Басты бет » Басты жаңалықтар » Бердібек САПАРБАЕВ: Ақтөбенің қыздары мықты екенін тарихтан білеміз

Бердібек САПАРБАЕВ: Ақтөбенің қыздары мықты екенін тарихтан білеміз

Кеше Ақтөбе қаласындағы Өнер орталығы ғимаратында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қыз-келіншектерді Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Салтанатты шараға қаладан бөлек, ауыл-аймақтан әртүрлі салада еңбек етіп жүрген 1200-ге тарта мереке иесі жиналды.

— Өмірдің бәрі анадан басталады. Біз ананың алдында басымызды иеміз. Ананың бойында ер-азаматтарда кездесе бермейтін ізеттілік, жанашырлық бар. Сондықтан қазақтың «Әйел бір қолымен бесікті, екіншісі қолымен әлемді тербетеді» деген сөзі бекер айтылған жоқ.

Мемлекет отбасыдан басталатынын ескерсек, ондағы береке, қуаныш, жалпы жақсылық бірден-бір анаға байланысты. Демек, осы дүниедегі аналар аман болса, әрине, тыныштық, бейбітшілік болады. 

Бүгін біз осында барлық ауылдардан, қаланың өзінен, әртүрлі мекемелерден қыз-келіншектер қауымын арнайы шақырттық. Ақтөбенің қыздары мықты екенін тарихтан білеміз. Алдағы уақытта да ақтөбелік әйелдер қауымы елдің дамуына өз үлесін қоса береді деп ойлаймын. Сіздерді облыс басшылығы атынан осынау мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға қуаныш, береке тілеймін, — деді Бердібек Машбекұлы.

Артынша үлкен экраннан әскерде Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жігіттің анасына жазылған хатынан бейнеүзік көрсетіліп, көп ұзамай көрермендерге тосын сый ретінде сондағы басты кейіпкер ортаға шыққанда, қол соқпағандар кемде-кем. Сарбаз Ақтөбедегі анасына бір құшақ гүлін табыстап, көпшілікпен бірге концерт тамашалады. Сондай-ақ, мерекелік кеш барысында орталық қалалардан келген белгілі әншілер — Қыдырәлі мен Қарақат, Аллаберген Жақсыбаев өнер көрсетіп, «Самұрық» эстрада балеті, «Саз» балалар студиясы, жерлес әнші-бишілер атсалысты.

Концерттік бағдарламада әр әйел затына гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

     Айбек СЕРІКҰЛЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*