Басты бет » Мереке » Қайсар қыз

Қайсар қыз

8 наурыз — көктемнің алғашқы мерекесі. Сондықтан бұл мерекенің әрбір әйел үшін маңызы ерекше. Ал қатал тағдырдың соққысына мойымай, ағысқа қарсы жүзген қайсар қыз Гүлмирам Сражова үшін бүгінгі мереке екі есе қуанышты. Себебі ол осы күні қайта өмірге келді…

…Ол кезде Гүлмирам Атырау қаласындағы медициналық училищенің бірінші курсында оқитын. Мереке қарсаңында Байғаниннің Жарлы ауылында тұратын анасын құттықтау үшін келген ол кейін қарай Атырауға қайтар жолда пойыздың астына түсіп, екі аяғы мен сол қолынан айырылды. Ол сол күні аяқ-қолынан ғана емес, өз арманынанда қол үзді. Өмір мен өлімнің ортасында болып, дәл осы күні Алланың құдіретімен өмірге қайта келді.

— Мен қайғылы оқиға болған кезде он бес жаста екенмін. Ал анам дәл қазіргі менің жасымда болыпты. Қазір анам сәл ауырып, сырқаттанып қалса, менің жүрегім ауырады. Сондай сәттерде анамның қандай қасіретті басынан кешіргенін түсінемін.

Пойыз астына түсіп, денемнің жартысынан айырылғанда маған, ең алдымен, анам және бауырларым қолдау көрсетті.

8 наурыз — менің өмірімді күрт өзгерткен күн. Дәл осы күні мен аяқ-қолымнан айырылып, үлкен қасіретті басымнан кештім. Сондықтан өмірге құштар адам ретінде қазір бұл күнді менің «екінші» туған күнім деп есептеймін. Жыл сайын

8 наурызда достарымды жинап, мерекені және туған күнімді атап өтемін, — дейді ол.

Гүлмирам Аманжолқызы бірнеше ай бойы аурухана төсегіне таңылып жатқан кезінде қайырымды жандардың арқасында өмірге деген құштарлығы қайта оянып, бойына күш-жігер жинағанын айтады.

— Мен ауруханада жатқанда көп қиналдым. Тіпті маған дәрігерлер «ситуациялық психоз» деген диагноз қойған болатын. Сол сәтте менің өмірімді аман сақтап қалған ақ халатты абзал жандарға деген алғысым шексіз. Сонымен қатар екі ай бойы облыс орталығындағы ауруханада жатқанымда маған күтім жасап, құрбы, замандас ретінде рухани қолдау көрсеткен Инабат Шатаева сияқты мейірімді жандарға ерекше ризашылығымды білдіремін. Менің түсінгенім, бұл өмірде мейірімді, қайырымды жандар көп. Қазіргі заманда кейбір адамдар адамның басына қиын жағдай түскенде қомақты қаржы апарып беру керек деп ойлайды. Бұл дұрыс емес. Адамға, ең алдымен, рухани көмек, қолдау көрсету керек, — дейді кейіпкеріміз.

Қайсар қыз тағдырдың сынағына шыдап, оған сабырлылықпен төзе білді. Алға қойған айқын мақсатының арқасында ол орта білім алып, емтиханнан сүрінбей өтті. Жоғары оқу орнына түсіп, ұстаздық жолды таңдады. Мектепке жұмысқа орналасып, бастауыш сыныптарға сабақ берді. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасындағы спортқа көңіл бөлді. Жолында кездескен кедергілерге қарамастан, шыдамдылығы мен табандылығының арқасында мүгедектер арасындағы спорттық нормативтерді орындап, 2002 жылы Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын иеленді. Республикалық деңгейдегі чемпионаттар мен спартакиадаларға, Паралимпиадалық ойындарға қатысып, жүлдегер атанды. Алдына биік мақсаттар қойып, тек алға ұмтылды. Соның нәтижесінде көптеген жетістікке қол жеткізді. Бүгінде Гүлмирам Сражова — Ақтөбе қалалық сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының атқарушы директоры.

— Мен өзімді жолы болғыш адам деп ойлаймын. Себебі өмір жолым мені жақсы адамдармен жиі жолықтырды. 1999 жылы Құралай Байменовамен танысып, тағдыр жолымда жаңа кезең басталды. Ақтөбе қаласында өткен «Арбадағы арулар» байқауына қатыстым, сондай-ақ аталған байқаудың Атырау қаласында өткен батыс аймақтық додасында бас жүлдеге ие болдым. Сөйтіп, аз ғана уақыттың ішінде көптеген жетістікке жеттім. Ал менің орталыққа келіп, өзгелерге қолдау білдіріп, жан-жақты болуыма бағыт сілтеген ұстазым Құралай Байменова болатын. Ол кісінің мен үшін орны бөлек, — дейді ол.

Биылғы жылы Гүлмирам Сражова кеңес мүшелерінің қолдауымен облыстық мүгедектер қоғамының төрайымы болып сайланды. Қазір бірлестік қарқынды жұмыстар жүргізуде. Атап айтсақ, өткен жылы Мұғалжар, Қобда, Шалқар аудандарында қоғамдық бірлестіктер құрылса, биыл бұл бағыттағы жұмыстар өзге аудандарда да жалғасын таппақ. Мақсат — ауыл-аймақтардағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолдау, көмек көрсету, оларды қоғамға тарту.

— Биыл 8 наурыз мерекесінде облыстық мүгедектер қоғамының бастамасымен еріктілер төсек тартып жатқан, сондай-ақ рухани бейімделуден өтпеген бірқатар мүмкіндігі шектеулі қыз-келіншектерге мерекелік сыйлықтар әзірледі. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі 30-дан астам әйелге «Жұбановтар әлемі» шығармашылық үйінде мерекелік шара ұйымдастырылса, 50 адамға «Керуен Сити» ойын-сауық орталығының кинотеатрына тегін билеттер үлестірілді, — дейді ол.

Жұмысына тиянақты, ортасына сыйлы Гүлмирам Сражованың қолға алған бастамаларына қолдау білдіретін жандар көп. Себебі ол өзгелерге үнемі қолынан келгенше көмектесіп, ақыл-кеңесін айтып жүреді. Ал оның үйдегі ақылшысы — анасы Сәуле Құттыбаева.

— Менің үйдегі ұстазым, ақылшым, сыншым ол — анам. Әрбір адам үшін өз анасының қасында болуы үлкен арман шығар. Ал менің бұл тұрғыда ешқандай шағымым жоқ. Сондықтан бүгінгі Аналар мерекесінде мен алдымен, өз анамды, сондай-ақ еліміздегі барша аналарды мерекелерімен құттықтаймын.  

Бұл өмірде төрт құбылаң тең болып, бақ-дәулеттің мол болуы міндет емес. Міндет — барға қанағат ету, өз еліңде патриот болып өмір сүру, өзгелерге қолыңнан келгенше көмек, қолдау көрсету, — дейді ол.

P.S. Бұл өмірде Гүлмирам Сражова қатал тағдырдың соққысына шыдап, өз биігін бағындыра білген батыр рухты жандар бірі. Ал оның өмірі мен өнегесі өзгелерге үлгі болары анық.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Бір пікір

  1. Алда келе жатқан көктемнің алғашқы күні, Жаңа жылымыз – 14 Наурыз мерекесі құтты болсын!

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*