Басты бет » Мереке » Ақтөбе қаласының әкімі құттықтады

Ақтөбе қаласының әкімі құттықтады

Қалалық Мәдениет үйінде Халықаралық әйелдер күніне орай «Аяулылар. Асыл жандар. Ардақтылар» атты салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шараға Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері, көпбалалы аналар, қалалық мәслихат депутаттары мен әртүрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер шақырылды.

Алдымен жиналғандар қалалық Мәдениет үйі өнер ұжымдарының, сондай-ақ, мектеп оқушылары мен балабақшалар тәрбиеленушілері — сүйкімді бүлдіршіндердің күшімен әзірленген концерттік бағдарламаны тамашалады.

Бұдан соң қала әкімі Ілияс Испанов сөз алып, жиналғандарды Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады:

— Аяулы аналарымыз бен ару қыздарымыз бүгінде барлық кәсіпті меңгеріп, барлық салада жемісті еңбек етіп, қаламыздың, еліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосып жүр. Отбасында — береке-бірлік ұйытқысы, еңбекте өз ісінің нағыз жанашыры болып жүрген ардақты аналарға, қыз-келіншектерге риясыз шаттық күлкі мен бақыт тілеймін, — деді қала басшысы.

Құттықтау сөзден кейін ол көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар — алтын және күміс алқалар табыстады. М.Кәрімова, Д.Нұрғалиева және С.Оңғарбаевалар «Алтын алқа» иегері атанса, тағы да 9 анаға «Күміс алқа» табыс етілді.

Шара соңында залдағы барлық әйел-аналар мен ару қыздарға көктем жаршысы — қызғалдақ гүлдері және мерекелік сыйлықтар тапсырылды.

 

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*