Басты бет » Мереке » Ғасырдан асқан әжелерді қуантты

Ғасырдан асқан әжелерді қуантты

Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында «Нұр Отан» партиясы ұйымдастырған «Ел аналары» атты шара біздің облысымызда да жалғасып, жасы жүзден асқан 11 қария құттықталды.

Ақтөбе қаласында тұратын Жақыбай Бисенғалиева қазір 103 жаста. Ол  Хромтау ауданының Қызылсу ауылында дүниеге келген. Хат танырлық қана сауаты бар, қиын кезде  оқуын жалғастыра алмаған. Қарт ана отызыншы жылдардағы қазақ ауылына қоныс аударушылардың оқиғасын есіне жақсы сақтаған. Солардың келуімен  жергілікті тұрғындардың  жер жыртып, көкөніс еге бастағанын айтады.

— Соғыс басталғанда күйеуім Ғабит төркініме қайта оралып, өзі майданнан келгенше ата-анамның жанында болғанымды қалады. Бірақ бұл ұсынысқа келісімімді бермедім. Себебі, ұзатылған қыз ауылына қайта бару ұят болып саналатын, — дейді өткенді еске алып  Жақыбай әже.

Көп ұзамай ауылдың жағдайы нашарлап, бәрі майдан үшін еңбек етеді. Жақыбай әже де сол кезде трактордың рөліне отырды. Қыс айларында малға шөп тасиды. Өткен күндерін еске алған қария қуаңшылық жылдары өзен жағасындағы қамысты орып, оны тұздап, малға азық қылғандарын айтады.

— Мен сауыншы болып та еңбек еттім. Күніне 30 сиыр сауатын едім. Біздің үш баламыз болды. Қазір біреуі жанымда. Өзімді немерем бағып отыр. Мен дүнияға, жақсы өмірге, байлыққа қызыққан емеспін. «Еңбектің наны тәтті» деген қағиданы ұстанып, заманның ағымымен жұмыс істедім. Біз секілді жандардың тілегі — елдің амандығы, бірлігі, тыныштығы, — дейді ғасырдан асқан әже.

«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы 104 жастағы  Анна Гецконы да құттықтады. Қария ұзақ жылдар бойы поштада еңбек еткен.

Сол сияқты 1909 жылы Батыс Қазақстанда дүниеге келген Бақыт Абигова біраз жыл Башқұртстанда тұрған. Арада ондаған жыл өткен соң туған жерге қайта оралып, мал бағады. Жолдасы Құспан Әбигов екеуі бақытты ғұмыр кешеді. Көпбалалы ана бүгінде үбірлі-шүбірлі.

Әжелер мереке алдында құшақ-құшақ гүл ұстатқан «Нұр Отан» партиясының мүшелеріне ақ батасын берді.

 А.ҚАЗЕКЕНОВ.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*