Басты бет » Мереке » Әйелдің бақыты — балада

Әйелдің бақыты — балада

Отыз төрт жасында бес баланың анасы атанып отырған  Гүлжанат Шаханова жоғары білімі болса да бар уақытын бала тәрбиесіне арнап отыр.

Жасұлан Исағалиев пен Гүлжанат Шаханова былтыр Ойыл ауданының Шиқұдық ауылынан Ақтөбеге қоныс аударыпты. Қазір Жасұлан Жаңақоныс орта мектебінде география пәнінен сабақ берсе, Гүлжанат бала күтімімен үйде отыр. Гүлжанаттың негізгі мамандығы — журналист. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінде  журналистика мамандығы бойынша бес жыл оқыпты. Университет бітірген соң алғашқы еңбек жолын аудандық «Ойыл» газетінен бастаған.

Жиырма төрт жасымда тұрмысқа шықтым. Негізінде көпбалалы болуды армандайтынмын. Өзім де алты  баланың ортасында өстім. Қазір келіншектердің көпшілігі бала бағудың жауапкершілігінен қашып, бір-екі баладан кейін жүктілікті жоспарламайды. Менің ойымша, әр баланың өз несібесі бар. Балаларымның дені сау, өсіп келе жатыр. Баланы бағуда  енемнің көмегі көп тиді. Жалпы жаңа түскен келін бірнеше жыл ененің тәрбиесінде болса, көп нәрсені үйренеді. Әсіресе, бала тәрбиесіне қатысты біраз мағлұматты меңгеріп шығар еді, — дейді Гүлжанат.

Жасұлан мен Гүлжанаттың отау құрғандарына биыл —  он жыл. Гүлжанаттың ибалылығына ағайын-тустары да қызыға қарайды. Ол  қайын ағалары мен қайныларының атын атамайды. Бірін «Батыр қайынаға» десе, екіншісі Саяхатшы, ал қайныларына мінезіне қарай ат қойып алған.

Негізінде көп нәрсе тәрбиеге байланысты, қыз балаға ата-анасының барған жеріңе «тастай батып, судай сің» деген сөзінде үлкен мән жатыр. Осы сөзді анам үнемі айтып отыратын. Бұрын үйдің еркесі болғасын көп ешкімнің қас-қабағына қарамай, ойымды айтып салатынмын. Үйдегі жұмыстарды апаларым тындыратын болғандықтан, шаруаға да аса ебім бола қойған жоқ. Ал тұрмысқа шыққаннан кейін еркелікті тастап, ата-анамды жерге қаратпауға  тырыстым. Сиыр сауып, сүт тартып, май шайқап ауылдың тірлігін үйіріп әкеттім. Ата-анамның тәрбиесі болар, менің ойымда «күйеуімнің жұрты», «төркін» деген бөлек ұғым болған жоқ.  Қазіргі кейбір келіншектер тәрізді сәл ренжіп қалсам, төркінге қарай тұра жүгірген жоқпын. Өз отбасымдағы жағдайды анама мүлде айтпайтынмын. Ата-анам «төркініңе қонақсың, біз сені өсірдік, ал қалған өмірің қонған бағыңда, яғни өз жұртыңда өтеді» деп үнемі айтып отыратын. Сол сөз әбден санама сіңіп қалса керек. Мен тұрмысқа шыққаннан кейін ата-анам Алматыға көшіп кетті. Әрине, ауылда ағайындарым бар ғой, бірақ олардың  үйіне шақырусыз бармаймын. Осы ретте қазіргі жас келіндерге «төркіншіл болмаңдар» деп айтар едім. Сәл нәрсені төркінге барып, арыз қылып айта берсең, шаңырақта береке болмайды, —дейді Гүлжанат.

Отбасының татулығы — сыйластықта. Жасұлан мен Гүлжанат шаңырақ құрғалы  бірде-бір рет балалардың көзінше ұрысып, бір-біріне дауыс көтеріп көрмепті. Тіпті үлкен ұлы Әлішер кейбір отбасылардың айқай-шуын естігенде  «мама, сендердің ұрысқандарыңды көрмеппін» дейді екен.

Қазір Жасұлан екеуі Әлішер, Алмаз, Заңғар атты ұлдарды және Айназ, Еркеназ есімді екі егіз қызды тәрбиелеп отыр. Гүлжанат бес балам бар деп мемлекеттен қандай да бір көмек сұраған емес. Ең бастысы, олардың дені сау болып өскенін қалайды.

Балапандарға дұрыс тәлім-тәрбие берсек, әркім өз жолын тапса, біздің ата-ана ретінде парызымыз өтелер еді.  Ал саналы бала өз қарызын білері сөзсіз, — дейді Гүлжанат.

Ешкімге міндет қылмай, өзгеден көмек сұрамай, балаларын бағып, тату-тәтті өмір сүріп жатқан Жасұлан мен Гүлжанат өзгелерге үлгі болары анық.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*