Басты бет » Экономика » Мал өсіруге деген қамқорлық

Мал өсіруге деген қамқорлық

Өзекті мәселе

Сенбі күні облыс әкімдігінде ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары басшыларының, бизнес бірлестіктердің, банк жүйелерінің даму институттары мен өңдеуші кәсіпорындардың өкілдері қатысқан жиында Ақтөбе ет кластерін дамыту, сонымен қатар Қазақстандағы тұңғыш шаруаларға қызмет көрсету орталығын құру мәселелері талқыланды.

— Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы мал шаруашылығын дамытудың түбегейлі шараларын қабылдауды тапсырған болатын. Бұл жерде әңгіме етпен қатар, сүт бағытын да дамыту жайында болып отыр. Өңірде белгілі бір жұмыстар жүргізіліп жатыр, бірақ әзірге елеулі нәтижелер жоқ. Мал басының жылына 3-4 пайызға өскені жеткіліксіз. Біздің басты мақсатымыз — мал өнімінің импортынан бас тартып, экспорт көлемін арттыру, — деді жиында облыс әкімі.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсембайдың баяндағанындай, бүгінде облыс аудандарында осы бағытта жұмыс жасауға қызығушылық танытып отырған 16 ірі шаруа қожалығы бар. Биылғы облыс асылтұқымды ірі қара  санын 11 мыңға жеткізіп, оның ішінде мың бұқа ұстауды көздеп отыр. Мал сатып алуды субсидиялауға республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу жоспарлануда.

Сондай-ақ, Ақтөбе республикадағы «Шаруаларға қызмет көрсету» пилоттық жобасын жүзеге асыратын алғашқы қалаға айналады. Онда ауыл шаруашылығын өндірушілер «бір терезе» қағидасы бойынша қажет қызметтердің толық  жиынтығын ала алады.

Жоба аясында мал өткізетін бірыңғай электронды база енгізілмек, мал мен ауыл шаруашылығы техникасын сататын аукцион мен алаң ұйымдастырылған. Сол жерде шаруаларға мемлекеттік қолдау көрсететін қаржы институттарының өкілдіктері орналасады.

Жобаны мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жүзеге асыру жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда, орталықты құру ауыл шаруашылығын дамытуға елеулі түрде  түрткі болатын ірі қара мал саудасында әділ баға мен айқындылықты орнатуға, ветеринарлық және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы қысқа мерзім ішінде облыс аудандарында ет кластерін дамытатын «зәкірлі» шаруа қожалықтарының тізімін жасап бітіруді тапсырды. Ол сондай-ақ өңірдегі малдәрігерлік қызмет жағдайларына қадағалау жағын күшейтуді баса айтты.

— Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларға қызмет көрсету орталығын құру идеясын қолдады. Енді біз оны тезірек жүзеге асыруымыз керек. Ең соңғы мерзім — осы жылдың үшінші тоқсаны. Меніңше, мұның нақты нәтижесін шаруалар ғана емес, халық та сезінетін болады. Жобаны жүзеге асыру, ақыр соңында, өзіндік құнды, өндіріс шығындарын азайту және қажетсіз делдалдарды жою арқылы ауылшаруашылық өнімдерінің бағасын төмендетуге мүмкіндік береді, — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*