Басты бет » Мереке » Ахметованың ательесі

Ахметованың ательесі

«Мұғалжарда жасалған». Осындай таңбасы бар киімдер енді Қандыағаш дүкендеріне шығарылады.

Мұғалжар ауданының  әкімі Ербол Данағұлов  кəсіпкерлік кеңістігінің өрелі биіктігін жəне ауданда  жергілікті бұйымды шығаратын, отандық тауар өндіру саясатын жүзеге асыруда потенциалды тігін орталығын анықтау мен кəсіби дамуын қамтамасыз ету үшін аудан кәсіпкерлері арасында бір айлық байқау жариялаған болатын. Айлық байқау барысында  25 түрлі киім үлгісі дайындалып, оларға «Мұғалжарда жасалған» тауарлы таңбасы тұңғыш рет қолданылды. Қандыағаш қаласынан жеңімпаз атанған «Роза» ательесі 6 бағытта киім үлгісін тігіп, Мұғалжар ауданының əкімі бекіткен «Мұғалжарда жасалған» тауарлы белгісін қолдану құқын жеңіп алды. Енді, Қандыағаш қаласында тігілген бұйымдар сауда орындарына стандарттық талапқа сай шығарылатын болады.

Елбасының қымбат шетелдік тауарлардың орнын отандық өнім басуы тиістігі жөніндегі тапсырмасын орындап жүрген кәсіпкерлердің бірі мұғалжарлық — Роза Ахметова. «Роза» ательесіне иелік ететін ол аудан көлемінде сауда орындарына өзінің қолынан шыққан өнімдерін ұсынбақ.

Үлкен киім тігетін шеберханам болғанын бала кезімнен армандайтын едім. Мектеп бітірген соң бұрынғы Целиноград қаласындағы оқу орындарының біріне «тігінші» мамандығы бойынша қабылдандым. Өзім ұнатқан көйлектерімді  үйден өзім  тігіп алатынмын, — дейді кәсіпкер.

«Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасымен өз кəсібін бастаған кəсіпкер бұл күнде 7 адамды жұмыспен қамтып отыр.  Алғашында екі-үш адаммен шағын мекемені жалға алып ателье ашқан Роза 2016 жылы несие алып, өрісін кеңейтті. Жұмысшылар саны да артты.

13 жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан ательенің тұрақты тұтынушылары бар. Сұраныс көлемі артпаса, бүгінге дейін еш кемімепті.

Қазіргі уақытта ателье қызметкерлері мерекелік тапсырыс бойынша жұмыс жасауда. Кейін арнайы тауарлар әкеліп, іске кіріспекші. Шикізатты  Алматы, Бішкек қалаларынан тапсырыспен алдырады.

Балалардың киімінен бастап үлкендердің сырт киіміне дейін түрлі өнімдер тігетін Розаның ендігі мақсаты өнімдерін облыс орталығына шығару.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары еліміздегі тауарлардың дені шетелден келетін еді. Экономикасы нашар мемлекеттің сауда нарығында импорттың күші басымырақ болатыны мәлім. Бұл күнде өз қолымыз өз аузымызға жетіп, еліміз экономикалық-әлеуметтік тұрғыда біршама жоғары деңгейге көтерілді. Өзінің кәсібін бастаймын деген әрбір жанға мүмкіндік бар. Сондықтан тек еңбектену қажет, — дейді кәсіпкер Роза.

Сыртта кәсіптің қыр-сырын меңгерген Роза отбасында аяулы ана, ардақты әже. Ұлының жеке кәсібі бар. Келіні бала тәрбиесінде.

  Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

 

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*