Басты бет » Мереке » Әріптес туралы сөз

Әріптес туралы сөз

Журналист Зәуреш Басығараеваны біздің оқырмандарымызға таныстырып жату артық болар: 90-жылдардың соңында «Ақтөбе» газетінде еңбек еткен ол «Құлбазарда қажып жүр, талай қазақ баласы», «Елім деп келіп…», «Сарғайған жапырақтар», «Туризм тұралап тұр», «Сәбидің көз жасы» және басқа да көптеген ойлы мақалаларымен көпшілік жүрегін жаулаған еді…

Баспасөзге де кездейсоқ келіп, ұзақ жылдар бойы аты-жөні басылым соңындағы тілшілер тізімінде «тапжылмай» тұрса да, бірде-бір дүниесімен жұрт есінде қалмайтын жандар болады. Ал біздің газетімізде айналасы 4-5 жыл ғана еңбек еткен Зәурешті байырғы оқырмандарымыз әлі де «журналист Зәуреш» ретінде таниды, іздейді, керек десеңіз, сонау жылдарда жазған мақалаларын нақ кеше оқығандай талдап, тамсанып айтып та жатады. Ол газеттің «Отбасы», қыз-келіншектерге арналған «Көзімнің қарасы», «Денсаулық» беттерін тұрақты жүргізіп, сондай-ақ, әлеуметтік сипаттағы өзекті мәселелерге қалам тербеп қана қоймай, өз кейіпкерлерінің, яғни нақты адамдардың тағдырына үлкен жауапкершілікпен, жанашырлықпен араласты. Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашыраған қандастарымыздың бір бөлігі атажұртқа көш басын енді бұрған тұсында, Иран мемлекетінен келіп, өңірімізге қоныстанған оралмандар өмірі туралы үлкен мақала жазды. Іскер әйелдер қауымдастығының облыстық филиалы, басқа да қоғамдық ұйымдарды игілікті іске жұмылдырып, оралмандарды азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз етуге ұйытқы болды. Бұл қамқорлықты кейін «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы Ақтөбе мұнай құбырлары басқармасына қызметке ауысқанда да жалғастырды. Әлі күнге дейін сол кейіпкерлерінің хабарын біліп, жаңа өмірге бейімделіп, өз кәсіптерін жолға қойып, атамекендегі қалың жұртқа сіңісіп кеткендеріне қуанып отырады…

Зәуреш өнерге жақын отбасында туып-өскен. Әкесі Бақыт Басығараев — ауылда қарапайым жұмысшы болып еңбек ете жүріп, өмір бойы домбыраны серік еткен, Қазанғап мұрасының бүгінгі ұрпаққа жетуіне зор үлес қосқан жан. Сондай адамның перзенті болғандықтан, өнерден құралақан өспепті…

Сегізінші сыныптан кейін, Ақтөбедегі педагогикалық училищеге түскен. Училищеде домбырадан дәріс беретін ұстазы Ысқақ Райымбергенов бір жолы оның класта үй тапсырмасынан бөлек, басқа күй шертіп отырғанын көріп:

— Қандай күй тартып отырсың, бала? — деп сұрайды.

— Қазанғаптың күйі…

— Оны қайдан үйреніп жүрсің?

— Әкемнен…

Ұстазы ойланып отырып: «Ендеше, әкеңді осында шақырт. Менің консерваторияда оқитын балам Әбдулхамит Қазанғап мұрасын зерттеп жүр еді, сонымен кездестірейік», — деді. Осылайша, Әбдулхамит Райымбергенов әкесі Бақыттың орындауындағы күйлерді нотаға түсіріп, кейін «Ақжелең» атты кітапқа шығарды.

— Әкем күйді тартар алдында, оның тарихын ғана емес, міндетті түрде сол күйді кімнен, қашан үйренгенін, тарихын кімнен естігенін де баяндап беруші еді. Қазіргі күйшілерге осы қасиет жетпей жатады, — дейді Зәуреш.

Педагогикалық училищені бітіргеннен кейін, ол мектепте еңбек ете жүріп, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетіне сырттай оқуға түсті. Университеттегі ұстаздары күнделікті сабақтағы лекцияларымен ғана емес, өмірлік ұстанымдарының қалыптасуына да әсер еткен тұлғалар ретінде есте қалды. Мысалы, ұстазы Темірбек Қожакеевтің: «Қоғамның әрбір мүшесі жалтақ, жағымпаз, күнбағар болмай, асқан-тасқан басшылардың теріс іс-әрекетіне тойтарыс беруге жарамды, бетті, ел тағдыры, адам тағдыры шешіліп жатқанда шындық, дұрыстық қасынан табылуға өзін дағдыландырып тәрбиелеуі тиіс» — деген сөзін қойын дәптеріне жазып алыпты. Осындай жақсы ой-пікірлерге жиі оралу арқылы өзіне биік талап қойып үйренген.

Бүгінде Зәуреш «ҚазТрансОйл» АҚ Батыс филиалы Ақтөбе мұнай құбырлары басқармасында аудармашы болып еңбек етеді. Мұнда да күнделікті жұмысынан бөлек, тіл жанашыры ретінде көптеген шараларды ұйымдастыруға ұйытқы болып келеді. Ол — үш бала тәрбиелеп өсірген ана. Мектепті «Алтын белгімен», ал жоғары оқу орындарын үздік дипломдармен бітіріп, әр салада жемісті еңбек етіп жүрген балалары — әрдайым мақтаныш етуге лайық перзенттер.

Басқа салаға қызметке ауысса да, Зәуреш қолынан қаламын тастаған емес. Оның қоғамдағы, қала өміріндегі түрлі мәселелерге орай жазылған мақалалары, новеллалары мен әзіл әңгімелері басылымдарда тұрақты жарық көріп тұрады. Басқа қызметте де өз сапымызда жүрген әріптесіміз Зәуреш бүгінде 55 жасқа толып отыр. Біз оны әдемі жасымен құттықтап, «Қашанда осы биігіңнен керейік!» деген тілегімізді жеткізгіміз келеді.

Р.S. «Ақтөбе» газетінде ұзақ жылдар еңбек етіп, бүгінде мұнай саласында тер төгіп жүрген Зәуреш Басығараева жақында мерейлі  жасқа толды. Осыған орай, мереке қарсаңында ол редакцияға келіп, әріптестерімен жүздесті.  «Ақтөбе Медиа» ЖШС  директоры, Қазақстан Журналистер одағы облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин оны құттықтап, жақсы тілегін айтты, алда да шығармашылық табыстар тіледі.

Индира ӨТЕМІС.

 

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*