Басты бет » Басты жаңалықтар » Астанадағы Назарбаев атындағы нысандар

Астанадағы Назарбаев атындағы нысандар

Екі он жылдықты артқа тастағалы отырған елордада Тұңғыш Президент — Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне ашылған әлеуметтік мекемелер аз емес. Бүгін біз олардың бірқатарының тыныс-тіршілігіне тоқталмақпыз.

 

Сан түрлі қызмет — бір орталық

Елбасының 2012 жылғы 23 қаңтардағы Жарлығымен «Президенттік мәдениет орталығы» мемлекеттік мекемесінің негізінде Қазақстанда мемлекеттіліктің тарихын жүйелі зерттеу және танымал ету мақсатында көпфункционалды ғылыми-талдамалық және гуманитарлық-ағартушылық Назарбаев орталығы құрылды. Жалпақ тілмен айтқанда, орталықтың жұмысының негізі — еліміздің тарихын зерттеу һәм танымал ету, бұл бойынша ақпараттық кеңістік құру және оны жетілдіру. Мұнда гуманитарлық-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси шаралар көптеп ұйымдастырылады.

Мемлекеттік мекеме өз қызметін ғылыми-зерттеу және сараптамалық-талдау, гуманитарлық-ағартушылық және білім беру, кітапхана-мұрағат және ақпарат қызметі, мұражай қызметі салалары бойынша төрт бағытта жүзеге асырады.

Соның ішінде музейдің орны бөлек. Назарбаев орталығы мұражай саласы қызметінде Қазақстандағы мемлекеттілік тарихын айқындайтын мәдени құндылықтарды табу, есепке алу, жинақтау, сақтау, зерттеу және пайдалану үдерісін материалды-техникалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, қаржылық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Мұражайлық экспозициялар құрып, шет елдерде көрмелер ұйымдастырып һәм өткізеді. Тарихи жәдігерлерге бай қордың өзі 5 қабатқа бөлініп, әрқайсысы жеке-дара бөлім болып жасақталған. Атап айтсақ, алғашқы қабатта «Тәуелсіз Қазақстан және оның негізін қалаушы Президент Н.Ә.Назарбаев» атты зал орналасқан. Ондағы мақсат —Қазақстанның Тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінің нышанына айналған, қазіргі әлемдік қоғамдастықта белді тұлға саналатын Ұлт көшбасшысы тұлғасының сан қырлы қасиетін ашып көрсету. Аталған экспозицияның өзі 4 бөлімнен тұрады: «Мемлекет негізін қалаушы», «ҚР Президенті Н.Назарбаев және халық», «ҚР Президенті Н.Назарбаев — реформатор» және «ҚР Президенті Н.Назарбаев — әлемдік деңгейдегі көшбасшы». Зал бағандарына жағалай орналасқан витриналарға Қазақстан Республикасының негізгі заңдарынан дәйексөздер қойылса, төрде Елбасыға өзге мемлекет басшылары сыйға тартқан тартуларының галереясы орналасқан. Ал этнография залында халық қолөнершілерінің туындыларымен танысуға болады. Оның ішінде ағаш, металл, былғары, жүннен жасалған үй керек-жарақтары мен ұлттық-тұрмыстық заттар жиынтығы кеңінен ұсынылған. Сан түрлі әшекей бұйымдар және бар. Әсіресе, өзіндік ұлттық бояуымен ерекшеленетін, ғажап өңдеуден өткен ұлттық нақыштағы алуан түрлі жүзіктер, білезіктер, көкірекке тағатын әшекейлер мен шашбаулар, басқа да зергерлік бұйымдар алыстан «мен мұндалайды». «Қасиет» залында қайталанбас, бірегей экспонаттар топтастырылған. Олар: қазақ халқының ұлы тұлғаларының киімдері, Болат Сарыбаев коллекциясындағы музыкалық аспаптар, ұлттық нақыштағы қару-жарақтар мен әшекей бұйымдар. Зал экспозициясында XVIII ғасырда Қазақ хандығының саяси күш-қуатын арттырған, ғажайып дипломат, данышпан саясаткер, қырағы стратег болып танылған Абылай ханның шапанына айрықша орын берілген. Бәрінен бұрын, «Қазақ әлемі» залындағы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Астана қаласының бұрынғы әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің жеке коллекцияларын ерекше атап өткен ләзім. Жиырма жыл бойы жиналған бұл коллекциялар қатарында бірегей бейнелі-қолданбалы, қолға түспейтін және өте сирек кездесетін қолөнер еңбектері кездеседі. Бұлардың көбі XVIII-XX ғасырларда жасалған. Сондай-ақ, музейде Қазақ хандығы, дәстүрлі ислам және православие діндері, Астана қаласы, т.б. арналған арнаулы залдар жұмыс істейді. Мұнда аптаның әр күнінде алыс-жақын елдерден келетін туристердің саны көп.

