбайы Дәмеш Ермекова тыңдаған адамды тебірентер естеліктер айтты.

Абай атындағы Қазақ педагогикалық институты, тарих факультетінің ІІ курсында оқып жүрген мен әкемнің: «Нұра орта мектебіне Темірбек Жүргеновтің есімі берілді. Темірбектен ұрпақ бар ма екен, соны білерсің» — деген тапсырма хатын жақында ғана алғанмын. Темірбек Жүргеновті бұрыннан білетін ұстазым Қайрош ағайдан Дәмеш Ермекованың телефонын алып, хабарластым. Ол кісі кездесетін күнді белгілеп, Пролетар көшесі 98-үй, 38-пәтердің есігінен кіргенімде, сәл еңкіш тартқан ұзын бойы, бетін әжім торлаған жылы жүзді қарт ана жұмсақ дауыспен:

— Ә, қарғашым, қош келдіңіз, — деп қарсы алды. Шағын екі бөлмелі үйдің сол жағындағы залда ілулі тұрған Темірбектің портретін көрсетіп:

— Мынау Темірбек ағаңның 1936 жылы Мәскеудегі онкүндіктен кейін,

Қырымда бір ай демалып келген соң түскен, менде сақталған жалғыз суреті, – деді

дауысы сәл дірілдеп. Осы алғашқы таныстықтан кейін Дәмеш апамен ол кісі өмірден озғанша 12 жылдай  араласып тұрдым.

1988 жылы Мардан Байділдаевтың ізденуімен Боралдайдағы 19 халық комиссары атылған жерге бір топ ниеттестерімен барып, зиярат еткен Дәмеш апа маған:

— Қарғашым, Шоратайым үш жасында Ташкентте шетінеді, Жұманазарым біздер

атылып-айдалып кеткен соң, әке-шешемді ақтап аламын деп майданға аттанып, оралмады. Олар тірі болса әкесін дәл осылай іздер ме еді? Мен саған өмірімнің кей сәттерін айтып берейін, — деді.

Сол естелік бойынша, ол 17 жасында Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің медицина факультетіне оқуға түскен. Бұл оқуға: «Сенің жүрегің жұмсақ, дәрігер болуың керек» — деген әкесінің інісі Әлімхан Ермековтің ақылымен аттанған. Әлімхан Ермеков — белгілі ұлт қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі, қазақтан шыққан тұңғыш математик-профессор. Дәмеш апайдың арғы бабасы Ермек жастай болыс болған, әйгілі Құнанбаймен бірге қажылық парызын өтеуге барып, сол жақта дүниеден өткен, Мәдине шаһарында жерленген адам екен. Жалпы, бұл — ғалымдар, белгілі тұлғалар шыққан әулет.

Дәл сол тұста Темірбек Жүргенов те Орта Азия мемлекеттік университетінің заң-экономика факультетінде оқыған. Оқумен қатар Қазақ Республикасының Ташкенттегі өкілі болып қызмет атқарған. Университетті Темірбек үш жарым жылда үздік бітіріп шықты. «Біз үш жыл таныс болып, 1926 жылы желтоқсан айында үйленіп, отау құрдық», — дейтін Дәмеш апа.

1926 жылы Ташкентте қазақтың тұңғыш педагогикалық жоғары оқу орны

ашылды. Темірбек Жүргенов сол оқу орнының ректоры болып тағайындалды. 1928 жылы бұл институт Ташкенттен Алматыға көшірілді, ал Жүргеновті Тәжікстан үкіметіне қаржы халық комиссары етіп жіберген. Ол парсы, өзбек тілдерін жақсы білген. Одан соң, 1930-1933 жылдары Өзбекстанда халық ағарту комиссары болып істеді. 1933 жылы оны Қазақстанға шақыртады. Жүргеновті шақырту жөніндегі ұсынысты Ұзақбай Құлымбетов айтып, ал хабарды Ташкентке Ғабит Мүсірепов апарады. Қазақстанға шақырту алғанда, Темірбек ағамыз балаша қуаныпты…

Тағы бір әңгімесінде Дәмеш апа: «1936 жылы Москвада қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігі жақсы өтті. Сол жылдың жазында Темірбек демалысқа Қырымға, одан әрі Одессаға барды. Жаңа салынған опера театрының эскизін, 20 суретін алып келді. Бір күні екеуміз жүріп келейік деп көшеге шықтық, Калинин көшесіне келгенде, Темірбек тұрып қалды да: «Міне, осы жерге театр салыну керек», — деді. «Апыр-ай, сенің шұғылдан тез шешетін әдетің бар» — дедім мен. Айтқандай, Темірбектің көрсеткен жерінде қазір қазақ опера театры тұр» — деген еді.

