Басты бет » Экономика » Кәсіпкерлікке кедергі келмесін

Кәсіпкерлікке кедергі келмесін

Кеше Ақтөбе қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша кәсіпкерлердің ІІ өңірлік форумы өтті. Форум жұмысын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен облыстық кәсіпкерлер палатасы бірігіп өткізді. Форум жұмысына мемлекеттік органдардың басшылары мен ірі, шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.

Форумды өткізудегі мақсат — ел экономикасына зиян келтіретін сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын сақтау және бизнес саласында құқықтық қабілеттілікті жетілдіру.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Қайыржан Тоқышев өз сөзінде кәсіпкерлікті жүргізу барысында әкімшілік кедергілерді қысқартуға бағытталған жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Кәсіпкерліксіз кез келген мемлекеттің дамуы мүмкін болмайтыны анық. Себебі кәсіпкерліктің экономиканы дамытудағы алатын орны ерекше. Сондықтан Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту үшін рұқсат ету жүйесін жетілдіріп, әкімшілік кедергілерді жою қажет. Сол сияқты, мемлекеттік бақылау, қадағалау қызметін оңтайландыру мәселелерін шешуде де бірқатар шаралар қабылданып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлік саласына ерекше назар аударып, бұл саланы одан әрі дамытуды негізгі басым бағыттардың қатарына енгізуді жалғастыруда, — деді Қ.Тоқышев.

Департамен басшысы мұндай сипаттағы форумнан оң нәтиже шығатынын атап өтті.

Форум жұмысы кезінде облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов аймақта бизнес саласын дамытуда, әсіресе әкімшілік кедергілерді жою бағытында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Бүгінде палата жанынан құрылған кәсіпкерлер құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес тұрақты жұмыс жасайды. Кеңес отырысы кезінде мұндай проблемалар жан-жақты талқыланады.

Форумда аталған кеңестің төрағасы Есімхан Құрманғазин:

Бұған дейін осындай сипаттағы форум республика деңгейінде өткізілген болатын. Мұндай қажеттілік алдағы уақытта мемлекеттік қызмет көрсету саласында кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілер болмас үшін жасалып жатқан шара. Ай сайын кеңес отырысы өткізіледі. Былтырдың өзінде кәсіпкерлер тарапынан 22 үлкен мәселе көтерілді. Сол мәселелердің 70 пайызы өз шешімін тапты. Бұл орайда айта кететін жайт, кейбір мәселелердің облыс емес, республика деңгейде шешілетіні болады. Егер сондай мәселелер көтерілсе, оны біз орталық палатаға жолдаймыз, сол жақта қаралады. Бірақ, әрбір кәсіпкердің қандай мәселесі болса да соны шешудің ретін табуға тырысамыз. Айта кетсек, кәсіпкерлер тарапынан жер алу, субсидияға қатысты мәселелер көбірек туындайды. Сондай-ақ, бүгінгі күні кәсіпкерлер үшін сәулет және қала құрылысына қатысты проблемалар да туындап жатады. Жол бойындағы сервистік қызметті дамыту ісінде де кәсіпкерлерге келтірілетін кедергілер бар.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жол бойында, әсіресе республикалық, халықаралық маңызы бар транзиттік дәліздердің бойында сервистік қызметтерді дамыту мәселесін жиі айтады. Алайда аудандарда жергілікті биліктің бұл іске пәлендей бас ауыртып, көңіл бөле қоймайтынын Е.Құрманғазиннің мына сөзінен-ақ аңғаруға болады:

Былтыр «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің бойында кәсіпкерлер үшін мұндай қызмет түрін ашуда кедергілер орын алды. Яғни, ауданда кәсіпкерлерге жол бойында сервистік қызмет ашуда дұрыс жер берілмейді. Жергілікті билік кәсіпкер белгілеген жерге байланысты болашақта ол орында айналма жол болады дегендей  сан түрлі сылтау айтатын көрінеді. Мұндай жағдайларға байланысты біз аудан әкімдіктеріне шығып, жергілікті билік өкілдерімен кездесіп, мәселені оңтайлы  шешуге тырысамыз. Тексеріс кезінде жердің бос жатқаны, болашақта ол жерлерде ешқандай құрылыстың болмайтыны анықталады.  Кәсіпкерлер үшін осындай кедергілер келтіретін жайттарға байланысты біраз адамдар әкімшілік жауапқа тартылып, тиісті жазасын алады.

Форум жұмысы кезінде кәсіпкерлер тарапынан қойылған сауалдарға байланысты нақты жауап алынды.

Басқосуда ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақтөбе облысы бойынша департаменті мен облыстағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы  арасында ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру бойынша Жол картасына қол қойылды. Форум соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға елеулі үлкес қосқан «Анвар», «Лучшее решение», «Алтай» сынды серіктестіктер мен «Нұрдәулет» сауда үйі мен «Keruencity» сауда, ойын-сауық орталықтарының ең белсенді бизнес өкілдері марапатталды.

Арайлым НҰРБАЕВА. 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*