Басты бет » Мереке » Ардақты әжелер, абзал аналар, аяулы қарындастар!

Ардақты әжелер, абзал аналар, аяулы қарындастар!

Сіздерді гүл көктемнің шуақты мерекесі 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Табиғат тіршілігі көктемнен басталса, адамзат өз өмірінің бастауын — Анадан алады.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Әйел — ошағымыздың ұйытқысы, Отанымыздың сақтаушысы, береке-бірлігіміздің алтын діңгегі, ұлттық мәдениетіміздің мәйегі», — деп үнемі қамқорлық көрсетіп келеді.

Еліміздегі мемлекеттік саясаттың маңызды бөлігі — ана мен баланы қорғау. Жыл сайын елімізде демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқаны да осыған дәлел.

Бір қолымен әлемді, екінші қолымен бесікті тербеген нәзік жандар тәуелсіз Қазақстанның жан-жақты қарыштап дамуына, әлемдік қоғамдастықта өзіндік орнын алуына барынша атсалысып, аянбай тер төгіп келеді. Бүгінгі күні біздің облысымызда қыз-келіншектердің белсенді еңбек етпейтін саласы жоқ. Сіздер кәсіби шеберліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің арқасында әлеуметтік салада, басқару ісі мен бизнесте биік табыстарға жетіп келесіздер.

Құтты мекен Ақтөбе өңірінен шыққан аналарымыздың есімін ұлықтау және оларға құрмет көрсету мақсатында Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қазақстанда алғаш рет «Аналарға тағзым» атты рухани-адамгершілік тәрбие орталығының құрылысы жүріп жатыр.

Бұл республикамыздағы бірегей жоба және әрқайсысымыз үшін есімдері қасиетті әрі баға жетпес байлығымыз барлық аналарға құрмет көрсетуге шақырады. Орталықтың қызметі Қазақстан тарихында есімі қалған Бопай ханым, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жаманова, Әлия Молдағұлова, Аққағаз Досжанова және басқа да атақты әйелдердің өмірі мен іс-әрекеттеріне арналады.

Өмірде — нәзік, ал істе — мығым, дәстүрге адал әйелдер қауымынсыз қоғамның даму үрдісін көзге елестету мүмкін емес.

Сіздерге отбасының амандығын, ұзақ ғұмыр, шаттық пен шапағат, ырыс пен ынтымақ, бақ пен береке тілеймін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

Игі тілекпен, облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВ.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*