Басты бет » Басты жаңалықтар » 40 мың раушан, 30 мың қызғалдақ…

40 мың раушан, 30 мың қызғалдақ…

Гүл сатушылар 8 наурызда экзотикалық өсімдіктерге де сұраныстың ерекше болатынын айтады

Атаулы күндерде, әсіресе, 8 наурыз қарсаңында гүл сатушылардың саудасы қызады. Олар көктем мерекесінде хош иісті өсімдіктерді қайдан һәм қанша түрін әкеледі? Нәзіктік пен сұлулықтың символының құны нешік? Осы және өзге де сауалдарымызға жауапты гүл сату бизнесімен 4 жылдан бері айналысып келе жатқан кәсіпкер Марат Өтениязов айтып берді.

Өзімен түйдей құрдас Дмитрий Бондаренко есімді замандасымен кәсібін дөңгелентіп отырған жігіттің Ақтөбеде бірнеше дүкені бар. Гүлдерді Нидерланды (Голландия) елінен тікелей тасымалдайтын кәсіпкерден саудасының мерекелерде, атап айтқанда, Халықаралық әйелдер күні, Ұлы Жеңіс күні, сондай-ақ, Білім күнінде ерекше болатынын білдік. Қарамағында 22 адам жұмыс істейтін іскер азамат биыл хош иістілерге көптеп тапсырыс бергені жөнінде:

— Биыл әйелдер күніне орай шетелден 40 мың раушан, 30 мың қызғалдақ, басқа да гүлдерді алдырттық. Былтырғы жылмен салыстырғанда, осы жолы импортта едәуір өсу бар. Мәселен, 2017 жылдың тап осы мезгілінде 20 мың раушанға тапсырыс берген едік…

Әрқайсысының бағасы әрқилы. Мысалы, раушан гүлінің бір талының құны 250 теңгеден басталып, 1 мың теңгеге дейін барады. Айналып келгенде бәрі оның түрі мен түсіне, ұзындығына, өсірілген жеріне байланысты ғой. Жалпы, аталған бір гүлдің өзінің бізде кемінде 20-30 түрі бар. Бұл тиісінше әр гүлдің өз сатып алушысы болады деген сөз, — деп ағынан жарылды Марат.

Расында, ақ, қызыл, сары, көк, қысқасы, сан алуан түсті гүлдер шоғырланған мекенде негізінен раушан, орхидея, каланхоэ, драцена, хризантема, әйел бақыты сияқты жасыл желекке сұраныс қашанда көп. Ал олардың бағасы қандай? «Есептеп қарасам, 8 наурызда бізде  гүлдің 1 мыңға түрі сөреге қойылады екен. Мұнда аз, болмаса көп қаражатпен келгеннің ешқайсысы бос қайтпайды. Таңдау көп. Айталық, ең қымбат деген орхидея гүлінің бағасы — 4 мың теңге. Соған қарамастан, осынау бөлме гүліне қызығушылардың қатары қай кезде де мол», — деп атап өтті әңгімелесушіміз.

Бір қызығы, соңғы жылдары өзгелерден ерекшеленгісі келіп, сирек кездесетін гүлдерді иемденгісі келетіндердің саны көбейіп келе жатқан көрінеді. Бұл жағынан әйгілі гүл өсіруші һәм оның түрін зерттеуші Дэвид Остиннің жарыққа шығарған раушанына «аузын ашып, көзін жұматындар» бізде де баршылық. Сол сияқты пион, гортензияның таңдамалы сортын қалайтындар аз емес. Бұлардың негізінен Франциядан әкелінетінін ескерсек, нарықтағы құны арзан деуге келмейді. Бірақ екінің бірінің қолына түспейді, иісі бөлек, пошымы басқа… Сонысымен құнды. Мұнымен бірге, жас жігіттердің арасында қалыңдығының бойымен тепе-тең келетін, яғни ұзындығы 1,5-2 метрге жететін гүлдерді саудалайтындардың қатары артқан. Күтіп-баптауы да, жеткізілуі де ерен еңбекті қажет ететін әлгіндей гүлдердің бағасы, сөзсіз, айтарлықтай жоғары.

Гүл саудалайтын бизнесіндегі әр күні бір-біріне ұқсамайтынын айтқан Марат талай қызықты оқиғаларға еріксіз тап болатынын да жасырмады.

