Басты бет » Мереке » Подполковник Сүлейманова

Подполковник Сүлейманова

Құқық қорғау саласында еңбек ету нәзік жандылар үшін оңай шаруа емес. Себебі бұл құрылымдағы темірдей тәртіп пен қатаң ережеге бағыну — әйел заты үшін асқан жауапкершілікті талап ететін іс. Үй шаруасы, отбасындағы бала тәрбиесімен қатар мұндай қызметті қоса еңсеріп жүрген аруларымыз ортамызда жеткілікті. Солардың бірі — Ғалия Сүлейманова. Ол — ҚР Ішкі істер министрлігі М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институты бастығының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі.

Ғалия Сүлейманованың бұл қызметке тұруы осыдан екі жыл бұрын еліміздің Тәуелсіздік мерекесімен тұспа-тұс келіпті. Бұған дейін ҚР Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында ғылыми хатшы болып еңбек еткен жерлесімізге бұл ұсыныс тосыннан болғандықтан, көп ойланбастан, Ақтөбеге тартып отырады. Себебі ақтөбелік арудың туған жерден жырақта жүргеніне он алты жыл өткен еді. Ақтөбенің топырағынан түлеп ұшқан ол  заң білімін жетілдіру үшін Ресей Федерациясының Мәскеу қаласындағы А.Расплетин атындағы радиотехникалық училищесіне қабылданып, оқу орнын үздік тәмамдайды. Кейін Қарағанды өлкесінде осы саладағы білімін жетілдіруді жалғастырып, сол аймақта еңбек жолын бастайды.

Құқық қорғау жүйесінде мұндай қызметті атқару, әрине, әйел заты үшін ауыр. Дегенмен, бұл жүйеде еңбек етуді бала күнінен алдына мақсат еткен Ғалия Сүлейманова бүгінде ер-азаматтармен иық тірестіре қызмет атқарып жүр.

Бір күндері Ақтөбе заң институты университет мәртебесіне ие болатынына сенімім мол. Себебі қазір еліміздің батыс аймағы бойынша құқық қорғау саласында күрделілік деңгейіне қарай арнайы жоғары білім беретін оқу орны жоқ. Оның үстіне, институт, жалпы батыс аймағы өз ісінің кәсіби мамандарына, өңшең білікті кадрларға толы. Сондықтан мамандардың өз деңгейін одан әрі арттыруда институт мәртебесін көтерудің маңызы зор. Әрине, оқу орнының бұл мәртебені иеленуі үшін арнайы ғылыми зерттеу орталығының, арнайы мамандықтардың ашылуы заңды. Сол жағынан кемшін тұстар бар. Сондықтан біз осы бағытта жұмыстарымызды күшейтіп, осы мәртебені алу жолында лайықты жұмыс жасауға тырысып жатырмыз. Мәселен, биылдың өзінде бірқатар ғылыми бағытта іс-шаралар өткіздік. Мұндай іс-шаралар арқылы  біз ресейлік әріптестеріміз тарапынан жоғары баға алып отырмыз. Өйткені олар  Ақтөбе заң институтын, мұндағы жетістіктерді өзімізге қарағанда, ресейліктер көп білетінін айтты. Бұл — біз үшін үлкен мәртебе,  — дейді кейіпкеріміз.

Ғалия Сүлейменова құқық қорғау жүйесінде ғылыми жұмыстарды жетілдіру мақсатында биылдың өзінде Ресейдің 15 жоғары оқу орнымен, сондай-ақ Белоруссия, Әзербайжан, Тәжікстан секілді мемлекеттердің білім беру ұйымдарымен келісімге отырып, бірлесіп жұмыс жасауды бастағандарын айтты. Жақында ғана заң институтына Тәжікстан Республикасы Үкіметінен осындай арадағы іскерлік байланыстың орнағанына, құқық қорғау саласында әріптестік қатынастың нығая түсетініне сенім білдірген ризашылық ниеттегі хат келген. Ғалия Сүлейманова алыс-жақын шетелдермен байланыс заң институтының оқытушылық құрамы үшін тигізер пайдасы зор екенін айтады. Себебі шетелден  ғылыми журналдар, оқуға қажетті ғылыми негіздегі оқулықтар мен монографиялар үздіксіз келіп тұрады.

Мұның бәрі — арадағы іскерлік келісімнің нәтижесі. Алыс-жақын шетелден келетін ғылыми дүниелер бізге ақысыз жолданады. Ең бастысы — институт қызметкерлерінің ғылыми негізде жазған материалдарын жарыққа шығарудағы басты проблема шешілді. Егер арада мұндай келісім болмағанда, мамандардың мақалаларын барлық баспада басудың мүмкіндігі жоқ еді.  Мәселен, былтыр заң институты мамандары 230 мақала жазса, соның 190-ға жуығы шетелдік және Ақтөбе баспаларында басылды. Былтырдан бері Ақтөбе заң институты жанынан  «Мир закона» ғылыми журналы жарық көреді. Бүгінде бұл басылымға тек ақтөбелік қызметкерлер ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен құқық қорғау жүйесінің ғылыми жаңалықтарына негізделген материалдар басылады, — дейді кейіпкеріміз.

Ғалия Сүлейманова — үш баланың анасы. Қолында 77 жастағы енесі бар. Отбасының шырайын келтіріп отырған шенді келін жолдасымен бірге енесінің, балаларының бабын табуға тырысады. Ол қай қызметтің де нәтижелі жүруіне ең бірінші кезекте отбасындағы түсіністіктің маңызы зор екенін айтады.

 Арайлым НҰРБАЕВА.  

 

 

  

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*