Басты бет » Рухани жаңғыру » «Ел іші — өнер кеніші»: мақсат — таланттарды табу

«Ел іші — өнер кеніші»: мақсат — таланттарды табу

Талантты өнерпаздарды анықтау, қолдау және олардың шығармашылығын дамыту — мәдени-демалыс мекемелерінің басты бағыттарының бірі.

Жалпы өнер өздігінен өрістеп, дамымайтыны белгілі. Оған қашанда қолдау керек. Бүгінгі таңда ұлттық ән-күйімізді, жырларымызды өз нақышынан айырмай, замана үнімен үндестіріп, насихатттау өте маңызды. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткендей, жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — ұлттық кодыңды сақтай білу.

2018 жылғы қаңтар-ақпан айларында облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастауымен және облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен ел ішінен, әр ауылдан талантты, дарынды өнерпаздарды анықтау, төл мәдениетімізді, ұлы өнерімізді дәріптеу, көркемөнерпаздар шығармашылығын көпшілікке насихаттау мақсатында өткен «Ел іші — өнер кеніші» фестивалінің мән-маңызы айрықша. Ең бастысы, кәсіби өнерпаздарға емес, ел ішінен шыққан дара таланттарды анықтау, солардың өнеріне қанат бітіруі мерейіңді өсіретіні сөзсіз.

Фестиваль екі ауылдық және аудандық деңгейде өткізілді.

Сонымен «Ел іші — өнер кеніші» өз өнерлерін көрсету үшін облыс бойынша 840-тан астам өнерпаз қатысып, вокал, хореография, аспаптық орындау, театр, көркем сөз, хор, дәстүрлі өнер, қолөнер номинациялары бойынша өнерлерін  көрсетті. Екі ай бойы облыстың аудандары мен барлық ауылдарының өнерпаздары өз өнерлерін көрермен талғамына ұсынды.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның қызметкерлері, белгілі өнер майталмандары бастаған әділқазылар алқасы олардың өнерлерін тамашалап, үздіктерді іріктеді.

Мәдениет үйлерінің фойесінде қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылды. Бұрын сахнада көрінбей жүрген жаңа таланттарды табуға ден қойылды. Жақсы би ұжымдары, оркестр, дәстүрлі әншілер бары байқалды.

Ойыл ауданы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі және Мәдениет үйі ауылдық округтер мен елді мекендерге барып, ауыл өнерпаздарын іріктеуден өткізді. Іріктеуден өткен өнерпаздар аудан орталығында ұйымдастырылған гала-концертте өнер көрсетті. Гала концерт «Біржан-Сара» операсындағы «Біржан сал» әнімен ашылып, көрермендерді тәнті етті.

Әйтеке би ауданындағы «Целиннинк» Мәдениет үйінде өткен байқауға алдын ала  Қарабұтақ және Құмқұдық ауылдық клубтарында іріктеліп алынған 24 номерден тұратын концерттік бағдарлама көрсетілді. Байқау барысында әр ауылдың таңдаулы  өнерпаздары өздерін сан қырынан танытты. Жабасақ ауылының өнерпаздары көлеңкелі театр дайындап келсе, Аралтоғай ауылы өз өнерпаздарын вокалды-аспапты ансамбль арқылы таныстырды. Байқауда М.Жұмабаев, Т.Жүргенов атындағы мектептер  ұстаздарынан құралған хор  ұжымдары өнер көрсетті. Ауданда ардагер әжелер ансамбльдерінің өнері, фольклорлық ансамбльдердің, би ұжымдарының қалыптаса  бастағаны байқалды.

Алға, Қарғалы, Мәртөк, Темір, Шалқар, Қобда, Байғанин, Хромтау, Мұғалжар, Ырғыз аудандарының өнерпаздары халықтық және эстрадалық бағыттағы әуендермен, қазақ және орыс ұлттық аспаптарын орындаудан, әуелете салған хорымен, ақындық, күйшілік, әншілік өнерлерімен көрермен қауымды әсем әсерге бөледі.

Жалпы, барлық 12 ауданның тұрғындары да өз өнерлерін көрсете білді. Көрермен көпшілік әсем әнге, күмбірлеген күйге және мың бұралған бишілердің өнерлеріне сусындап, бір серпіліп қайтты.

Жастар арасында бұрынғы қатысушылармен қатар, жаңа таланттардың да болғандығын атап айтуға болады. Бұл — фестивальге жастардың қызығушылығының жылдан-жылға артып отырғандығының айғағы.

Бүгінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты орталық негізінен өңірдегі 200 мәдениет үйі мен клубтардың, соның ішінде 125 «халықтық» және «үлгілі» атағы бар ұжымдардың қызметіне бағыт-бағдар беріп, жан-жақты әдістемелік көмек көрсетіп келеді. Іргетасы 1960 жылы қаланған мекеме облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен фестивальдерді, ақындар айтысын өткізіп, халық шығармашылығы жетістіктерін насихаттауда.

Екі айға созылған өнер мерекесі қатысушыларды да, тыңдармандарын да тәнті етті.

Ауылдық және аудандық деңгейде өткен «Ел іші — өнер кеніші» фестивалі өз мәресіне жетіп, аяқталды. Фестиваль көптеген қызықты, жарқын, толғандыратын сәттерге толы жаңа кездесулер мен таланттарды  сыйлады.

Өнер додасы 6 сәуірде қорытындыланады. Қала тұрғындары ең үздік деп танылған өнерпаздардың гала-концертін тамашалауға мүмкіндік алмақшы.

Әлімжан ЖОЛМЫРЗА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*