— Шыны керек, әр күніміз тосын оқиғаларға толы. Өйткені, бізде, Қазақстанда адамдар себепсізден-себепсіз гүл сыйламайды ғой. Жігіттер қалыңдығына сөз салғанда, басқалар туған күн кештеріне алады. Шетелдегідей «көңіліңді көтерейін деп едім…» деген сылтаумен гүл ұсынатындар кемде-кем. Соған сай әртүрлі күй кешіп  келгендер міндетті түрде бізді бір оқиға куә қылады. Бір ғана мысал, жақында гүл тасушымыздың бір ер адамның келіншегіне көрсеткен қиқарлығын жуып-шаюға тура келгені бар. Тапсырыс түсті — гүлді қайткенде де иесіне табыстауымыз қажет. Бар қызық осы жерде басталады… Жолдасына әбден ашынған әйел гүлдер дүкенінен келіп тұрмыз дегенімізге қарамастан, мүлде сөйлескісі келмей, ауласындағы алабай итінің қарғыбауын босатып жібермесі бар ма?! Қапелімде дәу төбет қақпаға қарай ұмтылып, қызметкерімді қауып ала жаздапты. Әйткенмен, әу бастағы мақсатынан айнымаған өкіліміз сөмкесіндегі азығын итке беріп, сол арқылы алдарқатып, үйге зуылдап ақыры кіріпті де, дегеніне жетіпті… Қазір соны айтып, бәріміз күліп аламыз. Ал оқиға болған күні гүл тасушымыздың түрін көрсеңіз (күліп).

Бұдан бөлек, Жаңа жыл қарсаңында он жыл отасқан зайыбына 777 раушан гүлін сыйлаған ақтөбелік азамат та есімізден кетпейді. Ол кісінің біраз шығындалуына тура келді. Сондай-ақ, ұдайы ай сайын 101 раушан гүлін тарту ететін кемінде 3-4 жігіттің кездесетінін айта кету керек, — деп сыр ақтарады ол.

Көпшіліктің қуаныш-қызығына куә болатын мұндағылардың қызметі шынымен көңілді. Келушілер қатарындағы жүзі бал-бұл жанған қыз-жігіттер, алдағы күннен әлі де үміті бар орта жастағылардан ине шаншар жер жоқ. Сондай сатып алушылардың бірі Серікболсын Берікқожаевты әңгімеге тарттық. Көңілі көтеріңкі жігіт өзінің сүйген қызына 35 тал раушан гүлін сатып алып жатыр екен…

— Неге 35 дейсіз ғой? Себебі екеуміздің қыз бен жігіт болып кездесіп жүргенімізге тура 35 ай толды… Соның құрметіне шоқтай қызыл раушанның осындағы ең ұзынын — 1 метрге жететіннің 35-ін таңдап алдым. Құшағыма әрең сыйып тұрған бұл гүлдерге орауымен, әдемі безендіруімен 38 мың теңгемді санап бердім. Мәселе ақшада емес, ең бастысы — мұны сыңарым лайықты деңгейде бағаласы болғаны, — деп күлді ол.

…Аппақ үміттер мен нәзік сезімдердің, жалпы игі мақсаттардың тоғысатын ордасы — гүлдер дүкеніндегі қарбалас 9 наурыз күнінің таңына дейін бір тыншымайды… Ал дүкеннің иесі мен сатушылар сол науқанның мейлінше ұзаққа созылғанына тілекші. Өйткені көбіне-көп осы мерекедегі табыс оларды жыл соңына дейін «асырайды»…

ГҮЛДІҢ «ТІЛІН» БІЛЕСІЗ БЕ?

Қызыл раушан — «Біз әрқашан біргеміз».

Қызғалдақ  — «Періштедей пәк жанға…».

Гортензия — «Мені есіңде сақта».

Гардения — «Құпия ғашықпын».

Лаванда — «Саған қатысты арманым көп».

Лилия — «Сен — менің байлығымсың».

Бөртегүл (сирень) — «Мына әлем өзіңмен әдемі». 

Сауалнама

СОҢҒЫ РЕТ КІМГЕ ГҮЛ СЫЙЛАДЫҢЫЗ?

 Асылы, гүлді жек көретін қыз-келіншектер жоқтың қасы. Сезім мен сыйластықтың символына баршасы құштар. Осы орайда біз әр салада еңбек етіп жүрген ер-жігіттер арасында «Соңғы рет кімге гүл сыйладыңыз?» деген тақырыпта жүргізілген сауалнаманы назарларыңызға ұсынамыз.

Әлихан ҚОЙШЫБАЕВ,

Алға аудандық Болгар мектеп-бақшасының мұғалімі:              

— Әдетте 8 наурыз сияқты айтулы мейрамдарда анама, апа-қарындастарыма, әйеліме гүл сыйлауға тырысамын. Әрине, мен үшін гүлдің төресі — раушан. Бірақ дүкенде ол болмай қалса, көрнекті дегенін ала беремін. Кейбіреулер сияқты бұл жағынан тым талапшыл емеспін. Бастысы — ниет.

