Басты бет » Мереке » Ағиланың тәжірибесі

Ағиланың тәжірибесі

Соңғы кездері облыстағы іскер әйелдер қауымдастығының мүшелері белсенді жұмыс жасап жүр. Ақтөбе қаласына белгілі кәсіпкер Күлшат Масалимова басқаратын қауымдастықтың жұмысына көпшілік риза. Бүгінде қауымдастық мүшелері аудандарда болып, ауыл әйелдерінің кәсіппен шұғылдануына мүмкіндік жасап жүр. Нақтырақ айтқанда, қауымдастыққа мүше іскер әйелдер өз бағыты бойынша ауылдағы қыз-келіншектерді кәсіпке баулып, тәжірибелерімен бөлісіп, тегін оқытуға жағдай жасайды.

Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының облыстық филиалының мүшесі, белгілі кәсіпкер Ағила Жанғазиеваның кәсіпкерлік саласындағы тәжірибесі — 35 жыл.

Бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Ағила» ательесін басқаратын кәсіпкер қалалық жұмыспен қамту орталығында биржаға тіркелген адамдарды тұрақты жұмыспен қамтуға жағдай жасап отыр. Былғары және теріден өнім өндіру бағытында ашылған тігін шеберханасына бүгінде тапсырыс берушілер көп, өнімге деген сұраныс та жоғары.

Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы биржада тіркелген екі адамды бір жыл тігін шеберханамда тегін оқыттым. Жазира есімді жас қыз бен зейнет жасына жетіп қалған Гүлсім есімді апай биржаға жұмыссыз ретінде тіркелген. Әрине, қазір зейнет жасындағы адамдардың жұмысқа тұруы өте қиын. Гүлсім апай бұрын «Юность» тігін фабрикасында қарапайым  тігінші-моторист болған. Ал қазір бұл кісі «Мейірім» жастар үйіндегі  тігін шеберханасында шебер ретінде жұмыс жасайды. Осыдан бір жыл бұрын Гүлсім апайды өзім қалай оқытсам, қазір ол жас қыздарға өз тәжірибесін үйретіп жүр, — дейді кәсіпкер.

Бүгінде қаладағы  «Мейірім» жастар үйіндегі жетім балаларға қорғаншылық танытып, оларға тігіншілік өнердің қыр-сырын меңгертіп жүрген Ағила Жанғазиева:

Қазір біз «Мейірім» жастар үйіндегі ата-анасы жоқ 6 қыз баланы тігіншілікке баулып жатырмыз. Бұл жерде айта кететін бір жайт, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша, біз оқу орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Қазір осы жоба бойынша құжаттар әзірлеуге кірістік. Мақсат — жұмыссыз әйелдерді оқыту, кәсіпке баулу. Бұл орайда «Бес отау» атымен серіктестік құрдық.  Бұл серіктестіктің бес құрылтайшысы болады, ал мен осы ұйымға жетекшілік етемін. Бір айта кетерлігі, бұл бағыттағы жұмыстар кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп ұйымдастырылады, — деді.

Ағила Жанғазиева — облыстық тігіншілер мен дизайнерлер ассоциациясының төрайымы. Жақында қаламызда өткен жергілікті дизайнерлердің сән көрсетіліміне Ағила басшылық ететін қауымдастықтың мамандары да қатысқан.

Мейрам күні барша ақтөбелік қыз-келіншекті төл мерекесімен құттықтаған кейіпкеріміз болашақта мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, өз бизнесін кеңейту де жоспарында барын айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*