Басты бет » Мереке » Ауыл әкімі

Ауыл әкімі

Бүгінгі күні қоғамда ерлермен қатар ауыл және ауданды басқарып, үлкен жауапкершілікті арқалап, аянбай тер төгіп жүрген қыз-келіншектер аз емес. Қарғалы ауданы Қосестек ауылдық округінің әкімі Гүлжан Досмағамбетова — сондай нәзік жандылардың бірі.

Бойындағы қайсар да өжет мінезінің арқасында бүгінде бір округті басқарып отырған Гүлжан Досмағамбетованы ауылдастары ғана емес, аудандағылар да қатты құрметтейді. Жүрген жеріне шуақ шашып, барлық адамға шын жүрегімен тілектес болып жүретін ауыл әкіміне көпшілік сүйсіне қарайды.

Еліміз тәуелсіздік алған тұста ол Қосестек орта мектебін аяқтап, Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университеттің тарих факультетіне оқу түседі. Оқуын ойдағыдай аяқтап, жас маман өз мамандығы бойынша Ақтөбе қаласындағы №8 орта мектепке жұмысқа қабылданады.

  • №8 орта мектепте еңбек етіп жүргенімде өз ауылыма барып, ел игілігіне қызмететуді ойладым. Туған жердің түлеуіне титтей де болса үлес қосқым келді. Сөйтіп, көп ұзамай өзім он жыл білім алып, түлеп ұшқан мектебіме оралып, тарих, география пәндерінен сабақ бердім. Менің туған жерге келіп, қызмет еткеніме ата-анам, бауырларым да қатты қуанды, — дейді ол.

Жұмысына тиянақты, жан-жақты, қандай іс болса да шаруаның тетігін таба білетін Гүлжан Батырғалиқызы көп кешікпей мектеп директорының орынбасары, одан кейін мектеп директоры, аудандық білім бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.

Ал 2013 жылы ауыл әкімдері сайланғанда Қосестектің халқы Гүлжан Батырғалиқызына бірауыздан сенім көрсетті. Осылайша бір округтің тізгінін қолға алған ол бүгінге дейін білігі мен білімін ауылды көркейтуге жұмсауда. Ауылдың тыныс тіршілігін жақсы білетін Гүлжан Батырғалиқызы әкімнің мойнындағы жауапкершіліктің жүгі жеңіл еместігін, әсіресе халықтың ойынан шығу өте қиын екенін айтады.

  • Бүгінгі күні Қосестек ауылдық округінде 1600-ден астам тұрғын бар. Осыдан екі жыл бұрын ауылымызға көгілдір отын келді. Биылғы жылы ауызсу құбыры тартылмақ. Ауылымызда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай үлкен саябақ салынды. Биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында «КТП» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауылдық клуб үйінің құрылысын жүргізіп жатыр.

Қазіргі таңда округте 37 шағын және орта бизнес субъектілері, 4 жол бойы сервисі, 61 жеке кәсіпкер бар. Сондай-ақ алдағы уақытта ауылымыздың үстімен өтетін жол бойынан 3 кемпинг салынады. Жалпы жылдан-жылға ауылдың әл-ауқаты жақсарып, ауданның экономикасы дамып келеді, — дейді ол.

Гүлжан Досмағамбетованың айтуынша, қазір ауылдық округ әкімдігі бұрынғы дәрігерлік амбулаторияның ескі ғимаратында отыр. Өткен жылы әкімдікке жаңа ғимарат салуға жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Биыл бюджеттен қаржы қарастырылса, ауылда заманауи үлгіде, кең, жарық әкімдік ғимараты салынбақ.

Әңгіме барысында аңғарғанымыздай, кейіпкеріміз өте қарапайым, мінезі ашық, ақ жарқын екен. Ол ауылда әкімнің кіріспейтін ісі, жүгірмейтін жұмысы жоқ екенін, сол себепті, тіпті 8 наурыз мерекесінде де ауылдағы кейуаналар мен көпбалалы аналарды өзі бастап құттықтап баратынын айтады.

— 8 наурыз мерекесінде анамды, әріптестерімді, жалпы барлық қосестектік аналар қауымын мерекемен құттықтап шығамын. Бұл, ең алдымен, ізеттілік пен құрмет көрсетудің белгісі болса, екіншіден, менің міндетім. Сондықтан кей кездері осы мерекенің қызығы мен қуанышын жеке басым сезіне алмай жатамын. Әкім болу оңай жұмыс емес. Барлық адамның көңілінен шығып, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, оны орындау көп еңбек пен қажырлылықты қажет етеді. Сондықтан көп жағдайда мереке күндері демалып, жақындарыма барып қыдыра алмаймын. Бірақ бұл мерекені өте жақсы көремін, — дейді кейіпкеріміз (күліп).

Гүлжан Батырғалиқызы ауылда әлі де болса түйткілі шешілмеген мәселелер бар екенін, оларды шешу үшін алдағы уақытта қолынан келгенше халыққа берген уәдесін уақтылы орындауға тырысатынын айтады.

  • Көктемнің ең шуақты мерекесі — Халықаралық әйелдер күнімен барша ақтөбелік әйел-аналарды, қыз-келіншектерді шын жүрегіммен құттықтаймын. Еліміз тыныш, халқымыз аман болсын! Бұл мерекеде сыйлықтың ең бағалысы адамның ыстық ілтипаты мен құрметі деп ойлаймын. Сондықтан өз анама және барша аналарға басымды иіп, шынайы алғысымды айтамын, — дейді ол.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*