Соңғы рет қарындасым Перизатқа ұзатылу тойында бір құшақ гүлді ұсынғаным бар. Ондағы ойым — алдағы өмірі гүлдей көркем болсын. Әрі бұл да кез келген адамға қуанышты көңіл күй сыйлайды ғой.

Барша әйелдер қауымын келіп жеткен көктемнің ең әдемі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Олардың әрқашан дені сау, бақытының баянды болып, арамызда жадырап-жайнап жүруіне тілектеспін. Лайым, бір-бірімізбен сүйінші сұрайтын сәттеріміз көп болсын!

Данияр ІЗБАСАРОВ,

Ақтөбе ферроқорытпа зауытының қызметкері:  

— Соңғы рет гүлді болашақ әйеліме сөз салған күні, яғни өткен жылдың 9 тамызында сыйладым. Оның үстіне, дәл сол күн — бүгінде келіншегім болып отырған Айсұлудың туған күні еді. Қос қуаныш тоғысқан күнде оған өзінің сүйікті раушан гүлінің 51 данасын тарту еткенмін. Ондағы ұмытылмас сәтті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Үйленгенімізге үш ай енді толады. Сондықтан алдағы уақытта әлі талай гүлді сыйлаймын деп ойлаймын.

Табиғаттың әсем көріністерін паш ететін көктем мерекесімен қыз-келіншектерді құттықтай отырып, оларға барлық жақсылықты тілегім келеді.

Ринат САҒЫНДЫҚОВ,

Каратэ-додан бірнеше дүркін Азия чемпионы:

— Қаңтар айында анамның туған күніне гүл сыйлағанмын. Мамамның есімі — Ғалия. Өз басым, қай кезде болсын, раушан гүлін табыс еткенді тәуір көремін. Ал санына келсек, тақ саны болуы керек деген ежелгі дәстүрді ұстанамын. Мен ғана емес, көпшілігі сөйтеді ғой деп ойлаймын. Жалпы, өзіме жақын адамдарым жаңа жасқа толғанда оларды елеп-ескеріп, әлгіндей құрмет көрсетуге дағдыланғанмын.

Мереке иелеріне ең алдымен мықты денсаулық тілеймін. Бірінші байлық болса, қалғанының бәрі өзі-ақ реттеледі.

Мират ЕСЕТОВ,

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның әншісі:

— 11 қыркүйек күні Базаргүл апама 15 тал раушан гүлін сыйға бергенмін. Өйткені бұл күні оның туған күні болған. Соны есімде сақтап қалғаным сондықтан. Содан бері әзірге ешкімге гүл ұсынбаппын…

Шыны керек, гүлді кез келген адамға сыйлай бермеймін. Жаныма жақын жанға, онда да ерекше себеп болған кезде ғана гүлдер дүкеніне қарай асығамын… Сосын кейбіреулер сияқты гүлдің түсі мен санынан, оның мән-мағынасынан анау айтқандай хабарым жоқ екен. Есесіне, ең алғаш гүл сыйлаған сәтім ешқашан есімнен кетпейді (күліп). Астанадағы университеттің I курсында оқып жүргенде, сонау 2006 жылы жүрегім лүпілдеп, ұнатқан қызыма қалай гүл сыйлағаным әлі күнге көз алдымда тұр.

Қымбатты ханымдар, сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтап, сәттілік әрдайым серіктеріңіз болсын демекпін. Алғыс пен жылы сөздерге бөленіп жүре беріңіздер. Мерекелік көңіл күйлеріңіз ұзағынан сүйіндірсін!

Мейрамбек ШАЙМЕРДЕН,

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың актеры:

— Театрымызда «Ревизор» спектаклінің премьерасы өткен соң, 11 қаңтарда болуы керек, көрермендер сыйлаған гүлді келіншегіме апарып бергенмін. Әлия мәз боп қалды. Бұл ретте әйелімнің сүйікті гүлі — лилияны үш айда бір рет сыйлап тұруға тырысамын. Ең бірінші кезекте өзің сүйген адамға көңіл бөлу маңызды деген ойдамын. Ал сыйлықтың қандай екені, саны мен түрі кейінгі орындарда ғой.

Қазақтың аруларын, аналарын 8 наурызымен құттықтаймын. Олардың ана деген атқа әрқашан лайықты болуына тілектеспін.

Айбек ТАСҚАЛИЕВ.

 

 

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*