Қуанышты дәурен ұзаққа созылмады, 1937-нің тамыз айында жазықсыз Темірбекті «халық жауы» деп алып кетеді. 1938 жылдың көктемінде апайды да түрмеге  қамаған. «Үйдегі анаммен әрең қоштасып үлгердім. Құлымбетовтің, Садуақасовтың, Сырғабековтің әйелдері де қамалды. Түрмеде отырып үнсіз жылағанымызда, парлап аққан екі көздің жасы көл болды, 3–4

күндей берген тамағы тамағымыздан өтпеді, ұйқы көрмедік, тек жылаумен, қайғымен өткен күндер болды», — деп еске алған еді апай. Маусым айында оларға да үкім шығып, әрқайсысын 8 жылға бас бостандығынан айырады. Лагерьге бірнеше айдан соң, қыс түсе әкетеді. Жолдағы вагонда Сәкен Сейфуллиннің ұлы Аян анасы Гүлбаһрамның қолында көз жұмады. Бұл жөнінде апай: «Князева деген әйелмен екеуміз Гүлбаһрамды бір күн қайрап, қолындағы сәбидің денесін әрең дегенде алып, түн ішінде вагонның бүйіріндегі тесіктен тымақ киген бір қазаққа «Жер қойнына беріңіз» деп ұстаттық. Бұл қай жер деп сұрап едік, Саршаған деген станса деді әлгі қазақ», — деп еске алған еді.

АЛЖИР лагерінде 8 жыл болып, 1946 жылы босап шыққан. Бірақ Алматыға келуіне тыйым салынған. 1957 жылы Темірбек Жүргенов ақталды. Тек содан соң ғана Алматыға оралуға рұқсат беріледі. Мұнда ол алғашында өзі сияқты «халық жауы» деген жаламен ұсталған қайраткерлердің әйелдерімен бірге барақ үйде тұрған. Көңілдегі үрей бірден өше қоймаған… Сондықтан Алматыдағы алғашқы жылдары өзіне көмектеспек болған жандарға қатты-қатты сөздер айтып, маңайына жақындатпауға тырысыпты. «Темірбек Жүргеновтің жарына көмектесіпті» деген сөзге қалар, біреулерге зияным тиіп кетер» — деп қорыққан. Ал кейін оған Темірбек Жүргеновтің жары ретінде екі бөлмелі пәтер берілген. Дәмеш апай өмірінің соңына дейін Алматыдағы медицина институтында оқытушы болды, мыңдаған болашақ мамандар ол кісінің алдынан өтті. Дегенмен, лагерьден шыққаннан кейінгі ғұмырында оның бар ойы алдымен Темірбек Жүргеновті ақтау, кейіннен оның есімін есте қалдыруға арналған шаралар төңірегінде болды. Осы тұрғыдағы өтініштермен Сталиннің, Хрущевтің, Қонаевтың атына ондаған хаттар жолдаған. «Темірбекті тірілте алмаймын, бірақ оның істеген ісі мен халқына жасаған жұмысын, көптеген жазып қалдырған еңбектері мен Темірбегімнің атын өшірмеймін деп көп ойландым, жанымды аямай іздендім», — дейтін және өзіне осы істерді атқаруда асқан жанашырлықпен көп көмек көрсеткен Мардан Байділдаевқа деген ризашылығын әрдайым айтып отыратын.

Шексіз мақтан тұтты…

Тыныштық Бәйімбетова:

