Басты бет » Мереке » Ағылшын тілін үйретеді

Ағылшын тілін үйретеді

Өз кәсібінен береке тапқан кәсіпкерлердің бірі — Гүлжанат Таңатарова. Ол Ақтөбе қаласындағы «Интерлингва» ағылшын тілін оқыту курсын басқарады.

Бұдан екі жыл бұрын ашылған оқу орталығында қазір 250-ге жуық адам дәріс алады. Оларға филиппиндік Роналин Де Кларо сабақ береді.

Ағылшын тілі — күллі әлемнің тілі. Ағылшын тілін үйрену — заман талабы. Сол себепті, ағылшын тілін үйренгім келді. Балаларыма үйреткім келді. Осы мақсатта оқу орталығын құрдым, — дейді Гүлжанат Молдашқызы.

Орталықта балалар 4 жастан бастап қабылданады. Балапандарға ағылшын тілі би билеу, ән салу, сурет салу арқылы үйретіледі.

Біздің орталықта тіл үйренушілердің ағылшын тілін еркін меңгеруі үшін барлық жағдай жасалған. TOEFL, IELTS және басқа да емтихандарды тапсыруға, сөйтіп, шетелде тәжірибе жинақтауға, оқуға мол мүмкіндік береді, — дейді кейіпкеріміз.

Ақылы курстармен қатар орталықта ағылшын тілін білуге құштар жағдайы төмен отбасылардың балаларына арналған ақысыз курс та бар. Олар үшін әр жұма сайын арнайы дәріс ұйымдастырылады екен.

Қазір орталықта шетелдік маманмен бірге 5 жергілікті  педагог қызмет етеді. Олардың барлығы да ағылшын тілін жетік меңгерген мамандар.

Шетелдік маман қазақ, орыс тілдерін білмейді. Бұл біздің оқушыларымыздың ізденулеріне, сабақта тек қана ағылшын тілінде сөйлесулеріне, сөйтіп, ағылшын тілін тезірек меңгеруіне ықпал етеді.   

Роналин Де Кларо — тәжірибелі маман. 5 жыл бойы Астана, Атырау, Ақтау қалаларында жұмыс істеген, — дейді Гүлжанат Молдашқызы.

Тынымсыз еңбек еткенді жаны сүйетін Гүлжанат жолдасы Қобыланды екеуі бір қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр.

Г.БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*