«Елбасы кітапханасы — сәулет өнерінің жарқын үлгісі»

2014 жылы пайдалануға берілген Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының ашылу салтанатында Нұрсұлтан Назарбаев осылай деген болатын. Сөзсіз, бұл кешен — Астанадағы аты да, заты да ерек ғимараттардың бірі.

Нұрсұлтан Әбішұлының негізгі кітап қорын сақтап қана қоймай, мұрағаты және музейін, сондай-ақ, мәдени-ағартушылық саласындағы қызметтерін жүзеге асырып отырған орталық ай сайын жаңа еңбектермен толығып отырады.

Жалпы, мұнда 8 экспозициялық орын бар. Елдегі атаулы даталар кезінде ол жерлерде тақырыптық көрмелер өткізіледі. Кітапхананың қоры туралы айтар болсақ, бүгінде 30 мыңнан астам кітап бар. Мұнда бірегей, коллекциялық, ескі қолжазбаларды да табуға болады. Айталық, XVII ғасырда жарық көрген іргелі еңбектер, 1667 жылы шыққан Құранның сүрелері мен аяттары негізінде құрастыралған Шариғат нормалары, т.б. құнды жәдігерлер баршылық.

Сонымен қатар, Елбасы кітапханасы жанынан мәдени-ағартушылық бағыттағы «Кемел ел» атты орталықтың ашылғанына көп уақыт бола қоймаған. Бұл ұйым күн тәртібіндегі жұмыстармен шектелмей, көшбасшы жастарды шыңдауды мақсат етіп отыр. Оған мүшелікке тек астаналықтарды ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен өрендерді мүшелікке тарту жоспарлануда. Қазіргі таңда сол негізде жұмыстар жүргізілу үстінде.

Назарбаев университетінде оқып жүр…

Ел Президентінің бастамасымен 2010 жылы негізі қаланған Назарбаев университеті әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуды көздейтін мемлекеттің флагмандық оқу орны болып табылады. Бұл — қызметі дербестік және академиялық еркіндік қағидаттарына негізделген Қазақстандағы ең алғашқы университет. Университетке дербестік мәртебесі «Назарбаев Университеті», «Назарбаев Зияткерлік мектептері» және «Назарбаев Қоры» мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 19 қаңтардағы Заңына сәйкес берілді.

2015 жылы Назарбаев Университетінің алғашқы 446 түлегі оқуын тәмамдап, Елбасының қолынан дипломын алды. Жоғары оқу орнына жыл сайын 500 грант бөлінеді.

Мұндағы баспасөз қызметінен білгеніміздей, студенттердің басым көпшілігі гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар, инженерия, ғылым мен технология, сондай-ақ, білім беру, мемлекеттік саясат және бизнестің жоғары мектептері бойынша оқиды. Жастардың арасында компьютерлік ғылымдар, инженерлік механика, роботты техника және мехатроника, білім беру ісін басқару, биологиялық ғылымдар, электрлік және электрондық инженерия мамандықтары ерекше сұранысқа ие.

Бірегей мектеп. Жаңартылған оқу жүйесі

Назарбаев университетін тілге тиек еткенде, тағы бір білім беру мекемесі — Назарбаев Зияткерлік мектебін айналып өте алмаймыз. Химия-биология бағытындағы оқу ошағы 2010 жылдың 1 қыркүйегінде өз есігін айқара ашты.

Араға бір жыл салып, Назарбаев Зияткерлік мектебін Халықаралық Бакалавриатқа авторизациялау туралы шешім қабылданды. Халықаралық Бакалавриат шеңберінде оқушыларға икемдеп берілуіне байланысты химия- биологиялық бейін қысқартылып, мектептің аты Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі болып өзгертілді. Бұл — жер-жердегі Назарбаев Зияткерлік мектептері жүйесінде Халықаралық Бакалавриатты авторизациялауға жұмыс жүргізіп жатқан бірден-бір мектеп.

Елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушылардың зерттеу дағдыларын дамытуға арналған заманға сай зертханалар мен интерактивті мультимедиялық кабинеттермен, ноутбуктермен толық қамтылған. Мектептің кітапхана қоры үш тілдегі сапалы оқу жүйесі үшін материалдық-техникалық базамен және ресурстармен жабдықталған. Мектепте мәжіліс және салтанат залы, спорт, гимнастика, тренажер залдары, би залы, футбол алаңы, баскетбол және волейбол алаңы, «жүгіру жолы» жұмыс істейді.

Мектептің оқытушылар құрамы жергілікті, сондай-ақ, шетелдік мұғалімдерден  құрылған. Ұстаздар өз білімін жетілдіру үшін жүйелі түрде Швейцария, Норвегия, Англия, Италия, Ирландия, Швеция, Сингапур, Ресей сынды мемлекеттерде курстардан өтеді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*