— 1986 жылы Ырғызда Жүргенов ескерткіші ашылды. Ол кезде аудандық партия комитетінде істейтін едім. Негізі, ескерткіш Алматыда құйылып, бір жылдай уақыт бұрын әкелінген болатын. Бірақ сол кездегі облыс басшылығынан ескерткішті ашуға рұқсат алу оңайға соқпады. Ескерткіш Ырғыздың нақ орталығында тұрса деген ойымызды да жоғары жақ құптамады, аудандық Мәдениет үйі алдына орнататын болдық. Ашылу салтанатына Алматыдан Дәмеш апай мен профессор Мардан Байділдаев, Жүргеновтің Жалағаш өңіріндегі туыстары, басқа да көптеген қонақтар келеді деген жеделхат алып, қызу дайындыққа кірістік. Бұл апайдың 80-нен асқан кезі еді. Қолына таяқ ұстаса да, жүріс-тұрысы ширақ, ұзын бойлы, қазақша сөйлесе, бір ауыз орыс сөзін қоспай, ал орысшасына қазақша араластырмай, мәдениетті сөйлейтін, сыпайы жан екен. Ырғыздың топырағын сүйіп тұрып, «Темірбектің талай жүрген жері ғой. Осы кезге дейін келе алмап едім, ақыры бір көргенім үшін бақыттымын», — деп көзіне жас алды. Ескерткіштің ашылу салтанатынан кейін, Мәдениет үйінде халықпен кездесу өтті. Қатты тебіреніс үстінде, қан қысымының көтеріліп кететіні бар екен. Сондықтан қажетті дәрісін ішіп, күтініп жүрді. Дәрігер болғандықтан, қан қысымын өзі өлшеп, ем-домын тап-тұйнақтай жасайды. АЛЖИР лагерінде болған жылдарында да, мамандығы бойынша, дәрігердің көмекшісі қызметін атқарған ол басқа қазақ әйелдеріне қарайласып, жұмыстан титықтаған шақтарында аз күн демалуларына жағдай жасап жүріпті.

Осы таныстықтан кейін апаймен хат жазысып, Алматыға жолым түскенде, міндетті түрде үйіне соғып, үзбей хабарласып тұрдық. Апайдың хаттарын қымбат дүниедей сақтап жүрмін. Ырғыздағы алғашқы кездесуден кейін жазған хатында: «…1986 жылы сіздерге, Темірбектің отанына барып қайтқаным қандай жақсы болды. Сол сапарыма аса ризамын. Бір кездері бала Темірбектің табаны тиген топырақты басқаныма қуандым, оның жерлестері мен алыс туыстары боп келетін алтын адамдармен танысқаныма қуандым. Осы күнге дейін сіңлімнің сырқатына алаңдап, сіздерге алғыс айтып, арнайы хат жібере алмаған едім. Темірбектің отанында мені жылы қарсы алып, құрметтегендеріңіз үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздердің бастамаларыңыз бойынша жасалып, орнатылған аяулы жарымның ескерткішіне бас идім, оның атындағы көшеде болдым, музейді көрдім. Жүргеновтің ескерткіші ашылған күнді ұмыту мүмкін емес… Жиналған жұрттың жүзіндегі мақтаныш пен айтылған ақжарма естеліктер менің жүрегімдегі құпия сандықта мәңгілік сақталған сол бір күнгі Темірбектің өшпес бейнесін қайта тірілтті. Көзіме жас келді», — депті.

Тағы бір хатында Темірбек Жүргеновтің 90 жылдық мерейтойын атап өту және Алматыдағы мектептердің біріне оның атын беру жөніндегі ұсыныспен жоғары жаққа барғанын айтыпты да, соңын: «Қарашаның алғашқы күндерінде теледидардан Темірбек туралы хабар берілуі керек, республикалық арнаның бағдарламасын қадағалай жүріңіздер» — деп аяқтапты.

Иә, ол кісінің Темірбектің атын қоспай, сөз сөйлемейтін қасиеті көзін көргендердің бәрінің де есінде қалған болса керек. Үйіне барған жанды үнемі: «Міне, ағаңның үйіне келдің» — деп қарсы алатын. «Темірбек өзінің қысқа ғана ғұмырында қазаққа, кейінгі ұрпаққа қажетті қаншама іс атқарды?», — деп, әрдайым ерін шексіз мақтан тұтты.

P.S. Дәмеш Ермекова өзінің Тұрар Рысқұловтың жары — Әзиза туралы  естелігінде: «Отызыншы жылдар аруларының басына түскен қасірет бұлты тым қою еді. Міне, осындай түнек арасынан адаспай шыққан жандардың алдында бас иген жөн. Ақ пен қараның, жеңіл мен ауырдың арасалмағын кейінгі ұрпаққа ажыратып берген, кермек дәмін өздері татқан абзал аналар рухы ешқашан жоғалмауға тиісті», — деп жазыпты. Біздің әңгімеміздің түйініне де нақ осы жолдар дөп келіп тұр…

 Жазып алған Индира ӨТЕМІС.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*