Басты бет » Тарих » Оңберген аға осындай еді

Оңберген аға осындай еді

Тағзым

Оңберген Көшімұлының өзі жүрген ортасында орны бөлек азамат. Ұзын бойлы, келбетті, қарапайымдылығы басым, көздерінен жақсылықтың нышаны ұшқындап тұратын еді.

Мен ол кісіні сонау сексенінші жылдардан облыстық партия комитетінде қызмет істеген кезінен бастап білемін. Қазақ және орыс тілдерінде еркін сөйлейтін. Ол кездері облыстық партия комитетінен аудандарға өкіл бекітіледі.

Оңберген Көшімұлы Шалқар ауданына өкіл болып келетін. Атқаратын қызметі инспекторлық. Партияның күшіне мініп тұрған кезі. Инспектордың сөзі өтімді. Сол кездерде Шалқар аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Бәтен Алагөзов ағамыз еді. Бірсөзді, сауатты, бүкіл жан дүниесімен жұмысқа берілген азамат болатын.

Бәтен ағамыз Оңберген Көшімұлын күтіп алып, қасында жүруді Жөлекенов Зинелабдин екеумізге тапсыратын. Біздер ол уақытта отызға жақындап қалған жас жігіттерміз. Оңберген Көшімұлы біздерге өзін Оңеке деп айтыңдар дейтін. Ал бізді Төлбай, Зинелабдин деп атымызбен атайтын.

Ол дастарқан басында, жұмыстан тыс уақыттарда өзін өте көңілді ұстайтын. Әңгімені майын тамыза айтады. Ұлы Абайдың әжесі Зере туралы өзгеше деректерді сол Оңберген ағадан естіген едік. Зере өте ақылды, адал, жомарт, ауызбіршілікті сақтап отыратын ана болған. Абай Зере әжесінің қолында тәрбиеленген. Зере жеті жарғыны жетік біліп, Абайға жастайынан «Құла мерген», «Жұпар қорығы» оқиғаларын, «Еңлік-Кебек» жырын айтып отырған. Абай Семейден оқып  келгенде әкесінен бұрын әжесін құшақтайды екен деп айтатын. Және бұл әңгімелері бізге әсерлі естіліп, ерекше ықыласпен тыңдайтынбыз.

Оңберген Көшімұлы жұмыс уақытында тіптен бөлек. Кешегі қалжың, ақкөңілділік түбегейлі жойылып, салмақтылық пайда болады. Шаруашылық жұмыстарын, жазылған құжаттарды мұқият қарап талдау жасайтын. Қандай саланы қараса, сол саланың маманы сияқты көрінетін. Орын алып тұрған кемшіліктердің неден болып тұрғанын түсіндіріп отыратын. Әрине, келесі келгенінде сондай кемшіліктер қайталанса ашуға берілмей-ақ, байыппен айтқан сөздері қатты әсер ететін еді. Қағазбен жұмыс жасау, жаза білу бұл өнер ғой деп отыратын. Баяндама дайындаудың жолдарын түсіндіргенде ойыңа құйып тастайтын. Осыларды қайдан оқып, қалай үйренген деп таңырқайтынбыз.

«Көп ізденсеңдер, көп оқып, білгеніңді ойға тоқысаңдар, сендер де білікті маман боласыңдар» деп жігерлендіретін. Айтқанының бәрі алдымыздан шықты. Біз де қалыптаса бастадық. Білгеніміздің бәрінде Оңберген Көшімұлының сүбелі үлесі бар. Ол бізге ұстаз болатын. Жиналыстарда сөйлегенде жайымен бастап, бірте-бірте қатая беретін. Алдында тек қана сөйлеу жоспары болады. Халыққа қарап сөйлейтін. Жиналысқа қатысушылар ұйып тыңдап, зал тып-тыныш болып қалатын. Сөздері нақтылы, тұжырымды болып дәлелдермен жалғасқан сайын Оңберген Көшімұлы ашыла түсетін.

Сол кездерде Шалқар қаласында тораптық өндірістік газ басқармасы жұмыс жасайтын. Басқарма Ресейдің Свердловск қаласындағы треске тікелей бағынады. Басқарманы басқаратын Владимир Сергеевич Клюев ауданның бірінші басшысынан басқаға көп мойынұсына қоймайтын. Алайда Ақтөбеден Оңберген Көшімұлы келіп басқармада жиналыс өткізетін болғанда, ол қақпаның алдынан күтіп алып, жиналыста айтылған ұсыныс-пікірлерімен  санасатын еді. Мықтымын деген қай басшыға да Оңберген осал болмайтын.

