Басты бет » Мереке » Биіктікті бағындырған бойжеткен

Биіктікті бағындырған бойжеткен

Кран машинисі болып жұмыс істейтін Ирина Прийма мамандықтың жыныс талғамайтынын айтады. Өзін басқа салада мүлде елестете алмайтын оның отбасында осы кәсіп түрін таңдағандар аз емес.

— Анам осы зауытта өмір бойы қызмет етіп, зейнеткерлікке шыққан. Шешемнің аты-жөні — Нина Грибкова. Сол кісінің кеңесімен әрі өзімнің жүрек қалауыммен мектепті бітіре сала №1 лицейге оқуға түстім. Аталған оқу орнында кран машинисі мамандығын игердім. Содан бері, міне, он жылдан асыпты, — деген Ира қызметте өзіне ең қиынға соғатыны — жоғары ауа қысымы екенін атап өтті. +50 градустағы ыстық цехта жұмыс істеу, әсіресе, жаз айларында айтуға ғана оңай…

Анасының жолын қуған бойжеткен бүгінде өзі қызмет ететін «Қазхром» компаниясына қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауытында апасы мен інісінің де тер төккенін, өндірістің өркендеуіне үлес қосқандардың қатарында әулетіндегілер аз еместігін жымия жеткізді. Өз сөзінде қай қызметте де ер мен әйелдің иық тірестіре теңдей жүргенін келтірген әңгімелесушіміз «Қалауын тапса, қар жанады» деген пікірде.

— Өз басым ана жұмыс оңай, мынау қиын деп бөлмеймін. Көңілімінен шығып тұр ма, орындай беремін. Сол сияқты кран машинисі негізінен ерлердің жұмысы болса да, бұл салада еңбек ететін қыз-келіншектер біршама. Солардың бірі — менмін.

Менің жұмысым алдымен зор жауапкершілікті талап етеді. Себебі сен өзіңнің ғана емес, өзгенің өміріне де  жауаптысың. Бір оқыс қимылың әп-сәтте қайғылы жағдайды тудыруы мүмкін. Бірнеше метр биіктікте алып көлікті басқару да ерекше ептілікті талап етеді. Бірақ жұмысым өзіме ұнайды. Тіпті, өзімді басқа салада мүлде елестете де алмаймын. Тағдырыма ризамын, — деп ағынан жарылады кран машинисі.

Ауысыммен 4 күн жұмыс істеп, 1 тәулік демалатын №2 балқыту цехының кран машинисі жұмыс күнінің әдетте ыстықтан қорғайтын арнаулы киімді киіп, цехтың ішін тексерумен, кранның ақауы бар-жоқтығын жіті қараумен басталатынын айтты. Барлық еңбек адамдары сияқты 8 сағат жұмыс істейтін Ирина сөз соңында:

— Уақыт өте келе, бәріне де үйренеді екенсің. Тіпті қанша ауыр болса да, соған бейімделіп кетсең, кәдімгідей іздеп тұрасың (күліп). Мәселен, жыл сайын еңбек демалысына шыққанда біртүрлі күй кешемін. Таң атпай тұрып аламын да, не істерімді білмей, «мен жұмыста болғанда…» деп қиялға берілемін. Бұл түсінікті де, ағзам соған әбден қалыптасып кеткен ғой. Айтпақшы, бізде жылда санаторийлерге жолдама береді. Сөйтіп, ауыр жұмыстың белгілі бір жеңілдігін көріп, тынығып алатынымыз бар. Еңбек құқығымыздың осылай сақталып, жасалуы тиіс жұмыстардың бәрі атқарылып жатқанына көңілім толады.  Қызметкерлерінің қамын ойлайтын басшылықтың бұйырғанына ырзамын. Менің ойымша, осының бәрі айналып келгенде Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерінің жемісі, — дей келе, мамандық таңдауда қателеспегеніне шүкіршілік етті.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*