Басты бет » Экономика » 42 мыңнан астам адамға қолдау көрсетіледі
Сурет inform.kz сайтынан алынды

42 мыңнан астам адамға қолдау көрсетіледі

2018 жылы өңірімізде жұмыспен қамту мақсатындағы шаралар аясында 42 мыңнан астам адамға қолдау көрсетіледі.

Дүйсенбі, 12 наурыз күні облыстық әкімдікте өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұрғындарды «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасына» қатыстыру жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындау мақсатындағы мәселелер талқыланды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиынға мемлекеттік органдар, даму институттары, екінші дәрежелі банктер басшылары, сондай-ақ бейнеконференция арқылы аудандар әкімдері қатысты. Биыл бұл бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында облысқа 6,4 миллиард теңге қаржы бөлінбек, ал 2017 жылы бөлінген қаржының көлемі 4,8 миллиард теңге болатын.

Облыс басшысы бөлінген қаржыны уақтылы және тиімді игеру үшін тиісті шараларды қолға алуды тапсырды.

— Біздің басты міндетіміз — жұмыссыздық көрсеткішінің артуына жол бермеу. Жұмыссыздық 4,8 пайыздық көрсеткіштен жоғарыламауы керек. Бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында жыл басынан бері жасалып жатқан жұмыстарды талдасақ, қарқынды әлі де арттыра түсу қажеттігін көрсетеді. Негізінен, тұрақты жұмыс орындарын құруға, оқытуды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша жүргізуге баса назар аудару керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтушылар мен жұмыссыздарды бағдарламаны жүзеге асыру аясындағы шараларға көбірек тарту үшін бюджет қаржысы уақытында және толық көлемде игерілуі тиіс, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаровтың айтуынша, бағдарлама аясында 2018 жылы 1000-нан астам адам тегін кәсіби-техникалық білім алатын болады. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша дуальды оқытудың қысқа мерзімді курстарына 2300-ге жуық адам тартылмақ. Өткен жылы осындай курстарда оқыған азаматтардың 93 пайызы жұмысқа орналасқан.

Сонымен қатар, биыл барлық 12 ауданның тұрғындары кәсіпкерлік негіздерін үйрететін «Бастау Бизнес» курстарына қатыса алады. Былтыр мұндай курстар тек 6 ауданда өткізілген еді. Өзін-өзі жұмыспен қамтушы және жұмыссыз 2200-ден астам адам кәсіпкерліктің қыр-сырын үйретіп, қаржылық сауаттылықты арттыруға және шағын несиелермен қамтуға бағытталған курстарда оқиды деп күтіліп отыр. Биыл аталған бағдарлама аясында да кәсіпкерлікті дамыту мақсатында гранттар берілетін болады. Біздің облыста 50 адамға осындай гранттар беру жоспарланған.

— Шағын несие беруді көбейту — Елбасының бес әлеуметтік бастамасының бірі. Бұл бағыттағы жұмыстарды әлі де белсендірек жүргізу қажет. Кәсіпкерлікті дамытуға гранттар бөлетін даму институттарымен әріптестік аясын кеңейту керек, ал ондай ұйымдар елімізде аз емес, — деді облыс әкімі.

Жалпы, жұмыспен қамтуға ықпал ету мақсатындағы белсенді шаралар аясында биыл 42 мың адамға қолдау көрсету көзделген. Олар — өзін-өзі жұмыспен қамтуда нәтижеге қол жеткізе алмай отырған, сондай-ақ жұмыссыз және аз қамтылған азаматтар. 1 наурызға дейін бұл жоспар 10,3 пайыз орындалған.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*