Оңберген Көшімұлымен бірге шаруашылықтарды аралаймыз. Біздерге де әңгіме айтқызып, бірақ көп жағдайда тізгінді өз қолына алатын. Бірде көкжал қасқыр жөнінде әңгіме қозғағаны бар.

«Бабамыздың байрағы болған, балалық шағымыздың қорғаны болған, көкжал қасқырға бас иеміз» деген ата-бабадан қалған сөз бар, осы туралы айтып берейін деп сөзін бастады.

Баяғыда бір жігіт пен қыз үйленіп, өмір сүріпті. Келіншек бала көтермейді. Бір күні батыр бабасы Қасқырбай аян беріп, «Сырдың ар жағынан арлан келеді. Соған тамақ дайындап, жерге қой, өзі алып кетеді, саған ешқандай зиян жасамайды, сосын бала көтересің, ер бала дүниеге келеді, атын Көкбөрі қоярсың» дейді.

Күйеуі аңшы екен. Оған бабасының аянын айта қоймайды. Келіншек босанар кезде арланға тамақ алып шыға алмайды. Күйеуі арланды көріп қалып, оны атып, терісін үйіне алып келгенде әйелі босанады. Күйеуі «бұл арлан құтты болды ғой» деп терісін төрге іліп қояды. Келіншегі күйеуіне баланың атын Көкбөрі қоюға көндіреді. Сол келіншек күндердің күнінде екінші балаға аяғы ауырлап, балыққа жерік болады. Күйеуі кішкентай ұлын ертіп Сыр бойына барып балық аулайды. Бір кезде жел пайда болып, бала суға кетіп оны ағын ары қарай алып кетеді. Жігіт баласын құтқаруға шамасы келмейді.

Сол кезде Сырдың арғы жағынан бір қасқыр жүзіп келіп, баланы жағаға алып шығады. Адамдар жиналып қайықпен арғы жағаға барса, бала құмның үстінде ойнап отыр екен. Бәрі таңғалады. Құтқарған қасқыр алыста тұрып көрінбей кетеді. Сол жерде үлкендер жігітке анау қасқыр сен атқан арланның серігі ғой деп таңданысады.

Жігіт үйіне ұлын ертіп келгеннен кейін әйелі бабасының берген аянын айтады. Жігіт арланның терісін арулап көмеді. Әйелі босанып қыз бала туады. Оған Бөріқыз деп ат қояды. Көкбөрі мен Бөріқыз өскеннен кейін  Көкбөріге ескерткіш қойған екен…

Айта берсе, Оңберген Көшімұлының осындай мағыналы әңгімелері көп болатын.

Әсірелеп айтқандық емес, шынында да ол оңынан туған Оңберген еді. Ауылдарға барғанда ақсақалдармен кездесетін. Сол жиындарда қатты сындар да айтылып жатады. Алайда, Оңберген Көшімұлының жауаптарынан кейін ақсақалдар, «иә, дұрыс қой, біз елде тұрғаннан кейін көп нәрсені түсіне бермейміз, сіздер, азаматтар аман болсаңыздар бәрі де реттеледі ғой» деп қолдап кететін.

Оңбергеннің адамдармен сөйлесу шеберлігі айрықша еді. Ол адамның арғы ойын біліп отыратын. Айқай-шуға ұласайын деп тұрған мәселені жайбарақат шешіп, алдында ренжіп отырған адам риза болып кететін. Бұл оның ерекше қасиеті болатын.

Оңберген Көшімұлында ресми марапаттар да жетіп артылады. Ол атақ-даңққа қызықпайтын. Мақтай бастасаң «әй, қулар-ай» деп қарқылдап күлетін. Көңілденген сайын ажарланып, жан-жағындағыларды баурап, қомданып, небір әдемі сөздер төгіле беретін.

Оңберген Көшімұлы жетпіс жастан енді асқан кезінде дүниеден өтті. Оның қоғамға берері әлі көп еді. Бәрібір жақсы адамның жарығы сөнбейді екен. Оңберген аға, сіздің өміріңіз арқылы біз соны ұқтық…

 Төлбай САДЫҚОВ,

Ақтөбе қаласы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*