Басты бет » Мереке » Сарбаздар аналарына хат жазды

Сарбаздар аналарына хат жазды

Көктемнің шуақты мерекесі қарсаңында Ақтөбе қаласындағы №66/55 әскери бөлімінде «Анаға хат» акциясы өтті. Сарбаздар аналарына деген сағыныш-тілектері мен құттықтауларын ақ параққа түсірді. Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен өткен шараға жүзден астам сарбаз қатысты.

Акция барысында құттықтау хаттарды рәсімдеу және уақтылы әрі көрсетілген мекенжайға жолдау үшін бірқатар «Қазпошта» акционерлік қоғамының қызметкерлері де атсалысты.

Анасына хат жолдаған сарбаздардың бірі — 20 жастағы Бақтияр Садыров. Он айдан бері Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаз Алматы облысының Жаркент қаласынан келген.

— 8 наурыз мерекесі қарсаңында аяулы әжем мен анама, апама хат жазып жатырмын. Жалпы, әр сенбі сайын жақындарымызға хат жазып тұрамыз. Бүгінде әскери өмірге әдбен шыңдалдым десем болады. Алғаш келген кезде қиын болды. Бірақ оған да үйреніп кетесің. Ақылмен, шынайы ниетпен талпынсаң, қандай қиындық болса да, сүрінбей өтіп кетесің.

Әскер жігітке ата-ананың, уақыттың қадірін түсінуге үйретеді. Жалпы, әскерде жүргенде әрбір затты бағалауды үйренесің.

Отбасымнан да жиі хаттар келіп тұрады. Хаттарды оқып отырып, қуанышқа бөленесің.  

Біздің әскери бөлімде мерекелік концерттер, спорттық жарыстар өтіп тұрады. Жауынгерлер арасында өнерлі жігіттер көп. Түрлі сайыстар да ұйымдастырылады, — дейді ол.

«Мұндай шаралар адамдарды мейірімді болуға үндеп, жүрекке жылу сыйлайды», — дейді ұйымдастырушылар. Айта кетейік, аталған акция бұған дейін қаламыздағы жоғары оқу орындарында да ұйымдастырылған болатын.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*